Ағылшын біріншілігі қыза бастаған шақта Хуан Мата «Манчестерге» келіп қосылды. Тим Шервудт "Тоттенхэмнің" бас тізгінін қолына алғалы ойын жүйесін бір реттестіре алмай келеді. «Ливерпуль» Старридж бен Суарестің жұбына қарамастан, төрттікке ілінуді басты мақсат тұтуда. «Арсеналдың» соңғы кездері аяқ алысы ауырлай бастаған сыңайлы. Көпшіліктің көкейінде бір ғана сұрақ: осы маусымда кім топ жарады?
Ерте көктемде ішкі біріншіліктен бөлек, Чемпиондар Лигасы да басталады. Азулы «Ман Сити», "Манчестер", «Челси», «Арсенал» ұжымдары сол уақытта кәрі құрлықтың ең ірі додасына аттанады. Әсіресе, көпшіліктің назары күні бұрын «Ман Ситиге» аууда. Мануэль Пеллегринидің шәкірттері «блаугаранамен» кездеседі. Венгердің қол астындағы нөкерлер жеңістің командасына айналған «неміс машинасымен» жолығады. Мұның бәрін айтып отырған себебіміз, осы уақыт аралығында АПЛ-де кімнің жеңіске жететіні анықтала бастауы мүмкін. «Ман Сити» алда-жалда «Барселонадан» жеңіліп жатар болса, онда "қалалықтар" ішкі біріншілікті мықтап қолға алары анық. Дегенмен, Пеллегринидің шәкірттерін тоқтату қиын шаруа болып тұр...
«Манчестер Сити»
Соңғы уақыттарда бұл ұжым қарсыластардың бетін қаратпай келеді. Бұл маусымда олар 16 жеңіс, 2 мәрте тең есеп, 4 ретте жеңіліс тапқан екен. Премьер-Лигада осы уақытқа дейін бар-жоғы 63 доп соғып үлгерген. Бір айта кетерлік жайт, "қалалықтар" өз үйлерінде үнемі жеңіске жетіп тұрыпты. Мануэль Пеллегрини команда әбден мұқтаж болған еркіндікті тауып берген сыңайлы.
«Манчестер Сити» чемпион болады:
«Манчестер Сити» біріншіліктегі ең мықты құрамға ие команда. Әр бөлікке, ең аз дегенде, екі жақсы ойыншыдан келеді. Бұл дегеніміз, «Ситиге» жарақат қаупі төнбейді деген сөз. Соғылған доп айырмашылығы да үлкен рөл атқаратыны тағы бар. «Сити» соңғы ойындарда жеңіске бастар тура жолдан жаңылмай, соғылған гол үстіне соға беруге тырысуда. Серхио Агуэро, Альваро Негредо, Яя Туре және Эдин Джеко - осы төртеуі қырықтан аса гол соққан.
Хесус Навас, Давид Сильва, Пабло Сабалета, Серхио Агуэро - барлығы бірге отызға жуық нәтижелі пас беріп үлгерген. Мұның өзі, өз кезегінде, үлкен көрсеткіш.
«Манчестер Сити» чемпион болмайды:
«Манчестер Ситидің» қорғанысы кейде алаңдаушылық тудыратыны рас. Маусым басында «Сити» «Кардифф» пен «Астон Вилла» секілді командаларға қонаққа барып, әр жолғы ойында қақпасына үш доптан енгізіп тұрған. Венсан Компани «Сити» сапында тұрақты ойын өрнегімен көзге түссе, Лескот, Настасич пен Демикелистің ойындары күдік аралас, Мануэль Пеллегрини күткен межеден көріне алмай келеді.
«Ситидің» сырт алаңдағы ойындары сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Бұл маусымдағы төрт жеңіліс те қонаққа барғанда орын алған болып шықты. Дегенмен, соңғы ойындарда "қалалықтар" тұрақты ойын өрнегін көрсетіп жүр. Десе де, жоғарыда айтып кеткендей, қайталануы мүмкін. Себебі, «Манчестер Сити» «Юнайтед», «Арсенал», «Тоттенхэм», «Ливерпуль» секілді көршілеріне қонаққа барады.
«Челси»
Жозе Моуриньюдің жаз басында «Челсиге» оралуы лондондықтарға үміт ұялатып еді. "Ақсүйектерге" чемпиондық тәж қайта оралуы мүмкін бе? Соңғы апталарда "Челси" маусым басынан іздеген өзінің жақсы ойындарын көрсетіп жүр. "Ақсүйектер" 15 ретте жеңіске жетіп, үш мәрте жеңіліске ұшыраған екен.
«Челси» чемпион болады:
Моуринью командаға жетпей келген ұжымдық ауызбіршілікті алып келді. Дәл бүгінгі таңда бүкіл команда жұмса жұдырығында, ашса алақанында тұр.
Эден Азар осы маусымда тамаша қалпына қайта оралып, "Челсидің" негізгі құрамындағы орны бөлек ойыншыға айналуда. Дәл қазіргі таңда Моурдың командасын бельгиялық ойыншысыз елестету мүмкін емес.
Сонымен бірге, "ақсүйектер" маусым басынан ең аз гол өткізіп алған команда саналады - Чехтің қақпасынан бар-жоғы 20 рет саңылау табылған.
«Челси» Моуриньюдің кезінде үлкен ойындардың барлығында жақсы өнер көрсетіп келген. Бұған дәлел ретінде "Челсидің" топ үздіктегі командалардан бір жолы ғана ұтылғанын айта кеткіміз келеді - «Эвертонға» қонаққа барғанда (1-0). «Челси» қос бірдей манчестерлік клубты да, «Ливерпульді» де үйінде жеңе алды. Стемфорд Бридж төрінде әлі «Арсенал» мен Тотенхэм» командаларына қарсы ойын күтіп тұр.
«Челси» чемпион болмайды:
Мықты қарсыластарға қарсы мығым ойын өрнегін көрсететініне қарамастан, «Челси» үнемі орта деңгейлі командаларға қарсы сәтсіз өнер көрсетіп келеді. Мысалға, лондондықтар «Ньюкасл», «Сток Сити», «Сандерленд» секілді ортаңқол командаларға ұпай беріп келген.
«Челси» да «Арсеналдың» қиындығына тап болуы мүмкін. Клуб сапында әр ойында гол соғып, көзге түсетін шабуылшы жоқ. Егер алда-жалда жартылай қорғаушылар гол соғуларын доғарса, чемпиондық тәжді иеленуде көп кедергі кездеспек.
«Арсенал»
Канонирлер осы уақытқа дейін 16 ойынды жеңіспен, 4 ойынды тең есеппен аяқтап, 3 ретте жеңіліс тауыпты. Дәл қазіргі таңда Венгердің тәлімгерлері 52 ұпаймен турнир кестесінің екінші орнында тұр.
Маусым басында Месут Озилдің келіп қосылуымен, аталған ұжымның біршама өзгеріске ұшырап (жақсы жағынан), өздерінің байырғы сенімділіктерін қайта тапқанын айта кеткіміз келеді. Арсеналдың биік тұғырдан көрінуін өз кезегінде, мықты қорғаныстың болуымен түсіндіре кетуге болар.
"Арсенал" чемпион болады:
"Арсеналдың" қорғанысы осы маусымда өзін жақсы жағынан көрсетіп келеді. Прер Мертесакер мен Лоран Косьельни өздерін жақсы қырларынан көрсетіп үлгерді. Олар алаңнан 90 минут табылғанда, "Арсенал" ешқашан жеңіліп көрмепті.
Қорғаныстан бөлек, «Арсенал» өзінің орталық алаңындағы ауызбіршілігімен де мақтана алады. Канонилердің жартылай қорғаушылары осы маусымда 29 доп соғып, Оливье Жирудың жұмысын жеңілдетіп отыр.
Канонирлер үздік сегіздікке енбейтін, орта деңгейлі командаларға қарсы жақсы көрсеткішке ие. Мұндай командаларға қарсы барлық ойында "Арсенал" міндетті түрде жеңіске жетіп отырған.
«Арсенал» чемпион бола алмайды:
Дәл қазіргі уақытта Мертесакер-Косьельни жұбы өздерінің сенімді ойындарымен көзге түсіп жүр. Бірақ егер алда-жалда екеуінің бірі жарақат алып қалар болса, "Арсеналға" қиынға соғары анық. Өйткені, Венгердің қол астында орталыққа шыға алатын бір-ақ қорғаушы бар - Томас Вермален. Сол себепті де, кез келген жарақат "Арсеналға" үлкен соққы болып тимек.
Тағы бір қиындықтың туындау себебі, Оливье Жирудің командадағы жалғыз ғана таза шабуылшы саналатындығы. Француз жарақат алып қалған жағдайда орнына Никлас Бендтнер шықпақ. Дегенмен ол лайықты орнын басуға жарамайды.
«Арсеналға» алда келе жатқан ақпан мен наурыз айлары өте маңызды, шешуші кезеңге ие. Себебі, осы екі ай уақыт ішінде "канонирлер" «Ливерпульге», «Манчестер Юнайтедке», «Тоттенхэмге», «Челсиге» және де «Манчестер Ситиге» қарсы ойын өткізеді. Арсен Венгерді үлкен сын күтіп тұр.
Автор: Әкежан Дәкен
сурет: xn--80akamahoj3aicjeq3c.xn;