Бүгін бокстан әлем чемпионатында 69 келіде спортшылар жарыс жолына шығады. "Қазақтың салмағы" атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов өнер көрсетеді.
22 жастағы боксшымыз ерлер құрамасына қосылмай тұрып халықаралық деңгейдегі ең биік шыңдардың бәрін бағындырған. Ал екі жыл бұрын әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Енді, міне, қоласын алтынға алмастыру үшін Ресей жеріне аяқ басты. Абылайхан 16 қыркүйек күні жарыс жолына шығады.
Жеребе бойынша төртінші нөмір алған отандасымыз іріктеу айналымын екінші кезеңнен бастайды. Қарсыласы таиландтық Вуттич Масука мен беларусь Евгений Долголев жұбырының жеңімпазы болады. Таи елінің өкілі 2015 жылғы әлем чемпионатында қола алса, екіншісі өз елінің чемпионы. Беларусь елінде өткен 2019 жылғы Еуропа чемпионатында сегізінші болды. Бұған дейін 64 келіде өнер көрсеткен.
Абылайханның жолында мықты деген екі боксшыны атап өтуге болады. Олар: ресейлік Андрей Замковой және кубалық Рониэль Иглесиас Сотолонго. Екі боксшы да қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ресейлік боксшы 2009 жылы әлем чемпионатының жартылай финалында Серік Сәпиевпен жұдырықтасқан. Дегенмен 2012 жылы Серік Сәпиев үш жыл бұрын кеткен есесін қайтарды.
Сотолонго – Лондон Олимпиадасының чемпионы. Миланда өткен әлем чемпионатында да қарсылас шақ келтірмеді. Бірақ бұл жетістіктің бәріне кубалық боксшы 64 келіде жүргенде жеткен. Абылайхан Олимпиада чемпионымен жартылай финалда кездесуі мүмкін.
Бұдан бөлек Абылайхан Жүсіпов британиялық Пэт МакКормакпен қолғап түйістіруі ықтимал. Екі боксшы 2016 жылғы Олимпиада ойындарында кездескен. Ол кезде 64 келіде жұдырықтасқан боксшылар жарысты ерте аяқтаған. МакКормак бірінші айналымда Абылайханды жеңгенімен, екінші жекпе-жегінде жеңіліс тапты.
Қазақ пен ағылшын боксшыларының жолы 2017 жылы түйісуі мүмкін болған. Алайда екеуі де өзбек боксшысы Шахрам Гиясовқа есе жіберді. Бұл болы Абылайхан мен МакКормак тек финалда жолығуы мүмкін. Дегенмен алтыннан Өзбекстан өкілі Бобо-Усмо Батуров үмітті. Азия чемпионы Абылайханның басты қарсыластарының бірі.
Одан бөлек жапон боксшысы Квинси Менса Оказава мен әзербайжан Лоренсо Сотомайерді де елемеуге болмайды. Екеуі де өз құрлығында жүлде алған. Бір сөзбен айтқанда, Абылайхан Жүсіповтің жүлде алу жолындағы қарсыластары қарымды болмақ. Жеребе алғашқы жекпе-жегінде-ақ мықты қарсыластармен жолдас қылды.
2013 жылдан бері қазақстандық боксшы әлем чемпионатында 69 келіде алтын алмаған. Соңғы рет бұл салмақта Данияр Елеусінов чемпионы болған еді. Одан кейін қазақстандық боксшылар екі біріншілікте тек жүлдегерлер қатарынан көрінді. Дегенмен "қазақтың салмағы" Олимпиадада алтын әкеліп жүр.
Айта кетейік, жарыстың екінші күні қазақстандық боксшылардың ішінен бірінші болып Бекзат Нұрдәулетов шаршы алаңға көтерілген болатын. 81 келіде жұдырықтасқан Бекзат Нұрдәулетов Оңтүстік Корея құрамасының өкілі Инжи Хонға қарсылас атанған. Бірінші раундтан басымдық танытқан қазақстандық боксшының қарсыласына қарағанда соққылары дөп тиді. Соңғы раундта Безат Нұрдәулетовтің бірнеше дәл соққысынан кейін кәріс боксшысы нокдаунға түсті. Үш раундтың нәтижесі бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Енді ол келесі айналымды венесуэлалық Корбай Бареррамен кездеседі.
Ал күні кеше 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Зәкір Сафиуллин әзербайжандық Бахтияр Газибаев қолғап түйістірді. Бірінші раундта боксшылар бір-бірін аңдып, көп шабуылдай қойған жоқ. Екінші кезеңде шабуылын үдете түскен Зәкір Сафиуллин қорытынды раундта соққы жаудырып, қарсыласына қорғануға мұрша бермеді. Осылайша үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық боксшыға берді.