- Негізгі бет
- Маккала
- UFC 249 турнирі...
UFC 249 турнирі қайда өтеді? Хабибтің орнына кім шығады?
Ultimate Fighting Championship (UFC) 18 сәуір күні жанкүйерлер асыға күткен кезекті турнирін өткізуі тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясы бұл жарыстың ұйымдастырылуына айтарлықтай зиянын тигізді. Сонда да жарыс өтеді деп күтілуде.
UFC 249 турнирінің басты жекпе-жегінде америкалық Тони Фергюсон мен ресейлік Хабиб Нурмагомедов шайқасатын болған. Бірақ екі спортшы тағы да сегізбұрышта кездеспейтін болды. Тағы да дейтін себебіміз, Тони мен Хабиб осыған дейін төрт рет жекпе-жекке шықпақ болған...
Тони Фергюсон мен Хабиб Нурмагомедов алғаш рет 2015 жылы шайқаспақ болды. Ол кезде ресейлік спортшы жарақат алып, жекпе-жек өтпеді. Араға 1 жыл сала өтуі керек болған шайқас тағы кейінге шегерілді. Бұл жолы америкалық спортшы жарақат алып қалғаны айтылды.
UFC 2017 жылы тағы да бұл жекпе-жекті ұйымдастыруды қолға алды. Хабиб Нурмагомедов салмақ қуып үлгермей, тағы өтпей қалды.
2018 жылы екі спортшы UFC чемпиондығы үшін жекпе-жекке шығуы керек болған. Бұл жолы Тони Фергюсон аяғын жарақаттап алды. Оның орнына Макс Холлоуэй шықпақ болған. Ол да жарақат алып, ақырында Хабиб Эл Яквинтамен шайқасты.
Бұл жолы не кедергі?
Getty Images
Екі спортшы арасындағы жекпе-жектің бұл жолы өтпеуіне коронавирус пандемиясы кедергі. Бірақ инфекцияға қарамай, UFC президенті Дана Уайт жарыстың өтетінін ресми түрде хабарлады.
Жарыс өткенмен, жекпе-жекке шығудан Хабиб Нурмагомедов бас тартты. Жеңіл салмақта чемпиондық атаққа ие ресейлік спортшы Instagram желісінде карантин ережесін сақтайтынын, басын қатерге тікпейтіні жайлы ашып жазды.
- Мен үйде карантинде жатып, жекпе-жектің айналасындағы жағдайға адамдардың реакциясы қандай болып жатқанын оқып отырмын. Сонда бүкіл әлем карантинде отыр, барлық елдің үкіметі мен әлемдегі танымал жандар адамдарды құтқару үшін, аурудың таралуын шектеу үшін қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады, ал Хабиб болса міндеттен босатылып, ерік-жігерін елге көрсете отырып, жекпе-жек үшін әлемді аралап, басын қатерге тігуі керек пе?
Мен бәрін түсінемін, кездесудің болмайтынына сіздерден артық өкініп отырмын. Басқалардың да менің жекпе-жегімнен кейін өз жоспарлары болған шығар. Бірақ мұның бәрін реттеп отыру менің қолымнан келмейді.
Дәл қазір үлкен державалар мен ірі компаниялар болып жатқан оқиғалардан шошып отыр, жағдай күн сайын болжаусыз өзгеріп отырады, бірақ Хабиб жекпе-жек өткізуі тиіс, солай ма?
Өздеріңізге қамқор болыңыздар және өздеріңізді менің орныма қойып көріңіздер, - деп жазды спортшы.
Тони Фергюсон Хабибті жазғырды. Жазғырды дегені бері... Құйрығын бұтына қысып қашқан итке теңеді. Конорды да қағытып, ит құрлы да жоқсыңдар деп тағы қосты.
UFC президенті Дана Уайт болса Хабибтің жекпе-жекке шықпайтыны жайлы білгенін айтып, Тони Фергюсонға қарсылас іздей бастады. Оны тапты да.
Ол кім?
Getty Images
Дана Уайт хабарлағандай, UFC 249 турнирі өтеді. (Қайда өтетіні жайлы сәл кейінірек). Басты жекпе-жекте Тони Фергюсон мен Джастин Гэтжи шайқасады. Жеңіл салмақта UFC уақытша чемпиондық атағы бәске тігіледі.
Егер Тони мен Хабиб жекпе-жегі өтпей қалса, бірінің орнына Джастин шығатынын Дана Уайт жоспарлап-ақ қойғандай. Себебі төрт рет өтпей қалғаннан аузы күйсе керек.
Джастин Гэтжи жеңіл салмақтағы рейтингте (2019 жыл желтоқсандағы) 4-орында тұр. Кәсіби мансабын 2011 жылы бастаған. 23 жекпе-жек өткізіп, 21-де жеңіске жеткен. Эдди Альварес және Дастин Порьеден жеңілген.
Америкалық спортшы жекпе-жек кештерінің көрігін қыздыра біледі. Үздік нокауттары мен жекпе-жектері үшін талай рет қосымша сыйақы алған. Еркін күрес шебері.
UFC 249 турнирі қайда өтеді?
Ұйым басшысы бұл турнирді өткізу үшін барын салуда. Соңғы ақпараттар бойынша, жарыс жекеменшік аралда өтуі мүмкін. Жекпе-жекке шығатын спортшылар мен олардың командалары коронавирусты анықтайтын медициналық сараптама тапсырады.
- Бір-екі күннен кейін жекеменшік аралды жалға аламын. Қазір онда турнирді өткізу үшін керек-жарақтарды түгендеудеміз. АҚШ-қа өзге елдің спортшыларын шақыра алмағандықтан, онда халықаралық жекпе-жектерді ұйымдастыра аламын. Турнирлер жанкүйерсіз өтеді. Спортшылардың барлығы коронавирусқа қатысты тест тапсырады, - дейді Дана Уайт.
UFC президенті кейінгі жарыстарды да жекеменшік аралда өткізуді жоспарлап отыр. Тіпті апта сайын. Бұл жоспары қалай жүзеге асарын уақыт көрсетер. UFC 249 турнирі де жақындап қалды. Қазақстандағы уақытпен 19 сәуір күні өтуі тиіс. Қазір басты жекпе-жектен өзге кездесулер де анықталып үлгерген.
Айтпақшы, жарысты өткізуге Беларусь елі де ұсыныс айтып көрген. Коронавирус болса да бұл елде әзірге кей жарыстар өтіп жатыр. Дана Уайт бұл ұсынысқа қалай қарар екен?
Н. Үсенова