UCI рейтингі. «Астана» велокомандасы бес сатыға жоғарылады

Қазақстандық «Астана» велокомандасы халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) жаңартылған рейтингінде 11-орыннан 6-орынға бір-ақ секірді.

Жаңартылған тізім бойынша, командалық есепте көш басында әлі де болса, британдық «Sky Procycling» командасы келеді. Бұл команданың қоржынында 865 ұпай. Екінші орында 681 ұпайы бар ресейлік «Катюша» командасы болса, үшінші орында осы айдың ішінде 602 ұпай жинаған испандық «Movistar» командасы тұр. Ал қазақстандық «Астана» велокомандасы 473 ұпаймен алтыншы орынға жайғасқан.

Жекелей рейтингте "Джиро д'Италия" көпкүндігінің жеңімпазы атанған «Астана» командасының капитаны Винченцо Нибали 20-орыннан 2-орынға көтерілді. Енді италиялық спортшы көш басында келе жатқан «RadioShack-Leopard» командасының швейцариялық шабандозы Фабиан Канчеллареге 29 ұпай ұтылуда. Ал үздік үштікті «Cannondale Pro Cycling Team» командасының капитаны Петер Саган қорытындылып тұр.

Ұлттық құрамалар тізімінде бірінші орынға Колумбия құрамасы шықты. Бұл ұжымның қоржынында 766 балл бар. Екінші орында 720 ұпаймен италиялықтар. Үшінші орында 707 ұпай жинаған Испания құрамасы. Бұл айда небәрі 4 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы тізімнің 29-сатысында орналасқан.

Айта кетейік, халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) жаңартылған рейтингі "Джиро д'Италия" көпкүндігі аяқталған соң жасалған.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz