Europa league. Ешкім барғысы келмеген финал

Бүгін түнде футболдан Еуропа лигасының финалдық ойыны өтеді. Жанкүйерлер Әзербайжан елінің астанасы Бакуде лондондық дербидің текетіресін көретін болады. Arsenal vs Chelsea!!!

Қай клуб ұтса да, кубок Лондонға барады. Тіпті Чемпиондар лигасының кубогы да осы қала клубына бұйырып қалуы мүмкін. Себебі биыл еурокубоктың финалына Лондонның үш бірдей командасы шықты. Үшіншісі, ол - "Тоттенхэм". Бір қызығы, бұл клуб та финалда ағылшындық командамен ("Ливерпуль") кездеседі. Жә, бүгінгі айтпағымыз Чемпиондар лигасы емес, Еуропа лигасының финалы жайлы...

2018/2019 жылғы Еуропа лигасының финалы Бакуде өтетіні бірер жыл бұрын-ақ белгілі болған. Ол кезде ешкім қарсылық таныта қоймаған. Себебі бұл қалада ірі жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылып-ақ келеді. Даудың басы финалға "Челси" мен "Арсенал" шыққанда басталды...

Билеттер сатылмады

Алдымен финал билеттері жайлы. 70 мың жанкүйер сыятын Олимпиадалық стадионға екі команданың жанкүйерлері аз шақырылды. Оған себеп - елдің астанасы көп туристерді күтіп алуға дайын емес. Баку әуежайы 15 мың адамды күтіп алуға шақталған. Екі командаға 6 мыңнан жанкүйер келсе, қалған 3 мыңы өзге қонақтар, елге келетін туристер деп топшылаған. Сондықтан да клуб жанкүйерлеріне аз билет бөлулеріне тура келген. Ал мұны естіген, жағдаймен таныс болған лондондық клубтың жанкүйерлері байкот жариялағысы келді. Әлеуметтік желілер арқылы #BoycotBaku хэштегімен жазбалар қалдыра бастады. Тіпті екі командаға финалдық ойынға шықпауын ұсынғандар да болды...

Лондондық командалар жанкүйерлеріне бөлінген 12 мың билеттің тең жартысын кері қайтарды. Сата алған жоқ. Мұны UEFA растады. Жанкүйерлер бұл ойынға барғысы келмеді емес, барғысы келді. Бірақ бәрі қымбат. Лондоннан Бакуға жету қиын. Арасы 4 мың шақырымнан асады. Ұшаққа билет табу тіпті азап. Тапқанның күннің өзінде дүниенің құны шықты. Көп жанкүйерлер ойлана келе шығынға батқысы келмеген. Оның үстіне тікелей ұшатын бір ғана бағыт болған. Одан өзге Әзербайжан астанасында қонақүйлердің құны да шарықтап шыға келген.

Кері қайтқан билеттер жерде қалмас. UEFA жергілікті жанкүйерлер сатып алып жатқанын хабарлап үлгерді. Бірақ 70 мың жанкүйер жиналар ма екен? Осыған дейінгі Еуропа лигасы финалында (бұрынғы УЕФА кубогы) ең көп жанкүйер жиналған ойын 1999 жылы "Парма" мен "Марсель" клубтары арасында Мәскеуде өткен. Ол ойынға 62 мың жанкүйер келген. Бакуде бұл рекорд жаңарады деп айту қиындау...

Мхитарян Бакуге бармайды

Спорт саясаттан іргесін аулақ сала ма? Жоқ, бұл тұрғыдан алғанда да қиын. "Арсенал" клубы сапында ойнайтын армян футболшысы Генрих Мхитарян финалға барудан бас тартты. Дау осы бір оқиғамен жалғасты. Оның бармауына себеп - Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы саяси оқиға. Біреу білер, біреу білмес, екі ел таулы Карабах үшін әлі күнге дейін таласып-тартысып келеді. Әр ел өз аумақтары деп есептейді.

Әзербайжан елінің сыртқы істер министрлігі футболшының Бакуге келуіне ешкім кедергі емес екенін ресми түрде хабарлады. Алайда Мхитарян отбасымен және клуб басшылығымен кеңесе келе бір шешім қабылдады. Бармайтын болды. Командаластары да футболшының шешіміне құрмет танытты.

Henrikh Mkhitaryan tells his Arsenal team-mates he won't be playing in the Europa League final - and every single one applauded. ???????????? pic.twitter.com/KYAVo3s9El

— The Sun Football ⚽ (@TheSunFootball) 21 мая 2019 г.

- Біз Мхитарянның Бакуде өтетін финалға бармайтынын хабарлаймыз. Әрине, өкінішті. Біз өз тарапымыздан Генрихтің бұл ойынға қатысу мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырдық.

УЕФА-ға аталған мәселе бойынша қатты алаңдаушылық білдіретінімізді айтып хат та жаздық. Өйткені, Генрих команданың негізгі ойыншыларының бірі. Бірақ ол отбасымен ақылдаса келе, бармайтын болды. Команда үшін керек ойыншы еді, - деп жазды "Арсенал" ресми хабарламасында.  

Клуб ойыншылары Генрих Мхитарянды қолдауға дайын. Тіпті команда ойыншылары жаттығу кезінде армян футболшысының есімі жазылған жейде киіп шығуды да ойласқан. Бірақ UEFA командаға қатаң талап қойды. Финал кезінде клуб тарапынан футболшыны қолдау мақсатында ешқандай рәсім болмау керек. Болған жағдайда ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.

- Мұндай ойындар футболшы мансабында сирек болады. Мен үшін қатыспау қиын-ақ. Командама қолдау білдіремін. Осы жүлдені алайық, - дейді Мхитарян.

Мхитарян осыған дейін де Әзербайжанға бармаған. "Арсеналдың" "Карабахқа" қарсы ойынына қатыспаған. Сондай-ақ дортмундтық "Боруссияда" ойнап жүргенде "Габаламен" өткен ойынға келмеген.

Армян футболшысы "Арсеналдағы" ең үздік сұрмерген немесе үздік пас беруші емес. Бірақ команда сапындағы үздік ойыншылардың бірі. Whoscored порталы статистикасы бойынша, Еуропа лигасындағы оның командаластары ішіндегі рейтингі төртінші орында. Тіпті Еуропа лигасының финалында ойнап, жеңіске жеткен тәжірибесі де бар. Естеріңізде болса, Мхитарян 2017 жылы "Манчестер Юнайтед" сапында жүріп, осы жарыстың жеңімпазы атанған болатын. Тіпті бұл ойыншы финалда гол да соққан.

UEFA не үшін Бакуды таңдады?

Еуропалық футбол одақтары қауымдастығы (UEFA) жарыстың танымалдылығы мен шекарасын арттырғысы келеді. Бұл - түсінікті жай. Әсіресе клубтары Еуропада атой сала алмай жүрген елдер үшін қажет-ақ. Мұндай финалдық ойындар футболдың сол елде дамуына да фактор бола алады. Бірақ Бакуды таңдарда әуежайына мән бермей қалса керек?

UEFA-ның бұл таңдауын "Ливерпуль" командасының бас жаттықтырушысы Юрген Клопп та қатаң сынға алды.

- Әрине, Мадридке бару қымбат. Бірақ бұл қала жердің бір шетінде емес. Еуропа лигасының финалын Бакуде өткізу деген - бір қызық шешім. Ондай шешім қабылдаған адамдардың таңғы асына не берді екен? Өткен жолы Чемпиондар лигасының финалы Киевте өтті. Тамаша қала.

Бакуге қалай бару керек екенін білмейді екенмін. Ол жаққа баратын тікелей рейс бар ма өзі? Мұндай шешім қабылдар алдында ойлану керек. Жауапкершілікпен қарау маңызды. Қаланы қандай артықшылығы үшін таңдауға мән беру керек. Тіпті бастапқыда қала басшылығымен қызмет құндарын келісіп қою да керек шығар. Себебі қазір ол жақта 100 фунтқа беретін қонақүйлер 2700 фунтқа бағаланып жатыр деп естідім. Бұл дегенің таза ессіздік қой, - деді жаттықтырушы Sky Sports арнасына берген сұқбатында.

Иә, алыста орналасқан қалаларда еуропалық командалар ойнағысы келмейді. Қазақстан да Еуропадан қашық жатқан мемлекеттердің бірі. Жеребе кезінде көп командалар қазақстандық клубтар қарсылас атанбаса деп тілейтіні де сондықтан.

Бакуге неге бәрінің барғысы келмегені жайлы жан-жақты айтыла кеткендей. Енді финалдық ойынға оралсақ. Жанкүйерлерді нендей қызықтар күтіп тұр?

VAR алғаш рет қолданылады

Бүгін Еуропа лигасында алғаш рет видеоқайталау, яғни төрешінің видеокөмекшісі (VAR) қолданылады. Ал Чемпиондар лигасында плей-офф кезеңінен бастап қолданыла бастаған. Мұның көмегіне жүгінген төрешілер аз болған жоқ.

Қосымша уақытта төртінші рет ойыншы алмастыруға болады

Командалар негізгі уақытта тең ойнаса, экстра-таймда тағы жаңа бір ойыншы алмастыруға мүмкіндік алады. Ал жеңімпаз атанған команда ойыншылары мен құрамындағы қызметкерлер үшін 40 медаль беріледі. Сондай-ақ Еуропа лигасын ұтқан команда келер маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне тікелей жолдама алады.

Джанлука Рокки қазылық жасайды

Финалдық кездесуге италиялық төреші Джанлука Рокки қазылық жасайды. Ол осы маусымда Чемпиондар лигасында 6 ойында төреші болды. Оның финалдық ойындарды жүргізуде тәжірибесі мол.

"Арсенал" еурокубокта топ жармаған

"Канонирлер" Еуропадағы ең беделді Чемпиондар лигасында, тіпті Еуропа лигасында жеңімпаз атанып көрмеген. Ертеректе ұтқан жүлделері бар. Бірақ қазір ол жүлделер аса беделді емес. Ал бүгін олар үшін еуродода жүлдесін алар сәт туып тұр.

"Арсенал" финалға дейін жеткен. Бірақ ұта алмады. Ал Англия премьер-лигасын 13 рет ұтқан клуб.

Эмери - Еуропа лигасының патшасы атана ма?

"Арсеналдың" бас жаттықтырушысы Унаи Эмери Еуропа лигасын 3 рет қатарынан ұтқан жаттықтырушы. 2014-2016 жылдар аралығында "Севильяны" жаттықтырғанда үздік шықты. Бірақ бұл жарысты үш рет ұтқан италиялық Джованни Трапоттони де бар. Бүгін Унаи Эмери алар болса, абсолютті рекорд орнатып, Еуропа лигасының патшасы атанары хақ.

Маурицио Сарри ашулы

"Челси" командасының бас жаттықтырушысы ірі жарыстарда командасымен жеңіске жетпеген. Бүгін ұтар болса, Еуропа лигасын ұтқан ең қартаң бапкер атанады. 60 жасына дейінгі ең зор жетістігі болмақ. Бірақ, ол бүгін ашулы. Неге?

Италиялық жаттықтырушыға ойыншылардың дайындығы ұнамайтын секілді. Финал алдындағы жаттығу кезінде Давид Луис пен Гонсало Игуаин сөзге келіп қалған. Маурицио болса ашуға булығып, өз бас киімін теуіп, алаңды тастап кете барды. Батыстық басылымдар команданың көңіл-күйін төмен деп бағалауда.

Tempers fraying in the Chelsea camp? ????

Higuain and Luiz come together in training and Maurizio Sarri is furious! pic.twitter.com/obSZ51KGGd

— Football on BT Sport (@btsportfootball) 28 мая 2019 г.

Маурицио Сарри маусым соңынан қызметінен кетуі де мүмкін.

"Арсенал" есе қайтара ма?

Екі команда өзара 200 рет ойнаған екен. 76 ойында "Арсенал" жеңіске жетсе, 63 ойында "Челси" ұтқан. Ал еурокубокта жолдары бір-ақ рет түйіскен. 2003/2004 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасында кезедскен. "Стэмфорд Бриджде" 1:1 есебімен тең ойнаса, "Хайбериде" "ақсүйектер" 3:2 есебімен жеңіске жеткен. Бұл жолы есе қайтарар ма екен?

Ойынды қайдан көруге болады?

Финал Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Қазақстандықтар тікелей эфирде QazSport арнасынан тамашалай алады.