Chase Tag – кәсіби спортқа айналған қуаласпақ ойыны

Балалық шақтағы ең танымал ойынның бірі қуаласпақ еді. Бұл ойын қазір кәсіби спорт түріне айналған. Ол шетелде Chase Tag деген атпен танымал және қуаласпақ турнирлерін World Chase Tag атты промоушн ұйымдастырады.

Ойын қалай пайда болды?

Ойынның қазіргі форматында түрлі конструкциядан тұратын алаңда бір адам қуады, бір адам қашады. Бұл идея алғаш Кристиан Диво атты Ұлыбритания тұрғынына 2011 жылы келген. Ол үйінде ұлы Орландомен қуаласпақ ойнап жүріп, ойынды түрлендіргісі келеді. Кристиан орындық, баспалдақ сияқты заттарды жинап, қуаласпақты баласымен кедергілер арқылы ойнай бастайды. Мұндай кедергілер қуаласпаққа өң берді. Кристиан мұны жеке спорт дисциплинасына айналдыруға болатынын түсініп, ағасы Дэмиен Девомен 2015 жылы Chase Tag-ты құрады. Ойынның ережесін жасап, конструкцияларды жетілдіреді.

Осылайша 2016 жылы World Chase Tag промоушны алғашқы турнирін өткізді. Ал 2017 жылы Chase Tag кәсіби дисциплинаға айналып, ағайынды Диволар паркуршылармен бірге қуаласпақтың ережесін бекітеді.

Ереже

Ереже бойынша, ойынға екі адам қатысады: қуғыншы және қашқын. Қуғыншы 20 секунд ішінде ірілі-ұсақ кедергіге толы, 12х12 метр алаңда қашқынды қуып, қолын тигізуі керек. Екі ойыншы қашқын мен қуғыншының рөлін ауыстырып отырады. Осылайша көп ұпай жинағаны жеңіске жетеді. Қуаласпақтың жеке режимінен бөлек, командалық түрі бар. Команда құрамында 5 ойыншы болады. Екі команда кезек-кезек бір ойыншыны ортаға шығарып ойнайды. Қуғыншыны өзіне жеткізбей қойған қашқын жеңілмейінше алаңда қала береді. 20 секунд бойы қуғыншыға ұсталмаса, 1 ұпай иеленеді. Жеңімпаз 16 раундта анықталады. Толық ережені мына жерден оқи аласыз.

Кристиан Дивоның айтуынша, ойынға еп пен координация керек және жарақат алып қалмайтындай дайын болу керек. Себебі ойын градусы қарсыласқа тікелей байланысты. Мұндайда жарақат алып қалу оңай.

Спорт атауының мағынасы

"Chase" қуу деп аударылады, ал "tag" таңбалау деген сөз. "Tag" кейде қуаласпақтың тура аудармасы ретінде пайдаланылады. Сонда "Chase tag" қуып жүріп таңбалау деген мағына береді.

География

Қазір Chase Tag-пен кәсіби айналысатын спортшылар Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Оңтүсітік Корея, Қытай, Үндістан,  Малайзия, Аустралия, Колумбия, Чили, АҚШ, Мексика, Канадада бар. Олардың көбі паркуршылар. Себебі ойында паркур элементтері көп және Chase Tag-те паркурдағыдай ширақ, шапшаң қимылдау керек. 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от World Chase Tag™ (@worldchasetag)9 Янв 2020 в 7:35 PST

Спортшылардың айтуынша, спорт дәл балалық шақтағы қуаласпаққа ұқсайды, бірақ мұндағы жылдамдық тым жоғары. Ойынға физикалық дайындықтан бөлек, "келесі қадамым қандай болады, қай жерде уақыт созамын, қай жерде жылдамдық қосамын" деген сияқты тактикалық дайындық керек.

Танымалдық

Chase Tag Ұлыбритания, Франция, Жапония, Германия, АҚШ-та аса танымал. World Chase Tag ұйымдастыратын турнирлерді жалпы саны 350 миллион адам қарап, ESPN, BBC, NBC, Fuji TV, NHK және Fox Sports сияқты телеарналар трансляция жасаған. Ұйымдастырушылар Chase Tag-тің мектеп оқушылары арасында танымалдығын арттырғысы келеді және болашақта қуаласпақтың биік деңгейге көтерілетініне сенеді.