Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» клубы VІ маусымдағы жаңа құрамын таныстырды. Отандық клубтың жаңа маусымдағы жекпе-жектерін «Хабар» арнасы көрсетеді.
Өткен маусымда «Astana Arlans» клубының бас бапкері қызметін Марат Жақиев атқарған болатын. Биыл тәжірибелі бапкер шәкірттерін Олимпиада ойындарына дайындау мақсатында қызметін босатыпты. VI маусымда клубта аға бапкер қызметін танымал бапкер Нұрлан Ақүрпеков атқарады. Сондай-ақ, клуб танымбелгісін өзгертіпті. Қасқыр бейнесі қалдырылып, WSB жобасында екі рет топ жаруына байланысты екі жұлдыз қосылған.
«Astana Arlans» клубы VІ маусымдағы құрамына 30 боксшы еніп отыр. Ал клубтың бас менеджері Серік Сәпиев жаңа маусымда жеңімпаз атану оңай емес екенін айта кетті.
- Бұл маусымдағы кездесулер оңай болмасы анық. Біріншіден, шешуші жекпе-жектер өзге елдерде өтеді. Топтан бірінші орынмен шықсақ, жартылай финалда өзге елде жұдырықтасатын боламыз. Финал да дәл солай. Жарыстың ауқымы кеңейіп келеді. Жартылай финалға жетуге тиіспіз. Финалға шыққан күннің өзінде жеңімпаз атану оңай емес, - деді.
«Astana Arlans» клубының жаңа құрамы:
49 келі: Мардан Берікбаев, Теміртас Жүсіпов, Жомарт Ержан;
52 келі: Олжас Сәттібаев, Азамат Исақұлов, Азат Махметов;
56 келі: Мейірболат Тоитов, Нұрбол Қалжанов, Нұрсұлтан Көшеғұлов;
60 келі: Зәкір Сафиуллин, Ержан Мұзафиров, Бекдәулет Ибрагимов;
64 келі: Самат Бәшенов, Асқат Уәлиханов, Сабыржан Бақбергенов;
69 келі: Асланбек Шымбергенов, Қанағат Маралов, Бекзат Халметов;
75 келі: Мейірім Нұрсұлтанов, Аманкүл Әбілхан, Ерік Әлжанов, Рустам Сваев;
81 келі: Әли Ахмедов, Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбек;
91 келі: Мұхамеджан Еркін, Рахман Әлжанов;
+91 келі: Нұрсұлтан Аманжолов, Қамшыбек Қоңқабаев, Нұржан Бекзатов.
Айта кетейік, биылғы маусымда «Астана арландары» «D» тобында «Baku Fires» (Әзірбайжан), «Puerto Rico Hurricanes» (Пуэрто-Рико), «Tеам Uzbekistan» (Өзбекстан) клубтарымен сынға түседі. Қазақстандық клуб топтағы алғашқы жекпе-жектерін 23 қаңтар күні Қарағандыда «Baku Fires» клубына қарсы өткізеді.