Бүгін бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» клубы жаңа маусымдағы құрамын ресми түрде таныстырғанын хабарлаған едік. Баспасөз жиыны барысында клуб басшылығы тілшілер сұрақтарына жауап берді.
Алғаш болып «Алаш Айнасы» газетінің тілшісі, белгілі спорт шолушысы Нұрғазы Сасаев клубтың алдағы маусымға қойып отырған межесі туралы сұрады. Бұл сұраққа бас бапкер Марат Жақиев жауап берді.
- Алдағы маусымға жоғары мақсат қойып отырмыз. Бастысы – осыған дейінгі деңгейден төмен түспеу. Сол үшін еңбектенетін боламыз - деді.
- Бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс, аса ауыр салмақтағы боксшылар тек өзімен деңгейлес спортшылармен ғана спаринг өткізеді. Ал қазір «Астана арландары» қатарында бір ғана ауыр салмақта өнер көрсететін Руслан Мырсатаев қалай дайындалып жатыр? Оның дайындығы жақсы өту үшін алдағы уақытта лайықты қарсыластар шақыртылады ма? - деген «Алаш Айнасы» газетінің тілшісі Уалихан Қосанбай сұрағына да бас бапкер жауап берді.
- Аса ауыр салмақтағы боксшылардың аздығы бапкерлерді де алаңдатып отыр. Негізі, бюджет бойынша бізге 30 боксшы тіркеуге болады. Бүгінде біз сол 30 боксшымен келісімшартқа отырдық. Басқа мүмкіндігіміз болмай тұр. Көш жүре келе түзеледі дейді ғой, алдағы уақытта әлі клуб қатарын жаңартатын боламыз. Дайындықтары нашар боксшыларды шығарып, олардың орнына мықтыларын шақыртып тұрамыз.
Русланның да дайындығы жақсы болу үшін аса ауыр салмақтағы Қазақстан құрамасының екінші, үшінші нөмірлі боксшыларын шақырамыз. Кейінірек Иван Дычко да келеді. Бұл салмақта Филипп Хргович те бар. Бірақ, келісімшарт бойынша ол енді өз елінде дайындалатын болады, - деп жауап берді.
- 17 қаңтар күні «Venezuela» (Венесуэла) командасына қарсы өткізетін құрам іріктеліп үлгерді ме? - деген sports.kz сайтының тілшісі Андрей Лицов сұрағына да Марат Жақиев өз жауабын берді.
- Бірінші кездесуге құрам әлі іріктелген жоқ. Жаңа жылға байланысты демалыстан кейін екінші оқу-жаттығу жиындары басталады. Сол кезде жігіттердің өнеріне қарай бапкерлер қосынымен ақылдаса құрамды жариялайтын боламыз,-деді.
Кезек келгенде біз де көкейдегі сұрағымызды қойдық. Бұл сұраққа бас директор Серік Сәпиев пен «Астана» ПКСК басшысының орынбасары Юрий Мельниченко толыққанды жауап берді.
- «Astana Arlans» клубының бірінші кездесуі Алматыда өтеді. Одан кейінгі елімізде өтетін кездесулері де Алатау бөктерінде жалғасын табады ма? Әлде өзге қалаларда да ұйымдастыру жоспарда бар ма?
- Әрине, Астана қаласында да «Astana Arlans» клубының кездесулерін өткізу жоспарда бар. Бірақ, барлығы қаржылық мәселеге байланысты. Негізінен жұдырықтасулар өтетін орынның өзі маңызды рөл атқарады. Өйткені, түсіру барысында қиындықтар тап болуы мүмкін. Телеарналардың да өзге қаладағы түсіру мүмкіндігімен санасамыз. Бұл туралы алдағы уақытта ойланып, шешім шығаратын боламыз – деді Серік Сәпиев. Бас директордың сөзін Юрий Мельниченко жалғады.
- «Astana Arlans» клубының Алматыда жанкүйерлері айтарлықтай көп екені белгілі. Клуб атын таныту әрқайсымыздың міндетіміз. Жылдан-жылға клуб жанкүйерлерінің де саны артып келеді. Бұл үшін қуаныштымыз. Алдағы уақытта Астана қаласында да клубтың кездесулерін ұйымдастыру жоспарда бар. Өйткені, команда аты елордамызбен аттас. Сондықтан да, клуб өнері арқылы жанкүйерлердің үлкен топтарын қалыптастырып, еліміздің өлкелерін әлемге танытуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта еліміздің әр өлкелерінде клуб басшылығы мен белді боксшылар қатысатын кездесулер ұйымдастыру да ойда бар, - деді.
Естеріңізге сала кетсек, «Astana Arlans» клубының жаңа маусымдағы құрамына кімдер қосылғанын, кімдер кеткенін осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Жаңа құрам қатарында ұлттық құрама боксшылары да бар. Одан өзге екі легионер өнер көрсетеді. Олар – хорват Хрвое Сеп және Филипп Хргович. Бірақ, екеуі де клуб қатарында жаттықпайды. Дайындықтарын өз елінде, өз оқу-жаттығу базасында өткізеді. Елімізге тек жекпе-жектерін өткізу үшін ғана келеді. Клубтың жаңа басшылары бұл легионерлермен осылай келісімге келген. Өткен маусымнан кейін 60%-ға дейін жаңарған клуб құрамына көбіне Тараз қаласында өткен ел чемпионатында топ жарған, жүлделі орыннан көрінген боксшылар еніп отыр.
Сурет: massaget.kz