WSB сериясында өнер көрсететін «Astana Arlans» бұл серияның үшінші маусымындағы ширек финалдық кездесуін Аргентина жерінде жергілікті «Argentina Condors» командасы қарсы өткізіп, жеңіліс тапты.
Алғашқы болып бұл клубтардың арасында рингке 54 келі салмақ дәрежесінде өткен кездесуде еліміздің намысын қорғаған Ерлік Әбдірайымов Альберто Мелианға жеңілді. Бірақ, екінші болып ринг төріне шыққан «арландардың» капитаны Самат Башенов қарсыласы Ронан Санчестен айласын асырып, есепті теңестірген болатын. Дегенмен 73 келіде Аргентина жерінде бұл маусымның нағыз сенсациясы орын алды. Осы уақытқа дейін WSB сериясында бір де бір реті жеңілмеген Сергей Деревянченко ойда жоқ жерде аргентиналық былғары қолғап шебері Карлос Брайан Кастаньоға есе жіберіп қойды. Сондай-ақ бұл күні «Astana Arlans» командасының тағы бір легионері Хрвое Септің де жолы болмады. 85 келі салмақта өнер көрсететін Сеп төрешілердің күмәнді шешімі бойынша Ямил Перальттан ұтылды.
Бүл кештегі боксқа аса ауыр салматқта жұдырықтасатын боксшылар нүкте қойды. Біздің команданың атынан шыққан румын Михай Нистор оңтүстік американдық боксшы Оскар Рикардо Перезтен айласын асырды.
Жалпы, ширек финалдың алғашқы кездесуінде қазақстандық команда аргентиналық командадан 2-3 есебімен жеңіліп қалды. Енді бұл қос ұжым арасындағы қарымта кездесу 29-наурыз күні Алматыда өтетін болады.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: vesti.kz