29 қазан күні өтетін 7 жекпе-жек

29 қазан күні өтетін 7 жекпе-жек
Фото: massaget.kz

Ертең Алматыда кәсіпқой бокс көркі қызатын болады. «Алматы Арена» шаршы алаңында 7 жекпе-жек өтеді. Бүгін боксшылар салмақ өлшеу рәсімінен өтіп, көз арбасты.

Қазақ  жанкүйерлері кәсіпқой бокс додасын асыға күтіп отырғаны рас. Шаршы алаңға шығатын жігіттерге сенім жоғары. Қазақ боксының мерейін үстем етіп, абыройын асыратынына зор үмітпен қарайды. Олай болса ертең өтетін 7 жекпе-жек пен отандастарымыздың қарсыластары туралы біле отырыңыздар.

Жұман Жұмабеков vs Владимир Иванов

Қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Ал беларусь боксшысы осыған дейін екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіліс тапқан. Салмақ өлшеу рәсімінде екі боксшы да 63 келі болып шықты. Жекпе-жек 4 раундқа жоспарланған.

Жұман Жұмабеков – тәжірибелі спортшылардың бірі. Осыған дейін ММА додаларына қатысқан. Азияның екі дүркін жеңімпазы. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері.

Айдар Шәрібаев vs Хуан «Венено» Окура

Айдар Шәрібаев бір айдан астам уақыттың ішінде екінші жекпе-жегін өткізбек. 24 қыркүйек күні отандасымыз грузиялық Заза Амирадзені бірінші раундта-ақ техникалық нокаутпен ұтқан болатын. Бұл жолы испан боксшысы Хуан Окурамен жұдырықтасады. Испандық осыған дейін кәсіпқой бокста 18 жекпе-жек өткізген. 11 кездесуінде жеңіске жетіп, 1 жекпе-жегін тең аяқтаған. Қалған кездесулерінде жеңілген.

Салмақ өлшеу рәсімінде Айдар Шәрібаев қарсыласынан 1 келіге ауыр болып шықты. Ал қарсыласының салмағы 59 келіні көрсетті. Жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған.

Али Ахмедов vs Али Маммедов

Қазақстандық боксшы Али Ахмедов 24 қыркүйек күні ғана жекпе-жек өткізген болатын. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен жарыста отандасымыз грузин Минди Нозадзені жекпе-жектің 39 секундында-ақ жеңген еді.

Али Ахмедов ертең әзірбайжан боксшысы Али Маммедовпен қолғап түйістіреді. Қарсыласы аса қауқарлы деп айтуға келмейді. Осыған дейін 12 кездесу өткізіп, 10-да жеңіске жеткен.

Алилердің жекпе-жегі 6 раундқа жоспарланған. Отандасымыздың салмағы 78 келіні, қарсыласы 77 келі болды.

Руслан Мырсатаев vs Наху Азуми

Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын Руслан Мырсатаев Қанат Исламның бокс кешінде ганалық Наху Азумимен кездеседі. Отандасымыз осыған дейін кәсіпқой бокста 2 жекпе-жек өткізіп, 2-де жеңіспен аяқтаған. Ал қарсыласы 5 кездесу өткізіп, 4-де жеңіске жеткен.

Русланның салмағы 99 келі, Наху Азумидің салмағы 103 келі болды. Бұл жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған.

Жанқош Тұраров  vs Айсак Арие

Кәсіпқой бокста қазақ елін танытып жүрген боксшылардың бірі – Жанқош Тұраров. Ол осыған дейін 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 13-ін мезгілінен бұрын аяқтаған. Қанат Ислам басты жекпе-жекке шығатын бокс кешінде Жанқош ганалық Айсак Ариемен жұдырықтасады.

Жанқоштың қарсыласы осал емес. Кәсіпқой бокста 32 кездесу өткізген. 24-де жеңіске жетіп, 8 жекпе-жегінде жеңілген. Екі боксшы арасындағы кездесу 10 раундқа жоспарланған. Салмақтары тең болып (66 келі) шықты.

Жәнібек Әлімханұлы vs Милтон Нуньес

Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізгелі отырған қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кезінде Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан Милтон Нуньеспен кездеседі. Колумбиялық боксшы қауқарлы қарсылас. Осыған дейін кәсіпқой бокста 50 кездесу өткізген. Оның 33-де жеңіске жеткен. 16 кездесуінде жеңіліп, 1 жекпе-жегінде қарсыласымен тең түскен.

Салмақ өлшеу рәсімінде Жәнібек қарсыласынан 1 келі жеңіл болып шықты. Милтон Нуньестің салмағы 78 келіні көрсетті.

Қанат Ислам vs Патрик Аллотей

Алматыдағы бокс кешінің басты жекпе-жегі осы екі боксшы арасында өтеді. бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.

Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.

Салмақ өлшеу рәсімінде екі боксшының да салмағы 68 келіні көрсетті.

29 қазандағы жекпе-жектер Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетеді.

О. Сансызбай