- Негізгі бет
- Маккала
- 2020 жылы Олимпиада...
2020 жылы Олимпиада ойындары қай қалада өтеді?
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2020 жылы өтетін жазғы Олимпиада ойындарын қабылдауға үмітті деген Катар астанасы Доха мен Әзірбайжан астанасы Бакуды тізімнен сызып тастады. Енді Олимпиаданы қабылдауға үміткер қалалардың ішінде Мадрид, Ыстамбул және Токио қалалары ғана қалды.
Доха мен Бакуды неге тізімнен сызды?
Олимпиаданы өткізуге үміткер Доха және Баку қалаларын ХОК қазан айындағы жиналысында тізімнен сызды. Жиналыс барысында комитеттің президенті Жак Роге мен ХОК-тың 15 мүшесі қос қаланың тапсырысымен толық танысқан. Және де жиын соңында Бакудің инфрақұрылымдық жағдайы Олимпиада ойындарын қабылдауға лайықты емес деп танылды.
Ал Доха қаласында жаз мезгілі тым ыстық болғандықтан, Халықаралық Олимпиада комитеті бұл қаланы да тізімнен шығарды. Бірақ, Доха қаласы ХОК-қа Олимпиада ойындары жаз мезгілінде емес, күз мезгілінің қазан айында өткізу туралы да ұсыныс тастаған болатын. Дегенмен Жак Роге бастаған Олимпиада комитетінің төрағалары Таяу Шығыс елінің бұл ұсынысын да қабылдаған жоқ.
Токио, Ыстамбул және Мадрид қалаларының тапсырыс беру тарихы
Сонымен 2020 жылы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер қалардың толық тізімі анықталды. Олар – Токио, Ыстамбул және Мадрид. Түркияның Ыстамбул қаласы осымен бесінші рет Олимпиада ойындарын өткізуге тапсырыс беруде. Дегенмен Халықаралық Олимпиада Комитеті әр тапсырыс сайын Ыстамбул қаласынан қандай да бір кемшіліктер тауып алып жатты.
«2020 жылы Олимпиада ойындарын Ыстамбул қаласы қабылдауға тас-түйін дайын. Қаланың инфрақұрылымы да жазғы ойындарды қабылдауға лайықталынып салынды. Спорт кешендеріне келетін болсақ, Ыстамбул қаласында осы уақытқа дейін жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем біріншіліктері өткен. Сол спорт кешендерін Олимпиада ойындарына пайдалануға болады. Сонымен қатар енді жазғы ойындар үшін арнайы Олимпиада қалашығын салсақ болғаны», - дейді Ыстамбул қаласының мэрі Кадир Топбаш.
Токио қаласы екінші мәрте жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге тапсырыс беріп отыр. Ертеректе Жапонияның Нагано және Саппоро қалаларында қысқы Олимпиада ойындары өткен болатын. Ал 1964 жылы Токио қаласында жазғы Олимпиада ойындары да өткен.
Испания астанасы Мадрид Олимпиада ойындарын өткізуге үшінші рет таласып көрмек. Бұрындары Мадридте қысқы да жазғы Олимпиада ойындары өтпеген. Дегенмен Испанияның Барселона қаласы 1992 жылғы төртжылдықтың дүбірлі додасын қабылдаған.
2020 жылғы Олимпиаданы қабылдайтын қала қашан анықталады?
2020 жылы Олимпиада ойындарын өткізетін қаланы Халықаралық Олимпиада Комиеті 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өтетін жиналыста анықтайтын болады. Жоғарыда үміткер үш қаланың барлық мүмкіндіктерімен танысуға енді ХОК мүшелерінде бір жылдан кем уақыт қалды.
Айта кетейік, әлемдегі саяси және экономикалық құлдырау салдарынан Олимпиада комитеті алдағы уақытта да жоғарыдағы үш қаладан басқа шаһарлардың тапсырысын қабылдап қалуы ықтимал. Олай дейтініміз, осы уақытқа дейін 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткерлердің ішінде анық фаворит ретінде Италияның астанасы Рим саналған. Дегенмен Италия жеріндегі дағдарысқа байланысты Рим қаласы тізімнен шығып қалған болатын.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: profile.ru