Қазақ күресінің айтулы бәсекесіне айналған «Қазақстан барысы» турнирі бесінші рет байрағын желбіреткелі отыр. Республикалық турнир биыл шілде айының 5-інде Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтетін болды.
Кеше Астана қаласындағы «Rixos President Astana Hotel» қонақ үйінің «Orda» мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен осымен бесінші мәрте өткізілетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу сындарының басталуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы «Қазақстан барысы» турнирінің ресми сайты хабарлап отыр.
Баспасөз мәслихатында ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турнирінің шешуші кезеңі дәстүр бойынша Елорда күні қарсаңында, яғни 5 шілде күні Астана қаласындағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтетінін хабарлады.
Ереже бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу жарыстары төрт кезең бойынша ұйымдастырылады:
- ауылдар мен елдімекендерде;
- аудандық, қалалық жерлерде;
- облыстық іріктеу жарыстары;
- турнирдің шешуші кезеңі;
Ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық жарыстар мен турнирдің ақтық сыны 18 жастан жоғары ересектер арасында +80 келі, яғни абсолюттік салмақ категориясы бойынша өткізіледі. Ақтық сынға ауылдық, аудандық жерлердегі іріктеулерден өткен облыстық кезеңдердің және Астана, Алматы қалаларының жеңімпаздары мен күміс жүлдегерлері жолдама алады. Дәстүр бойынша финалға іріктеу кезеңдерінен өткен 32 балуанмен қатар былтырғы жылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов та қатысады.
Республикалық шешуші кезеңде бақ сынайтын балуандар арасында 2015 жылдың 19-23 мамыр аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Жиын барысында балуандар тереңдетілген медициналық тексеруден және допингтік бақылаудан өтеді.
Арман Шораевтың айтуынша, 2015 жылғы «Қазақстан барысының» жүлде қоры 350 000 доллардан артық болады екен.
Қазіргі таңда қазақ күресінің айтулы турниріне іріктеу кезеңдері басталып кетті. 1-30 сәуір аралығында ауылдар мен елдімекендерде, 1-15 мамыр аралығында аудандық және қалалық, одан әрі облыстық жарыстан кейін финалға шыққан әр өңірдің қос балуаны оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Айта кетелік, «Қазақстан барысы-2015» турниріне былтырғы жеңімпаз Мұхит Тұрсынов ешбір іріктеусіз қатысады.
Түрлі дау-дамайға ілініп, допингтік сынақтан өтпей қалған балуандар 2015 жылғы сынның іріктеуіне қатысуына мүмкіндігі бар. Мысалы, былтыр қостанайлық балуан ешбір іріктеуге қатыспай, тікелей облыстық сынға қатысып, топ жарғандықтан финалдық жарыстан шет қалған еді. 2013 жылы күміс жүлдегер атанған Ержан Шынкеевке жартылай финалдағы дауласуы үшін федерация оны екі жылға қазақ күресінің жарысына қатысуына шектеу қойған еді. Биыл қарағандылық Ержан Шынкеевке қайта қатысуына болады.
Төрешілердің әділ болуын қамтамасыз ету мақсатында, осыған дейін «сақтандыру жарнасы» енгізілген болатын. Ережелерге сәйкес өз міндеттерін адал атқармаған төрешілерге ақша кері қайтарылмайды. Бұл жылы төрешілік сақтандыру жарнасы 1 мың АҚШ долларын құрап отыр.
2015 жылғы «Қазақстан барысы» турнирі Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясы 20 жылдығы мен Конституцияның 20 жылдығына арналып отыр. 5-шілде күні өтетін шешуші кезеңде боз кілемдегі балуандар белдесуінен өзге мерекелерге орай театрландырылған қойылымдар қойылады. Сонымен қатар, танымал тұлғаларды да қонақ ретінде шақырмақ. Жиналған жанкүйерлерді де тосынсыйлар күтпек. «Қазақстан» және «KazSport» республикалық телеарналары турнирден тікелей көрсетілімді тарататын болады.
Еске сала кетейік, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінде Мұхит Тұрсынов жеңіске жеткен. Ал финалдық бәсекеде жеңілген Асыл Бәрменов «күміс белбеу» иегері атанған еді. Турнирдің қорытындысы бойынша 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» Мұхит Тұрсынов 150 мың АҚШ долларын қанжығасына байласа, оның бапкеріне 20 мың АҚШ доллары табысталған-ды. «Күміс белбеу» иегері Асыл Бәрменов 100 мың доллар көлемінде сыйлық алса, бапкері 10 мың доллармен марапатталған.
Өткен жылы қола жүлде үшін өткен кездесуде Руслан Әбдіразақов ("Сыр барысы", Қызылорда облысы) пен Дәулетхан Жақыпов ("Талас арланы", Жамбыл облысы) белдесіп, қызылордалық балуанның мерейі үстем болған еді. «Сыр барысы» 10 000 доллар сыйақыға ие болса, бапкеріне 3000 доллар сыйақы берілген болатын. Ал көрермен көзайымына айналып, үздік өнер көрсеткен Дәулетхан Жақыпов ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы "Жеңіске деген жігері" үшін атты сыйлық - «Hyundai Elantra» көлігіне ие болған еді.
Сурет: kazakhstanbarysy.kz