2014 жылғы ел спортындағы елеулі оқиғалар

2014 жылғы ел спортындағы елеулі оқиғалар

Жылқы жылы – қазақ спорты үшін сәтсіз өтті деп айта алмаймыз. Тарихи жеңістер мен жаңарған талай рекордтардың да куәгері болдық. Ел үміт күткен спортшылардың да жеңіс тұғырынан көріне алмаған сәттері болды. Әрине, спорттың аты – спорт. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Есесіне ойда-жоқта жарқ етіп шығып, тосын сый жасаған спортшылар да жоқ емес, баршылық. Ендеше 2014 жылғы ел спортындағы елеулі жаңалықтарға қысқаша шолу жасай кетейік.

Қысқы Олимпиада ойындары

2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Ресейдің Сочи қаласында өтті. Барлығы 98 медальдар жиынтығы өз иелерін тапты. Ал қатысқан 88 елдің ішінен 26-сы жүлдемен елдеріне оралды. Олардың алдыңғысы немесе ортасы болмаса да, көштен қалмаған Қазақстан құрамасы да бар. Жалпы, ХХІІ қысқы Олимпиада ел спортшылары үшін аса табысты болмаса да, келешекте кемелденіп, ұлттық құрамамыздың мерейін үстем етер спортшылардың барлығын дәлелдеп берді.

Сочиден келген жалғыз жүлде

Сочи Олимпиадасынан елімізге жалғыз жүлдені мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен сыйлады. Ол бірінші жаттығу қорытындысында үздік бестікке де іліне алмаған еді. Екінші жаттығу қорытындысын қоса есептегенде оның ұпайы қола жүлдені еншілеуге жетті. Денис Тенге дейін мәнерлеп сырғанаудан ешқандай спортшы Олимпиада жүлдесін жеңбеген болатын. Сонымен қатар, қазақстандық спортшы өзге де халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсете білді.

Сочиде кімдер сәтті өнер көрсетті?

Әйелдер арасында могулдан сынға түскен Юлия Галышева екінші финалдық кезеңге де сүрінбей өтіп, тәп-тәуір өнер көрсеткен. Оның секіру сәтіндегі тамаша әдіс-қимылдары бәрімізді тәнті еткені анық. Алайда төрешілер жерлесімізді алты спортшы бақ сынайтын бірінші финалдық кезеңге жібермеді. Өкінішті...Әйтпесе Юлия керемет өнер көрсеткен еді. Соңынан спортшы өзінің спорттық мансабын аяқтайтынын жеткізді.

Фристайлдың акробатика сайысында Жанбота Алдабергенованың жетістігін жоғары бағалауға болады. Жарыс қорытындысы бойынша жерлесіміз 6-шы орынға тұрақтады. Бұл қысқы Олимпиада ойындарындағы алғашқы қара көздеріміздің ірі жетістігі. 

Ерлер арасында могулдан Дмитрий Рихард пен Павел Калмаковты да сәтті өнер көрсеткен спортшылардың қатарына жатқызуға болады.

Конькимен жүгіру сынында Роман Креч спорттық бабында екенін байқатты. Және де болашағынан үлкен үміт күтуге де болатынын айқын дәлелдеп берді. 500 метрлік қашықтықта 7-ші орынды иеленсе, 1000 метрлік қашықтықта 13-ші орынды көрсетті.

Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен эстафеталық сайыстың ақтық сынында бақ сынаған Қазақстан құрамасы бесінші орынды иеленді. Құрамында Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев және Айдар Бекжанов бар жерлестерімізден мұндай нәтижені ешкім де күтпеген еді.

Сочиде кімдер сүрінді?

Ақ Олимпиада алдында бірнеше спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінеді деген үміт болды. Бірақ, үміт ақталмады. Шаңғы спортында – Алексей Полторанин, конькимен жүгіруде – Денис Кузин жеңіс тұғырынан көріне алмады. Ванкуверде күміс еншілеген Елена Хрусталева да бір жүлдеге іліге ме деген үміт болған-ды.

2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяда өтеді. Кей ақпараттар бойынша, кореялықтар қаржы мәселесіне байланысты Жапониямен бірігіп, бұл доданы өткізуі де мүмкін. Ал одан кейінгі, нақтырақ айтсақ 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдауға Қазақстан ұсыныс тастаған еді. Өзге елдер де бұл қатардан қалмаған-ды. Алайда 2014 жылдың қорытындысы бойынша ақ Олимпиаданы өткізу құқығына Қытай мен Қазақстан қалалары таласатын болды. Өзге елдер өз ұсыныстарын кері қайтарды.

Нанкин – 2014. Жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындары

Жасөспірімдер Олимпиадасының өткізіліп тұруында үлкен мән бар. Өйткені, бұл дода – талантты шыңдаудың алғашқы баспалдағы іспетті. Жас спортшылардың халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжірбие жинақтау сынын басынан өткеріп, болашақ қарсыластарының қарымын байқауға мол септігін тигізеді. «Тұлпар тұяғын тай басар» демекші, бүгінгі Олимпиадада бақ сынаған спортшылардың көбі кейін де елінің намысын әлемдік ареналарда қорғауға бел буары анық.

Қытайдың Нанкин қаласында өткен биылға жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 9 қола жүлдені еншілеп қайтуды мақсат тұтқан еді. Бірақ, бұйырғаны 3 алтын, 1 күміс, 4 қола болды. Бұған да шүкіршілік дейміз. Бастысы, қазақ спортының айдарынан жел естіретін жас өрендеріміздің қарымын байқадық.

Қазақстан Туын көтеріп шыққан Абылайхан Жүсіпов ел абыройын асқататты. Боксшы үшін 2014 жыл сәтті өтті десек болады. Жас таланттың Нанкиндегі тамаша өнеріне талайлар тәнті болды. Жақында ғана ұйымдастырылған Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнирде де қарсылас шақ келтірмей, темір тұлпар тізгіндеді.

Нанкин Олимпиадасында дзюдодан Бауыржан Жауынтаев пен еркін күрес шебері Мұхамбет Қуатбек те тамаша қырларымен танылып, алтыннан алқа тағып қайтты.

Инчхон – 2014. ХVII Азия ойындары

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII Жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы барлығы 84 медаль (28, 23, 33) жеңіп алып, жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Осылайша, ел құрамасы өз тарихында ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп, жаңа рекорд орнатты.

Ел сенім артқан спортшылар үмітті ақтай білді. Тек алтыннан дәмелі болған Зульфия Чиншанло (ауыр атлетика), Біржан Жақыпов (бокс) және Максим Раков (дзюдо) күміс медальды қанағат тұтты.

Инчхондағы Азия ойындарында суда жүзу спортынан Дмитрий Баландин үш рет жеңіс тұғырынан көрінді.

Азия ойындарында ең үздік нәтиже көрсеткен боксшыларымыз болды. Қазақстандық боксшылар алты бірдей алтынға ие болып, Азия ойындарының рекордын жаңартты. Ел құрамасы сапынан Ілияс Сүлейменов (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі) және Иван Дычко (91 келіден жоғары) алтыннан алқа тақты.

Жылдың айтулы үш додасы да massaget.kz назарынан тыс қалған жоқ. Ақпараттарды уақытымен ұсынып отырдық. Толығырақ мына сілтемеге өтіп, көре аласыздар. Ал өзге де ауыз толтырып айтарлық оқиғаларға қысқаша тоқталып өтуді жөн санап отырмыз.

Қазақ күресі

Қазақ күресінен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Жас барыс» додалары биыл да жоғары деңгейде өтті. Онымен қоса жылқы жылы бұл қатарға «Әлем барысы» турнирі қосылды. Бұл дода да алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

Бокс

Кәсіпқой бокста да, әуесқой бокста да қазақстандық спортшылар осал емес екенін әлем мойындайды. Геннадий Головкиннің шаршы алаңдағы жарқын жеңістері әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып келеді. GGG биылғы жылы үш кездесу өткізіп, барлы­ғын айқын басымдықпен аяқтады. Ганалық Осуману Адама жұдырықтасудың бел ортасына дейін шыдаса, австралиялық Дэниэл Гил мен мексикалық Марко-Антонио Рубионы жеңу үшін екі-үш раундтың өзі жеткілікті болды. 

Бейбіт Шүменов сәуір айында Бернард Хопкинстен ұтылып, бар атағынан айырылып қалды. Нәтижесінде отандасымыз жаңа салмаққа ауысып, алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады.

Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген боксшыларымыз үшін жылқы жылы жеңісті болды. Бейбіттен өзге Иса Ақбербаев, Қанат Ислам, Жанат Жақиянов, Жанқош Тұраров пен Роман Жайлауовтар қарсыластарына есе жіберген жоқ. Ал ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусіновтың ағасы Дәурен Елеусінов та кәсіпқой боксқа ауысып, бірінші жекпе-жегін жеңіспен бастады.

Әйелдер арасында бокстан Чеджуда өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай жеңіс тұғырынан көрінді. Финалда үндістандық Шамджетсабам Сарджубаланы ұтты. Нәтижесінде қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» командасының директоры мен бас бапкері ауысты. Директорлық қызметке Серік Сәпиев тағайындалса, бапкерлікке Марат Жақиев сайланды.

Ауыр атлетика

2014 жылы Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Бұл - жылқы жылының басты спорт жаңалықтарының бірі. Елімізде тұңғыш рет өткен бәсекеде 75 елден 683 спортшы бақтарын сынады.

Илья Ильин Алматыдағы әлем чемпионатында барын салып, төртінші рет әлем чемпионы атанды. Әлемдік рекордқа өзгерту енгізді. Жаңа салмақтағы ең тартысты бәсекеде жеңіс тұғырын өзгеге сыйламады.

Зульфия Чиншанло да Алатау бөктеріндегі бәсекеде қарсыластарын алға оздырмады. Өз салмағында екі рет әлем рекордын жаңартып, үш дүркін әлем чемпионы атанды.

Алматыдағы әлем чемпионатының тосын сыйы – Жасұлан Қыдырбаевтың ерлігі болды. 94 келіде топ жарған ол - қазақ зілтеміршілері арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Күміс медаль да тағы бір қазақстандық спортшы Владимир Седовқа бұйырған еді.

Алматыдағы 81-ші әлемдік додада да тағы бір қазақ спортшысының есімі тарихқа енді. Ол – Жазира Жаппарқұл. 69 келіде күміс медаль жеңіп алды. Бұрын-соңды қазақ қыздарына бағынбай келген белесті бағындырды.

Футбол

2014 жылғы ел футболында елеулі оқиғалар көп болды. Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкер Юрий Красножан қызметінде 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын бастады.

Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) Астанада кезекті XXXVIII конгресі өтті. Бұл жиынға ФИФА президенті Йозеп Блаттер, УЕФА президентi Мишель Платини,  УЕФА ұйымына мүше 54 елдің өкілдері қатысты. Конгресс барысында ұйымға мүше елдердің құрамалары арасында жаңа турнир ұйымдастыру туралы шешім шығарылды. Қазақстан ТМД елдері ішінен бірінші болып УЕФА конгресін өткізді.

Ел премьер-лигасында «Астана» тұңғыш рет ел чемпионы атанса, «Қайрат» өз тарихында алтыншы рет ҚР Кубогын жеңіп алды.

Жылқы жылында еліміздің үздік футболшысы болып алматылық «Қайрат» ойыншысы Бауыржан Исламхан танылды. Ол командасында да, ұлттық құрамада да өзін тамаша қырымен таныта білді.

2013 жылы Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан қарағандылық «Шахтер» 2014 жылы қаржылық дағдарысқа ұшырап, өз ойынын жоғалтып алды.

Алматылық «Қайрат» командасы 60 жылдық мерейтойына орай Алматыда «Жұлдызды кездесу» ұйымдастырды. Сонымен қатар, маусым соңында бес футболшысын ойындардан шеттетуі де күтілмеген оқиғалардың бірі болды.

Қазақстан футбол федерациясына жаңа президент сайланды. 7 жыл бұл қызметті атқарып келген Әділбек Жақсыбековтың орнына Ерлан Қожағапанов тағайындалды.

Хоккей

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Минскіде өткен әлем чемпионатынан кейін жоғарғы дивизионнан түсіп қалды. Ал жақында ғана Венгрияның Дунайварош қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында (U-20) отандастарымыз элиталық дивизионға жолдама алды.

Үлкен теннис

Үлкен теннисте еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшы қыз – Зарина Диас. Отандасымыз өткен жылды 163-ші орынмен қорытындылаған болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш 33-ті көрсетіп тұр. Қазақстандық те­ннисші үшін биылғы жыл же­міс­ті болды. «Үлкен дулыға» са­на­тындағы жарыстардың бар­лығына қатысқан Зарина «Уим­болдонда» төртінші айна­лымға дейін жетті. Ал Ав­стралия мен АҚШ-тың ашық бі­ріншіліктерінің үшінші кезе­ңіне дейін өнер көрсетті. Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды.

Мәнерлеп сырғанау

Мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасында тағы бір спортшымыздың жетістігі жанкүйерлерді қуантып келеді. Ол – Элизабет Тұрсынбаева. Қазақстандық спортшы 2014 жылы бірнеше халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанды. Ал ел чемпионатында айқын басымдықпен чемпион атанды. Элизабет Тұрсынбаева – қазақстандық қыздар арасында тұңғыш әлемдік Гран-При жарыстарында жүлде алған спортшы. 14 жастағы спортшыдан алдағы уақытта үлкен үміт күтіліп отыр.

 Волейбол

2014 жыл - жаңалықтар мен тосын сыйларға толы болды. Әсіресе, қазақтың сүйкімді қызы Сабина Алтынбекованың Тайпэй қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатынан кейін әлемге танылуы - жылқы жылының басты жаңалықтарының бірі болды десек қателеспейміз. Сұлулық сиқыры Сабинаны ғана үлкен танымалдылыққа жеткізбей, қазақ елінің атын да танытуға үлкен септігін тигізді.

Шахмат

2014 жылдың басында ең жас гроссмейстер Жансая Әбдімәлік Алматыда жеке шахмат академиясын ашты. Сәуір айында Шымкент қаласында да отандасымыздың жеке шахмат мектебінің тұсауы кесілді. 2014 жылы Жансая бірнеше халықаралық додаларда мықтылығын мойындатты.

Айта берсек, 2014 жылғы ел спортындағы айтулы жетістіктер мен әттеген-ай деген тұстар жетіп артылады. Біз бәрін болмаса да, ең таңдаулыларын түзіп шықтық. Алда келе жатқан қой жылы да ел спорты үшін сәтті өткей.

Сурет:liter.kz, vesti.kz, tengrinews.kz, massaget.kz, sports.kz

О. Сансызбай