Бүгін біз сіздердің назарларыңызға 2013 жылы айтулы бәсекелерде топ жарған әлем футболы бапкерлерінің жетістіктерін ұсынамыз...
Фабио Капелло
Командасы: Ресей ұлттық құрамасы
Жетістігі: 2002 жылдан бері Әлем чемпионатына шықпаған Ресей құрамасына Бразилияға барар жолды дәл тауып берді.
Англия құрамасының жанкүйерлері қызуқанды Фабио Капеллоны басында суық қабылдаған-ды. Алайда италиялық маман кейіннен ағылшын құрамасы тізгініндегі ең жетістігі мол бапкер болып шықты. Құрамамен өткізген кездесулердің 67%-да жеңіске жеткен. Лондонда жүргенде бапкер осы қызметімнен кетсем, үлкен футболдан да кетемін деген болатын. 2012 жылдың 18 ақпанында маман қызметінен босатылды. Аса абыроймен кете қойған жоқ. Джон Терриді құрама капитаны қылып алаңға шығармауы дау тудырған-ды. Алайда Капелло футболға қолын сілтеп кете алмады. Сол жылдың шілде айында Ресей құрамасының бас бапкері болып шыға келді. 2013 жылғы үздік бапкер ретінде Ресей құрамасын 12 жылдан кейін Әлем чемпионатына алып шықты.
Сэр Алекс Фергюсон
Командасы: "Манчестер Юнайтед" (зейнетақыға шыққан)
Жетістігі: Англия чемпионы.
26 жыл «қызыл сойқандардың» тізгінін ұстаған Сэр Алекс Фергюсон талай шыңдарды бағындырды. Маусым соңына қарай «Манчестер Юнайтед» басты қарсыласы «Ситиліктерден» 11 ұпайға оза шықты. Осылайша ағылшын чемпионы атағына шотландиялық бапкер манкуниандықтармен 13-ші рет қол жеткізді. Ал бұл жеңіс Алекс Фергюсонның бапкерлік мансабындағы 49-шы жетістік болып жазылды. Осылайша ағылшын футболы тарихындағы жетістікке ең көп қол жеткізген бапкер болып аты қалды.
Юпп Хайнкес
Командасы: "Бавария" (Зейнетақыға шыққан)
Жетістігі: Германия чемпионы, Чемпиондар Лигасы жеңімпазы, Германия Кубогы иегері.
Юпп Хайнкес мюнхендік команданы ауызбіршілікте ұстады. Футболшылар мен бапкерлер арасында ешқандай кикілжің орын алған жоқ. Маусым бойы «Бавария» бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналды.
2012/2013 маусым қорытындысы бойынша, Юпп Хайнкес бундеслигадағы Германия чемпионы мен Кубогын, Чемпиондар Лигасын қатар иеленген алғашқы бапкер болды. 68 жастағы бапкер осы атағымен бапкерлік мансабын аяқтауды жөн санады. Енді оның жолын Пеп Гвардиола жалғап келеді. Жақында өткен клубтар арасындағы Әлем чемпионатында испандық маман Юпп Хайнкеске құрметін білдіріп, жеңіс тұғырына көтерілмеді. Кейіннен «бұл жеңіс - Юпп Хайнкестікі» деп мәлімдеді.
Карло Анчелотти
Командасы: "ПСЖ", (қазіргі таңда «Реал» бапкері)
Жетістігі: Франция чемпионы.
Париждік командада италиялық бапкердің қызмет атқара беруіне болатын еді. Алайда Карлоның «Миланнан» кеткеннен кейінгі арманы «Реалды» баптау болатын. «ПСЖ» тізгінін ұстап жүргенде араб шейхтарына өзінің қатаң талабын қою арқылы басын арашалап алғандай болды. Өйткені бапкерге «корольдік клуб» ұсыныс жасаған-ды...
Луис Фелипе Сколари
Командасы: Бразилия ұлттық құрамасы
Жетістігі: Конфедерация Кубогын иеленді.
Луис Фелипе Сколаридың ұлттық құрамаға оралуын бразилиялықтар асыға күтті. Күтуінің де себебі бар-ды. Өйткені бұл бапкер Бразилияға 2002 жылы Әлем чемпионы атағын алып берген болатын. Кейіннен құрамадан футбол жұлдыздары кете бастады. Ал қазіргі команда мүлде басқа құрама. Жастардан жасақталған командаға бапкер алғашқы ойындарынан бастап Жулио Сезар, Роналдиньо және Фредті шақыртты. Әйгілі футболшылардың жастарға үйрететіні мол екенін байқатты. Бұл да бапкердің өз елі құрамасына деген көрегендігінің бір тұсы ғана.
Хорхе Сампаоли
Командасы: Чили ұлттық құрамасы
Жетістігі: Чилиді Әлем чемпионатына алып шықты.
Желтоқсан айының басында ФИФА шешімі бойынша Чили құрамасы жаттықтыратын басшылық Оңтүстік Америкадағы үздік ұлттық құрама атағына ие болды. Әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде де сәтті өнер көрсеткен ұжым «мундиальға» жолдаманы қиналмай алды. Дегенмен бұл бапкерді Бразилияда осал қарсыластар күтіп тұрған жоқ. Олардың қарсыласы – Испания және Голландия құрамалары. Ал «Уэмблиде» осы жылы ағылшын құрамасын тізе бүктірген Чили де оңай шағылар жаңғақ емес. Егер құрама топтан шығып жатса, Хорхе Сампаолидың келер жылдағы жарқын жетістігінің тағы бірі болмақ.
Юрген Клопп
Командасы: «Боруссия Д»
Жетістігі: Чемпиондар Лигасының ақтық сынына шықты.
Дортмундтық «Боруссия» қазіргі таңда бундеслигада құлдырау кезеңін басынан өткеруде. Басты қарсыласымыз «Бавария» ғана деп ойлаған Юрген Клопп алдарына менгладбахтық «Боруссия» мен «Байерды» шығарып алды. Жазғы ауысым кезеңінде сәтті трансфер жасағанымен, дәл қазіргі уақытта клубтан кететін ойыншылар да бар. 2012/2013 маусымда жанкүйерлерін қуантқан команданы қысқы ауысым кезеңінде өзгерістер күтіп тұрғандай. Юрген Клоппқа 2013 жылғы жетістігін қайталау үшін бундеслигадағы аз уақыттағы демалыс команданың жаңа тынысын ашуға көмектесуі керек.
Марселино Гарсия Тораль
Командасы: «Вильярреал»
Жетістігі: Ла-Лигаға жолдама.
Марселино бапкерлік ғұмырында үлкен жетістікке әлі қол жеткізіп көрмеген-ді. Екі рет «Редингті» жаттықтырса, «Сарагоса» мен «Севилья» командаларында жүргенде қызметінен қуылды. Жұмысының жетістікті тұсы «Вильярреалға» келіп ашылды. Алдымен команданы Ла-Лигаға алып шықса, соңынан премьрадағы командалармен иық теңестіре алатындай дәрежеде өнер көрсете білді. Қазіргі таңда клуб алтыншы сатыда келеді.
Диего Симеоне
Командасы: «Атлетико Мадрид»
Жетістігі: Ла-Лигада алдыңғы орында келеді.
Мадридтік «Атлетико» Испаниядағы алпауыт клубтардың санатында. Қазіргі таңда каталондық «Барселонамен» үзеңгі қағыстырып келеді. Өткен маусымнан соң командадан Фалькао кеткеннен кейін клуб ойыны өзгеріп, әлсізденуі мүмкін деген пікірлер айтылған-ды. Алайда Диего Симеоне командасын тұңғиыққа батырмай алып шықты. Диего Костаның шеберлігін бағалап, сенім артып алаңға шығарды. Футболшы да бапкер сенімін ақтай білді. Енді «Атлетико» 2014 жылы бірнеше басты додаларда топ жаруға мүмкіндігі бар ұжым саналуда.
Руди Гарсия
Командасы: «Рома»
Жетістігі: Маусымды жеңіліссіз бастады.
2013 жылы «Ромада» үлкен жаңалықтар болды. Команда басшылығы ауысты. Сонымен қатар, жаңа бапкер болып келген Руди Гарсия қаржылық тығырыққа ұшыраған команданы қайта жасақтауға білек сыбана кірісті. Оның бұл ісі жемісті де болды. «А» сериясының ойындары басталысымен римдік «Рома» қарсыластарының барлығын кезегімен жеңе бастады. Кейіннен қатарынан көрсеткен 4 тең кездесу «Ювентустың» алға озуына мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен «Рома» осы маусым басталғалы бері ішкі біріншілікте жеңілістің дәмін татып көрген жоқ.
Мануэль Пеллегрини
Командасы: «Манчестер Сити»
Жетістігі: «Малагамен» Чемпиондар Лигасының ¼ финалына дейін жетті.
Чилилік футбол маманы өткен маусымдағы Чемпиондар Лигасында «Малага» командасымен ¼ финалға дейін сүрінбей жетті. Жартылай финалға да шығуға мүмкіндігі болған. Алайда соңғы минуттарда «Боруссияға» есе жіберіп, жарыстан шығып қалған-ды. Кейіннен Мануэль «Манчестер Ситиге» ауысты. «Малагадан» бірнеше ойыншылар өзге клубтарға кеткеннен кейін, команданың жағдайы нашарлай түсті. Осы маусымдағы Ла-Лигада 10-шы орында келеді. Ал жаңа команда тізгінін ұстаған Мануэль Пеллегрини манчестрлік ұжымды да биік белестерге сүйреуде. Ағылшын премьер-лигасында екінші орында келе жатса, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен сүрінбей өтті.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: footballtop.ru