Атақты футболшылардың да отбасылық өмірі үлгі-өнеге бола алады. Жасыл алаңда маңдайлары тершіп, әрбір соққан голдарының қуанышын балаларымен бөлісіп жүрген көпбалалы әйгілі жандарды назарларыңызға ұсынамыз.
Дэвид Бэкхэм отбасы бүгінде төрт баланы өсіруде. Spice-Girls тобының бұрынғы солисi Виктория Бруклин, Ромео, Круз есімді торсықтай ұл балалар мен Харпер Севен есімді қыз баланы дүниеге әкелген.
Әйгілі әке уақытының көп бөлігін балаларына арнайды. Футболда, баскетбол алаңдарында да кішкентайлары әке құшағынан бір елі шықпай, үнемі бірге ере жүреді. Мұнысына қарап, Дэвидтің балажан екенін ұғуға болатындай.
Өткен маусымда үлкен футболмен қош айтысқан ағылшын азаматы жуырда футболға қайта оралуы бек мүмкін.
Мадридтік "Реалдың" аты аңыз шабуылшысы мен бұрынғы сәнбике бүгінде 5 баланы тәрбиелеуде.
Мамен Санс атақты испан футболшысына Хорхе мен Угоны, егіздер Матео мен Экторды, және Мария есімді қыз баланы сыйлаған.
Рауль алғашқы екі ұлының есімін бір уақыттарда "корольдік клубтың" жейдесін киген әйгілі Хорхе Вальдано мен Уго Санчестің құрметіне қойыпты. Бұл есімдер испан футболшысының осы жолға түсуіне көп септігін тигізіп еді.
Осыдан бірер жыл бұрын атақты украиндық шабуылшының отбасында үшінші бала дүниеге келіп, Шева көп балалы әке атанған болатын. Алды Джордан мен Кристианға ес кіріп, етек-жеңін жинап үлгерсе, арты Александр бұзық балақайға айналып келе жатыр.
Джордан мен Кристиан әкелеріне тартып, доп тепкенді ұнатады. Тенниске де қызығушылықтары басым екен. Тіпті, бір жолы әкесі оларды Новак Джоковичпен кездестірген көрінеді.
Әкесі бір жолғы сұхбатында Джордан мен Кристианның көбіне ағылшын тілінде сөйлейтінін айтып, оған себеп, әйелі Кристен Пазиктің АҚШ елінен екенін жеткізген.
Көпбалалы әке атанғанына көп бола қоймаған Андрей Аршавин футболдан қолы босаса, Артем мен Янасын және кенже ұлына асығып тұрады екен.
Ағылшын футболынан аяғы ақсап қайтқан ол, осы жылы питерлік "Зениттің" жейдесін қайта киген болатын. Алаңда жанкүйерлердің қолдауына сүйенсе, үйде әйелі Юлия мен кішкентайлары қолғабыс қылады.
«Наполидің» қақпашысы әке жолын таңдаған секілді. Мигель Рейнаның бес баласы болып, оның бірі кәсіби футболшы атаныпты...
Пепе Рейнаның отбасы, әзірше, төрт бала өсіруде. Ағылшын футболымен қош айтысып, Италияға қоныс аударған қақпашы әкесін қуып жететін күннің алыста емес екенін айтады.
Бір айта кетерлігі, ағылшын футболының маңдай алды ойыншысы және төрт қыздың әкесі алда келе жатқан Әлем Чемпионатына қатысуы мүмкін. Футболда жасы келген ойыншы төрткүл дүниенің дүбірлі додасында құрама сапында соңғы ойындарын өткеруі мүмкін.
Ағылшын футболының жастары еліктейтін, бір клубқа адалдығын танытып, ерлік көрсетіп келе жатқан аңыз ойыншы жаңа маусымда футболмен қош айтысуы мүмкін.
Зинедин Зиданның отбасында мадридтік "Реалдың" жаңа жұлдыздары бой түзеп келе жатыр.
Бүгінде төрт ұлы да аталған клубтың әр жастағы балалар командасында өнер көрсетеді. Үлкендері Энцо мен Лука, кішілері Тео мен Эльяс әке жолын таңдапты.
Үлкен ұлы Энцо келешегінен көп үміт күттіретін жас ойыншылардың қатарында аталады. Тіпті, алдағы таңда үлкен футболға аяқ басып, мадридтік клубтың жейдесін киіп жатса, таңғалмаңыз.
Ағылшын футболының талантты ұлы "Сток Сити" сапында тынбай еңбектеніп келеді. Оуэн әлі күнге дейін төрт бірдей ірі турнирде доп соққан жалғыз ағылшындық ойыншы болып қала беруде - екі Әлем чемпионатында және екі Еуропа чемпионатында.
Оуэн бала кезінен туыс-жақындай араласып кеткен Луизе Бонсаллмен неке қиыпты. Мектеп күнінде танысқан аяулы жары балпанақтай төрт баланы сыйға тартқан. Майл Джемма Роуз, Эмили Мэй, Джессика мен Джеймс есімді бір ұл баланы бағып-қағып, тәрбиелеп отыр.
Мұның барлығы, әрине, Гарринчаның жеке өмірінің жанында жіп есе алмай қалады. Әйгілі бразилиялық ойыншының артында 14 бала қалыпты. Мойындалмағандары қаншама десеңізші?!
Роберто Карлостың 8 баласы бар. Енді, оның бәрі бір әйелден емес екен. Атақты қорғаушы осы кезге дейін бірнеше рет шаңырақ құрып үлгерген.
Алғашы жары Алешандрадан Роберта, Джована, Роберто Карлос Жуниор есімді ұлдары қалса, қалған некелі одақтарынан Эдуардо, Ребека, Кристофер, Лука мен Мануэла есімді ұл-қыздар дүниеге келіпті.
Роналдоның бүгінде төрт баласы бар: Роналд, Александр (Токиода танысқан даяшы қыздан туған), Мария София (2008 жылы дүниеге келген) мен Мария Алиса (2010 жылы 6 сәуірде дүние есігін ашқан). Роналдо 2006 жылдан бері екі қызының анасы Мария Беатриспен бірге тұрып келеді.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: happy-giraffe.ru; sport.bigmir.net; tochka.net; football.ya1.ru; posh24.com; sports.ru; sport-express.uа