«Қайрат» бапкері неге көзіне жас алды?

 «Қайрат» бапкері неге көзіне жас алды?

Алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Владимир Вайсс кеше соңғы турдағы «Астанамен» өткізген ойыннан кейін тілшілермен баспасөз мәслихатын өткізді. Тілшілер мен жанкүйерлер қошеметіне ие болған бапкер еріксіз көзіне жас алды.

Словакиялық маман «Қайратты» екі маусым қатарынан жаттықтырып келеді. Клуб екі маусымда да қола жүлдені қанжығаларына байлады. Осы жылғы футбол додасын алматылық клубтың сәтсіз бастағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Маусым ортасына қарай команданың тасы өрге домалап, кезегімен жеңісті жолын жалғады. 60 жылдық мерейтойына орай ұжым ел чемпионы атанып, жанкүйерлерін қуантуға тырысты. Бірақ, маусым қалай басталса, солай аяқталды. Соңғы турлардағы сәтсіздіктер команданы көш тізгінін ұстап қалуға мүмкіндік бермеді.

Владимир Вайсс – білікті бапкер. Бірнеше маусым бұрын бірінші лигаға түсіп қалу қаупі туындаған команданы словакиялық маман жаңа деңгейге көтерді деп сеніммен айта аламыз. Әсіресе, қазақтың жас таланттарын баулып, негізгі құрамда өнер көрсетуге дейінгі дәрежеге жеткізе білді. Командасына Бауыржан Исламханды қосуы да жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Аслан Дарабаев та өз өнерімен тәнті етіп, дараланып жүр. Ермек Қуантаев та өз қанатында тартысты талас жүргізе алатын ойыншылар қатарынан. Бауыржан Байтана, Аслан Оразаев пен Исламбек Қуат та «Қайрат» сапында тәжірбиелерін шыңдап жүр. Жас таланттардың қанатын қомдауда аянбай тер төгуге уәде берген Владимир Вайсс бұл үддеден шыға білді деп айтуға негіз бар.

Бас бапкердің клубпен келісімшартының бір жыл уақыты бар. Кеше тілшілердің қызметте қаласыз ба деген сұрағына, «басшылық шешеді» деп жауап берді. Өйткені, осы маусымда «Қайрат» сәтсіздікке ұшыраса, Владимир Вайсс қызметінен кетеді екен деген сыбыстар көп тарады. Десе де, алматылық клуб басшылығы бапкердің команданың ойынын қайта түлететініне сеніммен қарай білді. Ендігі маусымда қалу немесе қалмау жағы алдағы уақытта шешілмек.

Кеше өткен баспасөз мәслихатында көзіне жас алған Владимир Вайсс маусымда шәкірттеріне қолдау білдірген барша жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, «Астана» командасын жеңісімен құттықтады.

«Қайрат» менсіз де, менімен де, менсіз уақытта да - «Қайрат». Әлі-ақ чемпион атанатын болады, - деп ағынан жарылды. Қола жүлдені жеңіп алған команда келер маусымда Еуропа лигасының електік кезеңінен бастап ел намысын қорғайтын болады. 

Алматылық клуб үшін премьер-лига ойындары аяқталғанмен, ел кубогының финалы күтіп тұр. 22 қараша күні «Астана Аренада» Владимир Газзаев жаттықтыратын «Ақтөбемен» алтын жүлдеге таласатын болады. Ал маусым соңына дейін командадан шеттетілген бес негізгі құрамның ойыншысы бұл кездесуге де қатыспайтын секілді. Бас бапкермен қоса команданың ардагер ойыншылары да клуб басшылығына сол ойыншылардың ҚР кубогының финалында ойнауына рұқсат сұрауда. Бірақ, әзірге бұл түйткіл шешілер емес. «Қайрат» соңғы рет ел кубогын 2003 жылы жеңіп алған. Одан кейін, 2004 және 2005 жылдары финалға шыққанымен, қарсыластарына есе жіберген. Осы жолы жеңіске жетер болса, алматылық ұжым өз тарихында бұл атақты алтыншы рет иеленетін болады. 

Сурет:fanatik.kz

О. Сансызбай