- Негізгі бет
- Маккала
- "Бавария" қонақта...
"Бавария" қонақта "Ман Ситиден" басым түсті
Чемпиондар Лигасының екінші турының топтық кездесуінде "Бавария" мен "Манчестер Сити" командалары кездескен болатын. Есеп: 3:1.
Пеп баптаған ойыншылардың аяқ алысы күн санап тәуірлеп келеді. "Блаугрананың" ойынын көшіріп алды десек те, "Бавария" өз ерекшелігі бар жеке бір ұжымға айналып келе жатқан сыңайлы (Пептің ішкі есебі тұрғысында). Ол үшін барлық ойында ауызбірлік танытып, барлық ойында босаңсымаса болғаны.
Пеллегрини бапкердің басы қатулы, ағылшын клубы тәуір ойыншыларды сатып алғанмен, тәуір ойын өрнегін көрсете алмай келе жатыр. Бір ойында шабыты толысып ойнайтын ойыншылар ендігі бір ойында салдары суға кеткендей сүлесоқ ойын өрнегін көрсетеді. Не десек те, аталған ұжымға нендей өзгерістің керек екендігін бағамдап алу дұрыс-ақ.
Ойын тартысты өтті. Қос ұжымның алма-кезек шабуылы орын алмады. Мюнхендік клуб қарсы шабуылда, қарымта шабуылда да допқа талас қылып, барлық дерліктей тартыстарда басым түсіп жатты. Баварлықтар бір-бірін түсінусуде едәуір үйренісіп қалған секілді. Ағылшын алпауыты қанша қысып, қыспаққа алып көргенмен, сәт сайын "неміс машинасы" сытылып шығып, өз шабуылын ұйымдастырып жатты.
Алғашқы голды Еуропаның дүлділіне баланып жүрген француз Рибери соқты. Жалпысын алғанда, Хард қақпашының осалдығы болар, жақын бұрышқа бағыттылған допқа дер кезінде үлгере алмай, қапы қалды. Негізі, ағылшындардың бағана күзетшісі енді ысылып, пісіп-жетіліп келе жатыр дегенмен, мұндай тұста осал қылық танытар деп кім ойлаған.
Томас Мюллердің голы тіптен керемет шықты. Қорғаушының артынан сытылып шыққан неміс ойыншысы Хардпен бетпе-бет қалып, гол соғып кетті. Бұл тұста да Пеллегрини тәлімгерлерінің қателігін айта кетсек дейміз. Данте пас берген тұста Матия Настасич Томасты ойыннан тыс қалды деп ойлады ма, еш әрекет қылмай, қарап тұрып қалды.
Одан кейінгі кезекте Роббен көзге түсті. Бұл жолы нидерландық сұрмерген мүлт кетпеді. Дәстүрлі ойын мәнерімен бір ойыншыны алдап барып, жақын бұрышқа соққы бағыттаған еді. Хардтың жетуіне болар еді, бірақ бағана күзетшісі тағы да осалдық танытты.
Ойынның бітуіне аз қалғанда алаңға Сильва мен Милнер шыққан болатын. Сонымен бірге Джеконы Негредо ауыстырып еді. Біртіндеп бірліктен тая бастаған баварлықтардың азды-көпті қателіктері Туре бастаған ойыншыларға ес жинауға мүмкіндік берді. Сондай сәттердің бірінде Сильва берген пасты сәтті пайдалана білген Негредо бір қорғаушыны тамаша алдап, қақпа бұрышына қарамастан бағыттап үлгеріп, бағыт алған соққы Нойерге еш мүмкіндік бермеп еді.
Бір тұста Сильваның бағыттаған айып добы қақпа бағанасынан кері серпілді. Бір тұста мүмкіндіктер бағамдалмай жатты. Бір тұста "неміс машинасы" допты өз алаңдарына қуып тастады...
Автор: Фараби Арыстанбек
сурет: eurosport.ru
Л. Лига