Үйде отырып аралауға болатын 16 онлайн-мұражай

Үйде отырып аралауға болатын 16 онлайн-мұражай
Фото: yandex.kz

Карантин кезінде елдің бәрі үйде. Бұл білім алуға, өз-өзіңді жетілдіруге тамаша уақыт. Сондықтан уақытты босқа өткізіп алмай, өз пайдаңызға қолдануға тырысыңыз. Ал білім жетілдірудің тамаша жолдарының бірі – музей аралап, білім қорын толықтыру.

Соған орай, Massaget порталы үйде отырып онлайн «аралауға болатын» әлем музейлерінің тізімін жасады. Көрме экспонаттарын 360 градуспен көріп, видеоанонс пен көрме трансляциясын тамашалауға болады.

Франция

Google компаниясы Францияда орналасқан Версаль сарайына тегін виртуалды тур ұйымдастырған. Оны көргісі келгендерге бау-бақша мен сарай бөлмелерін, скульптура мен картиналарды, интерьерді көруіне жол ашық.

Париж қаласында орналасқан тағы бір француз сәулеті – Лувр өнер мұражайын да онлайн тамашалауға болады. Мұражайдың өзін бір күнде аралап біту мүмкін емес. 300 мың экспонаттың 35 мыңы сандық форматқа көшірілген.

Италия

Флоренцияның танымал Уффици галереясында құнды қазына – Еуропа көркемсурет жәдігерлері мен әлемдік картина шедеврлері, жинақталған. Еуропаның ең көне мұражайы. Көне Рим мен көне Грекияның жәдігерлері сақталған. Сирек кездесетін артефактілер мен керамикалар бар.

Ватиканда орналасқан, Боттичелли мен Микеланджелоның көркемтуындылары сақталған Сикстин капелласын да үйде отырып «аралауыңызға» болады.

Ұлыбритания

Бұл мемлекеттен оның танымал тарихи-археологиялық мұражайын онлайн көрсеңіз болады. Көне Мысыр жәдігерлері де осында тұр. 8 миллион жәдігердің 3,5 миллионының сандық көшірмесі жасалған. Кейбір нысандарды 3D-мен көруге болады.

Сондай-ақ 1500 жылдан бері өнер және мәдениет туындылары жинақталған Көркемөнер мұражайын тамашалап, Джон Милленің «Офелия» картинасымен (1852 жыл) танысыңыз.

Нидерланд

Бұл елде ең танымал мұражайлардың бірі орналасқан. Ол – Ван Гогтың музейі. Мұнда Ван Гогтың «Жұлдызды түн» картинасынан басқа туындылары түгел ілінген.

Грекия

Акрополь мұражайының төбесінен Афина қаласының көрікті орындары мен көз тартар көкжиегіне виртуалды тур ұйымдастырсаңыз болады.

Испания

Ал Испанияның Сальвадор Дали мұражайынан даңқты суретшінің бар коллекциясын тамашалап, испан мәдениетімен танысыңыз.

Испания астанасы Мадридте Прадо мұражайы орналасқан. Жинақталған 30 мың жәдігердің 11 мыңға жуығы онлайн көрсетілімге дайын.

АҚШ

Нью-Йорктың Манхэттен аумағында орналасқан Метрополитен музейі көруге тұрарлық мәдени орын. Өткен-кеткен өнер жәдігерлерінде шек жоқ. 200 мыңға жуық экспонат бар. Олардың арасында Ван Гог пен Джексон Поллактың, Пабло Пикассоның туындылары тұр.

Лос-Анжелестің Гетти мұражайында 15 мыңға жуық экспонат жиналған. Оны да онлайн аралау тегін.

Нью-Йорктың Өнер музейінде ХХ-ХХІ ғасырдың үздік көркем туындылары – скульптура, кескіндеме, графика, фотография мен видеоарт қойылған. Онлайнмен 3500 автордың 23 мың туындысын көруге болады.

Аустрия

Вена қаласында Еуропа мәдениетінің көркем жәдігерлері сақталған Бельведер галереясын тамашалауға болады. Мұнда Густав Климттің «Сүю» картинасы тұр.

2016 жылы ашылған Вена тарихи өнер мұражайындағы 11 мың жәдігердің сандық көшірмесі бар. Көшірмеге қарап отырып Босх, Ян ван Эйк, Питер мен Ян Брейгельдер, Рафаэль Санти салған картиналардың кескініне дейін қарап эстетикалық ләззат алсаңыз болады.

Жапония

Шығыс мәдениетін құп көретіндер үшін Токионың ұлттық мұражайының «онлайн есігі» ашық. Бұл жерден жапон, корей, қытай өнерпаздарының 500-ге тарта көркем туындыларын көруге болады. Картинаның фотобейнесі өте анық, кескін-келбеті айқын көрінеді.

Ресей

Санкт-Петербург қаласында орналасқан даңқты Эрмитажда 3 миллионға жуық жәдігер бар. Ресей мен Нидерландының, Франция мен Италияның шеберлері жасаған, салған эскпонаттар тұр. Олардың арасында қазақ даласынан табылған жәдігерлер де бар.

Қ. Слямбек