«…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. …Әмірқанның киімі де, жүріс-тұрысы да жат еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді…».
Әнші жайлы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтан артық асырып айту мүмкін бе, сірә?!. Ал ән арысы Жүсіпбек Елебеков әнші даусы 8 шақырым қашықтыққа дейін жетті деген дерек келтіреді, Әмірені ән жанрының импровизаторына балайды. Өзінің «Екі естелік» мақаласында замандас досы Қалибек Қуанышбаев: «Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда, барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – деп әнші даусының алапаттығына таңдай қағады.
Әнші
…1925 жыл. Қазақ өнерінің тарихына толайым табысымен қосылған осы жылдың 25 мамыры күні Франция астанасы Парижде дүниежүзілік этнографиялық көрме өтеді. Халықтар достығын паш еткен өнер жәрмеңкесінде әуелеген Әміре әніне сол кезде тәнті болмаған, қол соғып қошеметін аяған жан қалмапты. Сөзін түсінбегенімен, қазақы әуен қуатына, шыңылтыр таза дауыс пен тыныс кеңдігіне бас иген Францияның талғампаз қауымы бірауыздан байқаудың күміс жүлдесін сонау қияндағы қазақтай қасиетті елдің абыройын арқалап барған Әміренің қанжығасына байлап берген еді. «Ағаш аяқты» шырқап, Париж көгінде қалықтай қанат қаққан үн құдіретіне француз жазушысы, өнердің білгір сыншысы Ромен Ролланның: «Мен шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім, онда әншілік қабілет өте басым», – деп тебірене тіл қататыны да осы сәт.
Дүрбелең
…Сәні мен салтанаты келіскен бүкіләлемдік көрмеден делегация үлкен әсер, шығармашылық шабытпен оралды. Тек Әміре ғана одан кейінгі болашақ өмірін астаң-кестең еткен аласапыран алапатты арқалап қайтты.
Себеп – Әміре Қашаубаев пен ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың Париждегі құпия кездесуі. Жат елдегі жүздесу жайлы әншінің өзі губерниялық «Қазақ тілі» газетіне Париж сапары турасынан сұхбат беріп отырып мәлім етеді. Осыны желеу еткен Біріккен бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары қазақ эмигранты Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысы бар деп күдіктеніп, Әмірені сансыз сұрақтың астына алады. Үйін тінтіп, үздіксіз тексерулер жүргізеді. Қорқытып, үрейлендіріп, тіпті соққыға да жығады. Сөйтіп, дала дарыны аяусыз азаптау мен жантүршігерлік қатыгездікті басынан кешіреді. Сондағы әншінің қиналған, нәзік жаны тоз болған, азаматтық ары қор болған қиын күндердегі көңіл-күйі мен ішкі сезімін өнер зерттеушісі Жарқын Шәкерім 1974 жылы өзіне құпия түрде айтқан Социалистік Еңбек Ері, әйгілі актер Серке Қожамқұловтың естелігіне сүйене отырып, былайша әңгімелейді: «Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден аса көңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып бір күні бет-әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол: «Сұрамаңдар, мен айтпаймын», – деді. Оның осы көрінісі араға айлар салып қайталанып жүрді. 1929 жылы ұлт театры Алматыға көшті. Мұнда келген соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ».
Күмән мен күдік
Көпке дейін құпия сақталып келген тергеу ісінің ақиқаты бүгінде күмән мен күдіктен арылып, нақты құжаттық деректер негізінде саралауға мүмкіндік туғызып отыр.Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі, жазушы-публицист Әмірхан Бәкірұлының еңбегі арқасында жарыққа шықты, көп құпияның беті ашылды. Құжатта Әміре Қашаубаевтың 1927 жылғы 6 маусым күні басқармаға шақыртылып, тергеушілер алдында берген жауабы төмендегіше өрбіпті: «…1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дория» отеліне орналастым. Екінші күні қонақүйге Мұстафа Шоқаев келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр», – дедім…
Тағы бір жолы Мұстафа Шоқаев мейманханаға келіп, актерлердің бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ актерлер әртүрлі себептерді сылтау етіп, ресторанға барудан бас тартты. Онымен бірге ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі саптыаяқ сыра сатып алды. Екеуміз небәрі он бес минөттей бірге болып тарадық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді.
Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапшам із-түссіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым…».
Әміре Қашаубаевтан бірнеше мәрте осы сарындас қолхат алынған. Бәрінде де Әміренің жауабы бір. Бірақ соған қарамастан, қауіпсіздік органы қызметкерлері әншінің ант-су ішкен бұл жауабына сенбей, аңдуды тоқтатпаған. Өйткені олар Қазақстандағы ұлтшылдар мен Мұстафа Шоқайдың арасында тұрақты шпиондық байланыс бар деген болжам жасады.
Құпия хат
Соңғы кездері әнші өміріне қатысты бұған дейін айтылмай, беймәлімдеу келген мына бір жайт әміретанушылар тарапынан айтылып қалып жүр. 1925 жылдың жазында, яғни Парижде өтетін бүкіләлемдік көрмеге қарайлас уақытта Мәскеудегі татар етікшісіне ерекше тапсырыспен етік жөндеу ісі жүктеледі. Тапсырыс беруші жап-жаңа етіктің ұлтарағының астына әлдебір хатты салып, қайтадан тігіп беруін өтінеді. Тапсырыс мүлтіксіз орындалады. Және алдын ала жоспарланғандай, аяқкиім Әміренің аяғына киілген күйі француздарды таңдай қақтырған ғаламат әнші әнімен бірге Еуропаға қарай шекара асып кете барады. Ұлтарақ астында жасырынған хаттың қаншалықты қауіпті екенін және өзінің қандай іске тәуекел еткелі тұрғанын әншінің өзі білмеуі де мүмкін. Әлде біле тұра ұлт мұраты жолындағы үлкен саясатқа еріксіз араласты ма екен?.. Ол хат жайлы, жазбадағы айтылған әңгіме жайлы нақты мәлімет болмағандықтан, мәселе күні бүгінге дейін беймәлім болып келеді. Бірақ жазған адамның есімін халықаралық журналист Сұлтанхан Аққұлыұлы өзінің журналистерге берген бір сұхбатында мәлімдейді. Сұхбаттың қысқаша мазмұны мынадай: «Әміре Қашаубайұлының Парижге баруына ұлт көсемі, алты алаш арысы Әлихан Бөкейханның тікелей қатысы болғандығы туралы көп жерде айтылмайды. Әлекеңнің жазуы бойынша, Әміреге ұлттық киімдер кигізгенде оның етігіндегі ұлтарағының астына ол Мұстафа Шоқайға арналған хатын жасырып, дәл сол жолмен Мұстафа Шоқайдан хат алғаны мәлім. Мұстафа Шоқайдың Әлиханға немесе Әлиханның Мұстафа Шоқайға жазған хатында не айтылғаны жайында біздің қолымызда, өкінішке қарай, ешқандай дерек жоқ».
Соңғы аманат
Беймезгіл және бейуақыттағы шақыртулар мен жөнді-жөнсіз тергеу, адам төзгісіз азаптаулар, күні кеше ғана жанында бірге жүріп, жақынына айналған жандардың қара бастарының қамы мен қауіпсіздігін күйттеп сырт айналуы, театрда ойнаған рөлдерінен шеттетілуі, дауыс жазу үшін Мәскеуден арнайы келген мамандарға берілетін тізімнен өз есімінің сызылып тасталуы – мұның барлығы да жаны нәзік, сезімтал өнер адамының қай-қайсысына да оңай тимесі анық. Жеңіл тимегені былай тұрсын, бұл өнер адамы үшін өліммен тең азап еді. Мұндай соққы әнші емес, жай адамның өзінің сағын сындырып жіберуі әбден мүмкін. Әміре Қашаубаев та сондай қиын күндерді басынан өткерді. Әсіресе, жанына қатты батқаны Евгений Брусиловскийдің қолтаңбасында 1934 жылдың 7 қарашасы күні қойылған қазақтың тұңғыш операсынан әншіге лайық рөлдің табылмауы болды. Қанша төзуге, шыдауға тырысқанмен де, пенде емес пе, төзе-төзе төзім де түгесілді. Даңқ шыңына шыға тұра шығармашылық шарасыздыққа шырмалды. Париж аспанын әнмен әуелетіп, таңдай қақтырған, қазақтың әншілік дәстүрін дүниежүзіне танытқан дара дарын енді ішер ас, киер киімге зар болып, «ащы сумен» достаса бастады. Іштегі күйікті осылай басқысы келді. Сөйтіп, ұлы талант өзінің әншілік ғұмырына мәңгілік нүкте қойды. Өнер иесінің осы бір қиын күндердегі аянышты хәлін ұлттық операны шырқау биікке көтерген композитор Евгений Брусиловский: «Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұр. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, даусы барлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па? Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады… Көпе-көрінеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерінен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Қазір даусынан айырылған шағында оның кездесіп, бас қосар адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Өзінің жалғызсырап қалғанына, елеусіз қалғанына қатты қамығады ол», – деп жазады өзінің «Дүйім дүлдүлдер» аталар еңбегінде. Ащы да болса шындық осы. Өміріне төнген қауіпті сезсе керек, қайтыс боларынан аз уақыт бұрын сол кезде небәрі 27 жастағы композитор Ахмет Жұбановқа барып: «Әлдеқандай жағдай бола қалса, үйдегі қаршадай екі қызыма көз қырыңды сала жүргейсің», – деп отбасын аманаттап кетіпті. Бұл – 1933 жылы болған оқиға. Арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өткенде алапат әнші бақиға аттанады. Париж сапарынан кейінгі өнерпаз өмірінің тозаққа бергісіз тоғыз жылы осылайша қайталанбас талант иесінің тамырын үздіксіз балталап, ақыры қиып тынды.
Үзілген ән…
…1934 жылдың 7 қарашасы. Осы күні Евгений Брусиловский жазған қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» қойылымының премьерасы өтті. Қазақ өнері үшін үлкен жаңалық! Халықтың қошеметінде шек жоқ. Шебер өнер көрсеткен: Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітовтей өнерпаздарға шексіз ілтипатпен толассыз шапалақ соғып, ризашылығын білдірісіп жатқан шат-шадыман шақта қазақ өнерін ойсыратып кеткен қаралы хабарды да естіді жиылған жұрт: «Ән атасы Әміре Қашаубаев қайтыс болды…».
«Лениншіл жас» газетінің 11 қараша күнгі санында мынадай некролог берілді: «Ноябрьдің 5-інен 6-сына қараған түнгі сағат үште Қазақстанның белгілі халық әншісі Әміре Қашаубаев аз күн ауырып, қайтыс болды». Бұл – ресми дерек. Ал бейресми мәліметке сүйенсек, қойылымнан өзіне лайық рөл бұйырмаса да, театрға күнде келіп, дайындыққа қатысып, операның сахналануын асыға күтіп жүрген әншінің жансыз денесі дәл өзі тағатсыздана тосқан «Қыз Жібегінің» тұсауы кесілетін күн қарсаңында опера театрына жақын маңнан табылыпты. Бұл болжамды «Казахстанская правда» газетінің 1945 жылғы 25 қарашадағы нөмірінде жарық көрген жазушы Николай Ановтың мақаласындағы: «Враги народа, травившие Амре, хотели похоронить славу народного певца в одной могиле с покойником», – деген мына бір сөзі әрі қарай растай түседі. Қаламгер жазбасындағы бұл жолдар Әміре Қашаубаев өкпе қабынуы салдарынан болған аурудан емес, қасақана жасалған қастандықтың құрбаны болғандығын күмәнсіздендіреді. Әлі күнге дейін құпиясы толық ашылмай жұмбақ күйінде қалып келе жатқан әнші өліміне қатысты деректер осындай. Ал жақында ғана Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатында болған Қазақстан Ұлттық телеарнасының шығармашылық ұжымы Әміренің өліміне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағандығы, 9 жыл бойы әншіні формальды түрдегі болса да негізі жоқ тергеулермен қинағандығы жайлы сұмдық деректі мәлімдеді. 1937-38 жылдардағы репрессияда ұлт мұраты жолында жанын салған ұлтшыл арыстарымызды қынадай қырған жауыз жүйенің тырнағына алғашқылардың бірі болып ілініп, жазықсыз құрбаны болған ұлы әнші Әміре Қашаубаев өлімінің жұмбағы мен шындығы осы.
Дереккөз: Жас қазақ