12 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ертістің Павлодар өңірі тарих толқынында» атты көрме ашылды.
Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Павлодар облыстық әкімшілігінің көмегімен ҚР Ұлттық музейі мен Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және облыс музейлері ұйымдастырды.
Көрме Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жоба аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музей ісін дәріптеуге, Қазақстанның облыстық тарихи өлкетану музейлерінің мол қорларынан жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды артефактарымен, жәдігерлерімен елорда тұрғындары мен қонақтарын таныстыруға мүмкіндік беруді көздеді.
Кереку өңірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан және тағы да басқа танымал тұлғалар дүниеге келген қасиетті жер. Бұл аймақ рухани, мәдени мұраға бай өлке.
Көрмеге келушілер өлкенің өткен тарихымен, Павлодар облысының белгілі ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерімен танысты.
Келушілерге көрмеде төмендегідей бөлімдер ұсынылды:
1. «Көңіл күмбірлеткен өнер» (павлодарлық суретшілердің туындылары);
2. «Қала тарихы» (Павлодар тарихынан сыр шертетін құжаттар мен экспонаттар);
3. «Объективте Ертістің Павлодар өңірі» (фотосуретшілердің жұмыстары);
4. «Ертіс өңірінің тарихы мен этнографиясы» (фотоқұжаттық және заттық экспонаттар);
5. «Павлодар Ертіс өңірінің археологиясы (археологиялық олжалар);
6. «Өңірдің палеонтология ескерткіштері» (палеонтологиялық олжалар);
7. «Тарихи тұлғалар мекені» (атақты жерлестерімімздің жеке заттары, фотосуреттер, құжаттар).
Көрме 2015 жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады.