Бүгін Қазақстанның ұлттық музейінде алғаш рет Эрмитаж күндері ашылды. Әлемнің ең озық 20 мұражайының қатарына енетін ресейлік мәдениет институтының бүгінгідей мерекелік күнде Астанаға келуі бекер емес.
Былтыр екі ел арасында меморандум жасалып, тығыз әріптестіктің іргетасы қаланған еді. Енді 250 жылдық тарихы бар Эрмитаж мамандары Ұлттық музейдің жас ұжымына қарым-қабілеттерін паш етпек.
Михаил Пиотровский, РФ Мемлекеттік Эрмитажының бас директоры: - Мұражай – халықтың, жалпы адамзаттың қазынасын сақтайтын орын. Ол ұлттың әрі қарай дамуына, жалғасуына дәнекер болады. Сіздерге біз өзіміздің мол тәжірибемізді бөлісейік деп келдік.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі: - Ендігі жылы біз Эрмитаждың бірнеше көрмесін Қазақстанда өткізуіміз керек. Сақ мәдениетіне байланысты көптеген жәдігер, Ақсақ Темірдің тасқа жазған хаты бар. Біз тек ол жәдігерлер емес, сирек кездесетін артефакттарды да қоюымыз керек. Бұл жолы Ресейдің мәдени келбетіне айналған тарихи ордадан тек кітаптар әкелінген. Ал алдағы уақытта Ұлттық музейде Эрмитаж орталығы ашылуы мүмкін.
Дереккөз: 24.kz