Қазан айынан бастап мектеп оқушыларының адамгершілік және рухани тұрғыда дамуына бағытталған "Ұлағатты ұрпақ" мәдени-білім беру жобасы іске қосылады. Балалар үшін ерекше құнды қазынаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі дайындаған.
Ұзақтығы 10-15 минуттан тұратын әр бағдарлама 1-11 сыныптарының оқушылары үшін ыңғайлы қысқаша онлайн-форматта болады. Арнайы бейнедәрістері әзірленген. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды түрде саяхаттай алады, опера, балет, драма өнерінің озық үлгілерін көріп, қазақстандық және шетел кинофильмдері мен мультфильмдерін тамашалап, әсем музыкалық шығармаларды тыңдай алады.
Музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқушыларға барлық білім беру бейнедәрістері арнайы сайтында қолжетімді болады. Әр бейнедәрістің соңында оқушылар үш сұраққа жауап бере отырып, өздерін тексере алады. Балалардың ерікті түрде қатысуы осы жобаның қағидатты шарты болып табылады. Оқу жылының соңында тест сұрақтарына дұрыс жауап беріп жоғары ұпай жинаған ең белсенді қатысушыларды сыйлықтар мен жағымды тосынсыйлар күтеді.
– Осындай деңгейдегі жоба жас және жаңа білімге құмар ұрпақ үшін бағдар береді, еліміздің сенімді азаматтарын тәрбиелеуге көмегін тигізеді және жігерге толы жас жүректерді жаулап алады деген сенімдеміз! - дейді ұйымдастырушылар.
Бастапқыда жобаны әзірлеу идеясы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның профессорлық-оқытушылық құрамы, оның ішінде - Юсупова А.А., Есдәулетова К.А., Шабденова Д.Р., Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан - Гизатова Г.Б., Батурина О.В., Омаров Т.И., Наурызбекова Г.К., Еркебай А.С., Мамбеков Е.Б., Қазақ Ұлттық өнер университетінен - Хусайынова Г., Алматы қаласы Оқушылары сарайының оқытушысы - Станевич Н.Н. жалпы білім беру мектептерінің оқу жоспарына сәйкес еліміздегі алғашқы "Оқушының мәдени нормативін" әзірлеуден басталған. Кейіннен эпидемиологиялық ахуалға байланысты "Ұлағатты ұрпақ" онлайн-форматына икемдеп қайта жасалған.
Жобаны іске асыру жөніндегі барлық ұсыныстар "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласына, "Білім беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және өзге де нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес әзірленген.
Бұл бастамашылық еліміздің шығармашылық интеллигенциясы арасында кеңінен қолдау тапқанын ескере кеткен жөн. Алғашқы бейнедәрістер Қазақстанның Халық артисі Гаухар Мырзабекованың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділмановтың, Толқын Зәбированың, Қазақстан киносыншылары ассоциациясының президенті Гүлнәр Әбікееваның қатысуымен жасалған.
Сондай-ақ, жобаға еліміздегі театрлар, өнер академиялары, музей, ғылыми-зерттеу орталықтары мен барлық мемлекеттік музей-қорықтар белсене атсалысқан.
"Ұлағатты ұрпақ" – бұл мектеп оқушыларын еліміздің мәдени кеңістігіне белсенді түрде енгізу арқылы мәдени ағартудың жаңа форматы, "Мәңгілік Ел" құндылықтарының бүкіл жүйесі негізге алынған өзіндік ұлттық мәдениетке бастапқы ену негізінде әлемдік мәдениеттің жауһарларымен таныстыру. Оқушылардың адамгершілік және рухани дамуына, қазақстандық және әлемдік мәдениет пен өнер туралы шығармашылық құзыреттіліктері мен білімді игеруге, эстетикалық сезімді, Қазақстанның мәдени мұрасын құрметтеуге, қоғамда белгілі бір стандарттар мен нормаларды сақтауға бағытталған мәдени-білім беру алаңы болмақ.