- Негізгі бет
- Мәдениет
- Цифрлы естеліктер. Фотосуреттерді...
Цифрлы естеліктер. Фотосуреттерді сақтаудың 7 жолы
Өміріміздің ең әсерлі сәттерін естелік фотосуретке түсіру қазіргі заманда еш қиындық тудырмайды. Десе де, олардың көптігі сонша, сақтау оңай болмай барады.
Америкалық Фотографтар Ассоциациясы хай-тэк заманында туған балаларды "Жоғалған толқын" деп атайды. Себебі, фотосуреттердің тым көп түсірілуіне байланысты олардың басым бөлігі сақталмай жойылып кетеді екен. Фотодерек жинау екінің біріне қолжетімді болуы оның маңыздылығын төмендеткен. Фото бұрынғыдай альбомдарда әдемі естелік боп сандықтардың түбінде жатпайды. Мұндай парадокс орын алғанын статистика дәлелдеп отыр.
Мысалы, Instagram-ға күніне 95 миллион, Facebook парақшаларға 350 миллион сурет жүктеледі. Samsung компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, әлемде түсіріліп жатқан суреттердің тек 23%-ы ғана фотоальбом парақтарына жапсырылады. Жылына 631 миллион фотосурет жоғалып немесе өшіп кетеді. Респонденттердің 42%-ы фотосуреттерді басып шығармайды, ал 70%-ында ешқандай фотоальбом жоқ болып шыққан.
Алысқа бармай, былтырғы жылдың өзін алсақ, 14 триллион сурет жасалғаны белгілі. Ал, солардың қаншасы сақтаулы тұр? Мамандар жартысының көбі жойылып кететінін сеніммен айтады. Өкінішті...
Меніңше, отбасылық фотоальбомдар маңызының төмендеуі адами құндылықтарды бағалау қасиетін жоятынға ұқсайды. Сондықтан, осы "мәдениетті" қайта оралту қандай жақсы болар еді?!
Сонымен, цифрлы естеліктер қорын жинауды неден бастау керек?
— 1 —
Барлық фотосуреттерді бір жерге жинаңыз. Қазіргі уақытта олардың кейбірі Google Drive-та, екіншілері Instagram парақшада, тағы бірді-екеуі Facebook немесе iCloud, қалғандары SD-картада сақталып тұрғаны анық. Сіздің алғашқы қадамыңыз солардың барлығын бір жерге жинаудан басталуы тиіс.
— 2 —
Енді сол жинақтың бірнеше көшірмесін жасап, түрлі жерге сақтаңыз. Мысалы, қорға жинауға лайықты деп шешкен естеліктерді SD-картада қалдыратын болсаңыз, оларды Google Drive-қа көшіріп қойыңыз.
Мұндай кеңесті вашингтондық Конгресс Кітапханасы да береді. Мамандар осы тақырыпқа қатысты арнайы кітапша да шығарған. Сондай-ақ, әр 5 жыл сайын тағы бір көшірмесін жасап отыру керек.
— 3 —
Мінсіз фотографияларды ғана қалдыруға талпынбаңыз. Себебі, бір қарағанға әдемі көрінбейтін суреттеің уақыт өткен сайын құндылығы артады. Өйткені, көпшілік суреттердің шынайылығын қабылдай алмайды. Ал, альбомыңыз өзіңізге ұнамайтын суреттерге толып кетпес үшін көңіліңізден шығатындарын да салыңыз.
— 4 —
Көшедегі фотодүңгіршектерде фотоға түсуге ұмытпаңыз. Әсіресе, туған-туыс, достардың қасында серуендеп жүрген кезде... Оның қаншалықты маңызды екенін өзіңіз де білесіз. Бір-ақ сәтте дайын болатын фотокарточкалардың сканер арқылы цифрлы көшірмесін жасап, сақтап қоюға болады.
— 5 —
Тек өзіңіздің ғана суреттеріңізді сақтамаңыз. Ең алдымен, фотоальбом сіздің көзіңіздің алдыңдағы әлемді көрсетуі тиіс. Яғни, автобус аялдамасындағы үлкен кісі, жол жиегінде өсіп тұрған алма ағашы, қасыңызда бірге серуендеп келе жатқан адам және т.б. суреттері. Бір қызығы, кейін ол суретті сол адамның туған күніне сыйға тартсаңыз, айталық 10 жылдан кейін, қандай ыстық естелік болар еді?!
— 6 —
Фотоальбом басып шығаруды ұсынатын онлайн қызметтерді пайдаланыңыз. Үйде отырып-ақ пошта арқылы жіберген бейнелерден әдемі кітапша құрастырып беретін арнайы бағдарламалар барын ұмытпаңыз. Әсіресе, телефонда жүретін суреттер бір-ақ сәтте жоқ болуы мүмкін. Ал, альбом жасап алсаңыз, өзіңіз де, сізге жақын адамдарға да баға жетпес қазына болады.
— 7 —
Фотосуреттерді әрбір жарты жыл сайын реттеп отырыңыз. Оларды реттеу аралығы ұлғайған сайын керегін іріктеу қиындай түседі. Әсіресе, үлкен мерекелер алдында жасаған жөн. Себебі, телефон немесе фотокамераның жадын босатып, жаңа естеліктер түсіруге орын дайындайсыз.
А. Оралқызы