- Негізгі бет
- Мәдениет
- Тонино Гуэрра: Достық...
Тонино Гуэрра: Достық пен махаббаттан құралған ғажайып әлем
Ерте ерте ертеде мұртты періште өмір сүріпті. Оның қолынан іс келмейді екен. Аспанда да, жерде де жарытып ештеңе жасамапты. Жұрт оны мазақ етіп күледі екен.
Бір күні ол аңшының сарайына кіріп, онда орналастырылған құс мүсіншелеріне жем шашады. Мұны көрген қара халық тағы да қыран топан күлкіге қарық болады.
Бір күні әлгі мүсіндерге жан бітіп, құстар бірінен соң бірі аспанға ұшқанда жұрт оған таңырқай қарайды.
Бұл жолы мұртты періште күледі. Шалықтап күледі. Ғажайыптың бар екеніне көзі жеткеннен күледі.
Бұл ертегінің авторы Тонино Гуэрро да сондай мұртты періштеге ұқсайтын. Оның қолының ұшы тигеннің бәріне жан бітетін. Құлпырып, жайнап сала беретін.
Суреткер мен Муза
Тонино төсек тартып жатқанда үнемі оған айтушы едім: Тонино, Тонино, мен сені өмір бойы сүйдім. ...Екеуіміз әлі жолықпаған, сен туралы ештеңе білмеген кезімде де.
Кетерінің алдында маған басын бұрып: «Мен сені сүйемін» - деді, мен: Мен де! Мен де! Мен де!- деп шыр ете түстім. Ол: «Бұл өмірден кейін де»... – деді...
Қос ғашық өмірін өткізген Пеннабили елдімекеніне барған журналист не қонақты олар: «Сіздің өміріңізде міндетті түрде әдемі оқиға болады, себебі сіз бүгін «Рубиконды кешіп өттіңіз» деген сөзбен күтіп алатын. Расымен, осы тіркестің қанатты сөзге айналуына себеп болған оқиға мекені осында. Император болуға бел буған қатардағы әскер Гай Юлий Цезарьдың Римге алған бағытының шешуші нүктесі – Рубикон өзені дәл осы аймақтан ағып жатыр.
Тониноның қолдан жасаған бұйымдарымен безендірілген «Жоғалған жемістер бағының» ең әсем гүлі – Лора. Келген қонақтың көзі бұған бірден жетеді. Лора Гуэрра есімді жирен шашты ақжелең келіншек кім-кімді де бірден баурап алады.
Олар алғаш рет Мәскеуде жолығады. Италиядан келген делегация ішінен көзі тірі аңыз Антониониді көруге асыққан Элеонора Яблочкина сол күні мәңгілік махаббатын кезіктіремін деп ойламады. Сол отырыста бұдан көзін алмаған италиялықтың хас талант екенін де білмеді.
Ол Тонино Гуэрра болатын. Танымал жазушы, ақын, сценарист, Феллини, Антониони, Тарковский, Дзеффирелли, Тавиани сынды ұлылардың соавторы. Тонино бірге жұмыс істеп, дос болған адамдар есімін атасаңыз, ХХ ғасыр генийлерінің тізімі шығады.
Ал Лораның әңгімелерінің тыңдасаңыз, Тонино тек ұлылардың нақ досы ғана емес, нағыз махаббат иесі болғанына да көзіңіз жетеді.
70-ші жылдары Мәскеуде басталған бұл махаббат оқиғасы Тарковский мен Антониони куәлік еткен тойға ұласады. 40 жылдық отбасылық өмір бір-бірін айнымай тапқан Суреткер мен Музаның одағына айналады.
«Сұлу қыздар көп. Ақылдылар да аз емес. Ал нағыз әйел болатынын табу қиын. Сезгіш, сезімтал. Түсінесіз бе? Менің Лорам сондай» дейтін Гуэрра өзінің сеньорасы туралы. Ал Лора жұбайы мұның көңіл қошының жоғын бірден байқап: «Лора, бүгін сенің кірпіктерің мұңды ғой» деп кеудесіне қысатынын жиі еске алады.
Бірде маған Сергей Параджанов:
- Білемісің, мен Тонино Гуэрромен таныстым
- Ол кім?
- Тониноны білмеу - өмірді босқа өткізу.
Рубен Геворкянц естелігінен
Гуэрра мен Параджанов
Тонино Параджановпен таныстығы туралы былай дейтін: «Онымен болған әр кездесу сайын жаңа қырынан танисың, қанша мәрте жолықсаң да, алғашқы кездесу іспетті күй кешесің. Мен оның атмосферасын үнемі сезумен жүремін. Үйде болайын, Италияда, не Мәскеуде, Тбилиси ме, Армения ма?! Маңызды емес. Үнемі оған тән ертегідей ғажап шығармашылық әлеммен тыныстап келем».
Тониноның танысуға келе жатқанын естіген Параджанов шарбақтағы жаңғақ ағашының астындағы фонтан жиегіне өзі қолдан жасаған қызылды жасылды, түрлі пішінді қуыршақтарын отырғызып қояды. Үйге көтерілетін саты жақтауын қызық түске бояп, этникалық мәнерде әрленген кілемдер іледі. Ас үстелге дастархан орнына айна төсеп, тәрелке орнына інжір жапырақтарын жайып тастайды. Ортасына рецептісін өзі ғана білетін экзотикалық салаттардан натюрморт құрайды.
Тонино жұбайымен табалдырықтан аттағанда, Параджанов тағы қандай «қойылым» дайындады екен деп тағатсыздана күткен көршілер қарасы көп еді.
Дәл осы кездесуден кейін «Грузия-фильмге» іссапармен келген Тонино таңғы сегізден қалмай Сережаның үйінен табылатын болып алды.
Гуэрра Параджановтың үйінде болған алғашқы шетелдік қонақ болатын. Одан кейін үй иесінің қонақжайлылығы туралы аңыз тарап, ертегідей безендірілген үйге Франсуаза Саган, Марчелло Мастроянни, Аллен Гинзберг… сынды өз заманының талантты өнерпаздары жиі баратын болды.
Десе де Сержиктің Гуэрраға деген ықыласы бөлек еді, есіктен кірер-кірместен: «Та-ни-на! — Шта-ни-на!» деп қарқылдаған күлкісімен күтіп алатын.
…Бұл екеуіне тән ортақ қасиет қиялдарының шексіздігі болатын. Қос талант көзге көрініп тұрған қоршаған ортаны одан бетер безендіріп, әрлей түсу керек деп есептейтін. Адамның өмірге келгендегі миссиясы сол екеніне сенетін. Олар ұлы фантазерлер еді. Жақсы мағынада.
Гуэрра мен Тарковский
Тарковский «Ностальгия» картинасын түсіріп жүрген кезде Феллини қалжыңдап: «Гуэррамен жұмыс істеген қалай екен?» дейді, маэстро болса: «Тониномен нашар қатынас орнату мүмкін емес, өйткені ол ақын ғой» деген екен.
Тонино мен Андрей арасындағы достық қос ақынның сөз зергерлерінің достығы еді. Мұны мына естеліктен де байқайсыз. Гуэрра өз үйінде қонақ болып жатқан Тарковскийден: «Андрей, сен маған мынаны айтшы, осы саған менің үйім ұнады ма» дегенде, «Иә, әдемі, бірақ маған сенің жырларың көбірек ұнайды» деп жауап береді.
«Время путешествия» аталатын деректі фильмнен олардың бір-бірімен қалай сөйлесіп, не туралы әңгімелескенінің куәгері бола аласыз. Бірі италиялық, екіншісі орыс бола тұра, әркім өз тілінде өмірлік сұрақтарға қатысты ойын бөлісіп, көлеңкесіз ұғысады.
Олар бір біріне мүлдем ұқсамайтын екі елде дүниеге келіп, ер жетті. Екі ел дегенде де, тіпті қарама қайшы екі әлемде өмір сүрді. Бірі күн сүйген, жарқын; екіншісі суық әрі қатал. Олар ешқашан кездеспей кетуі де мүмкін еді. Бірақ тағдыр қос ақынды өзі қосты.
А. Оралқызы