- Негізгі бет
- Мәдениет
- ТМД жастары бас...
ТМД жастары бас қосқан форум
2015 жылдың 20-25 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында IV халықаралық жастар арасындағы зияткерлік форумы өтті. Мақсаты – Ұлы Отан соғысының 70-жылдығына орай ұйымдастырылып, ТМД көлеміндегі жастарды адамгершілік, азаматтық-патриоттық тәрбиеге баулу. Форумда қарастырылған мәселе – жастарды азаматтық-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеудің тиімді жүйесінің құрылымы мен жаңа қағидаларын талдау. Халықаралық форумға Әзербайжан, Армения, Белорус, Казақстан, Молдава, Ресей, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина, Латвия, Литвия, Эстония және Грузия сияқты 14 мемлекеттен келген жас делегаттар қатысты. Қазақ елінен мәдениет, білім саласындағы жас мамандар, оның ішінде «Алматы қаласының музейлер бірлестігінен», «Есік» тарихи-мәдени қорық музейінің ғылыми қызметкерлері мен музей саласындағы жобалардың сарапшы, үйлестіруші мамандары және Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы қатысты. Қазақстаннан келген делегаттар белсенділік танытып, форумда өз баяндамаларын сәтті қорғады. Халықаралық форум делегаттарға ерекше әсер беріп, тәжірибе алмасуға көмегін тигізді.
Форум секциясы 4 бағыт бойынша өрбіді, олар: «Тарихи жадыны сақтау мәселесінің өзектілігі», «Тарихи жадыны қалыптастыру мен сақтау бойынша халықаралық және қазіргі заманғы ұлттық тәжірибе», «Тарихи жады мен ұлттың бір тұтастығы», «Гуманитарлық білім, тарихи жадыны сақтау, азаматтық ұстаным мен ұлтжандылықты қалыптастыру ісінің негізгі факторы іспеттес». Әр елден келген жас мамандар өз елдерінде тарихи ескерткіштерді сақтауда жастар тарапынан қандай іс-шаралар жасалды, жаһандану заманында күн сайын дамып келе жатқан елдер үшін ұлттық құндылыққа мән берудің маңыздылығы қаншалықты ескерілуде, мәдени ескерткіштерді жастар арасында насихаттау жолы қалай жүргізілуде деген сұрақтар төңірегінде баяндамалар жасады. Баяндама барысында анықталғаны, өкінішке орай, ТМД елдерінің басым көпшілігінде Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану мәселесі әлі шешіле қоймаған. Әр елде өз заңнамалары болғанымен оның толық орындалуы ақсап тұр. Ұлттық құндылықтарымызды зерттеу, олардың тарихи және функционалдық маңызын бағалау, сақтау, қайта жаңғырту кезек күттірмес мәселе екені айқын көрінді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - демекші көтеріліп отырған мәселені бірігіп шешуге ат салысып, жұмыстың алғашқы қадамы жасалды. Әр секцияда қатысушылар екі топқа бөлініп, мәселенің шешу жолдарына байланысты халықаралық дәрежеде өткізілетін жобалар жасады. Білім мен тәжірибе алмасуға да қолайлы жобалар ұсынылды. Қаржы көзін табу жолдары да шет қалмады. Сондай жобалардың бірі: «БРА²МК²У²КЛТ....», «Қоғамдық санада тарихи маңызы бар объектілерді насихаттау», «Вертуалды музейлік жады» т.б.
Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасау мақсатында әлеуметтік желі facebook-та арнайы парақша «Форум молодых интеллектов» тобы іске қосылды. Желі арқылы ой бөлісіп, пікір алмасу басталыпта кетті деуге болады. Форум 30-қазанда Мәскеу қаласында ұйымдастырылған кездесумен жалғасады.
Форумға келген делегаттарға мерекелік бағдарлама, экскурсия, Ұлы Отан соғысы ардагерлермен кездесу ұйымдастырылған. Ш. Айтматов атындағы «Рух-Орда» ұлттық тарихи-мәдени орталығындағы жүргізген экскурсияда делегаттардың көңілінен шықты. Қырғыз елінің тарихын, ғылымын, мәдениетін, әдебиетін бір арнаға тоғыстырған орталықтан көптеген мәліметтер ала аласың. Орталықта өзге елдердің басшылары Ататүрік, Джорж Вашингтон, Н.Ә. Назарбаевтың құрметіне мүсіндер орнатылған. Соның ішінде қазақ елінің президентінің мүсінін Ыстықкөл жағалауында, барыс пен жылқы мүсінімен безендіріліп жасауы ерекше көз тартады. Экскурсовод өз баяндамасында: «жиырма жылдан астам үзбей билік етіп келе жатқан Н.Ә. Назарбаевтың елінің еңсесін көтеріп, дүние жүзіне таныта білген еңбегі зор» деп атап өтті. Әреине, бұл жерде өзге делегаттардың арасында ерекше мәртебеміз көтеріліп, еліміз үшін бір марқайып қалғанымыз рас.
Кешенде ислам, христиан, будда діні мен конфуций, даосизм ілімдеріне арналған нысандар бар. Жастар әр елдің дініне құрметпен қарай білді, мысалы христиан дініндегі жастар ислам дініне арналған кешенге аяқ киімін шешіп оң аяқпен аттап кіріп, сол аяқпен шықты, ал ислам дініндегі жастар христиан дініне арналған кешеннен шығар сәтінде арқасын есікке қарай артымен жүріп отырды. Яғни, бұл жерде жастарды өзге елдің мәдениетін, дінін құрметтеуге шақыру болатын.
«Ақсу» шатқалында қырғыз елі шетел делегаттарын қонақжайлығымен таң қалдырды. Делегаттар киіз үйде болған түскі ас кезінде қырғыздың ұлттық тағамдары мен ұлттық баспанасымен танысты. Ағайынды қырғызбен бір туған қазақтың дәстүрінен еш айырмашылығы жоқ болғандықтан, қазақ жастарына таныс жәйт. Түскі астан сон әр елдің ұлттық биі мен әніне ұласып, жастардың көтеріңкі көңіл-күйімен жалғасын тапты. Қазақ-қырғызға ортақ биіміз бен әніміз қара жорғаға кезек келгенде, барша қазақ-қырғыз жастары қарап тұра алмай еріксіз буын-буыны қозғалып, қара жорға биіне көшті. Ортаға шыққан қазақ-қырғыздың жас жігіттері мен бойжеткендері билегенде, өзге ұлттар сүйіспеншілікпен қол шапалақтап демеп отырды.Тіпті, кейінен алыс шетелдерден келген жастар қара жорға биі мен айтыс өнері туралы толығырақ сұрап жатты.
ТМД-ы жастарының басын біріктіріп, кәсіби шеберлікті шыңдау барысында ұйымдастырылған форумның маңыздылығы зор. Өйткені, келешегіміздің келбеті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Жастарға деген үлкен сенім мен зор үміттің артылатыны белгілі. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – жастар. Сондықтан да жастардың сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, саламатты болып өсуі әр мемлекет үшін маңызды.
«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы,
ғылыми қызметкер А.Ж.Амаргазиева
Алматы қаласы тарихы музейі,
ғылыми қызметкер Н.Т.Мусаева