Қазіргі әлем қайғы-қасірет пен жағымсыз көңіл-күйге толы. Олардың кезегін кейде тіпті, позитивті және қуанышқа толы сәттер үзу керек. Мысалы, театр. Театр - заманауи адам үшін өнердің қызықты түрі ғана емес, бұл - қуатты антидепрессант. Ол - қуаныш, жеңілдік және жақсы көңіл-күй сезімін тудыратын жағымды эмоциялардың үлкен зарядын береді.
Қазіргі таңда адамдар стресcке өте жиі душар болады. Қоғамдағы мәселелер мен жұмыстағы түйіткілдер жүйкені жұқартып, миды шаршатады. Ал соңында уайымға ерік берген адам өз эмоциясынан аулаққа кете алмай қалады. Театрға үзбей баратын адам депрессиядан айыға алады. Танымал театрлардың " антидепрессант" аталатыны да осы. Бұндай театрлардың қатарында әлемге әйгілі "Ленком" театры көш бастап тұр. Бұл туралы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз хатшысы Айзада Болат айтты.
— Театр - нағыз өнердің ордасы. Сергу үшін барасың да, рухани байып қайтасың. Адамға эмоциялық көңіл-күй тарту ететін актерлер де бар шеберліктерін салып, өз энергияларын сахна төрінде жұмсайды. Осылайша жұмыс пен үйде болатын мәселелерден демалып қайтуға болады. Сондай-ақ сахнада болып жатқан қойылымнан жаныңа жақын кейіпкерді алып, негативті энергияңды сол кейіпкермен алмастырсаң болады. Әрине, ол өзіңе байланысты. Егер театрға жиі барып тұрсаң, энергияңды да тұрақтандыра аласың. Ол сенің барлық проблемаға қарсы тұруыңа септігін тигізеді. Барлық жұмыс біздің организмімізде жүзеге асады. Егер адам позититвті көңіл күйде жүретін болса, организмде серотин гормоны бөлінеді. Ал ол тым аз мөлшерде бөлінсе, адам ашуланшақ, әрі әлсіз болады. Серотин гормонын көп мөлшерде бөлу үшін театрдың пайдасы зор, - деп айтты театрдың баспасөз хатшысы.
Оның айтуынша, адамдар кез келген аурудың емін дәрі-дәрмектен іздейді. Тіпті рухани тоқырау мен жан күйзелісінің де емін дәрімен емдегісі келеді. Алайда бұл мүмкін емес. Дәрі адам ағзасына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан дәрі-дәрмек пен медициналық көмекті жан ауруына қарсы қолдануға болмайды. Бұл өрескел қателік.
— Театр өнері адамға жанама әсер бермейді. Керісінше театрға барып, адамдармен тығыз байланыс орнатып, қоғаммен қарым-қатынас жасауға машықтанасың. Жаңа адамдармен танысу арқылы, өзіңе қажетті тың мәліметтер аласың. Сонымен қатар театр әдемілікті жақсы көреді. Театрға баратын адам, міндетті түрде көңіл күйін көтеріп, бар жақсысын үстіне іле барады. Бұл да адамның мәдени ортамен қатынасын жақсартады,- деді Айзада Болат.
Билеттерге келетін болсақ. Егер сіз билетке ақша үнемдегіңіз келсе, әлеуметтік желідегі белгісіз сайттардан алмаңыз. Олар билеттің бағасына екі есе баға қосып сатады. Одан да баратын театрыңыздың сайтына кіріп алғаныңыз жөн. Сондай-ақ операторлардан алсаңыз болады, олар жалған билеттерді үстемдік бағасымен сатпайды. Мүмкін болса, мерзімінен ерте алғаныңыз өзіңізге тиімді. Ол кезде орын саны да жеткілікті және билетті де арзан бағаға ала аласыз.
Естеріңізде болсын! Билеттер демалыс күндері жұыс күндерінен қымбат болады. Театр уақыты аяқталған жаз мезгілінде, спектакльдерге билет құны өсіп кететіні де жалған емес. Ондай уақытта спектакльдың алғашқы шығарылым уақыты өткенін күтіп, жұмыс күндері барғаныңыз жөн.
Театрға өзіңізбен бірге гүл алып барғаныңыз нұр үстіне нұр болады. Бір күні сахнаға шыққан режиссер былай деген екен: Әртістерге гүл беріңіздер! Олар үшін бұл дәстүрдің жағымды екенін естен шығармаған жөн! Оларды қуантыңыздар!