- Негізгі бет
- Театр
- Театр. "Қилы заман"...
Театр. "Қилы заман" екінші мәрте сахналануда
Қара шаңырақ Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында ұлы жазушы, белгілі суреткер Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романының желісімен аталған қойылымның премьерасы өтті. Бұл қойылым сахна төрінде екінші мәрте көрсетілуде. Әуелгі қойылым 1997 жылы сахналанған.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тарихта «Қарқара көтерілісі» деген атпен қалған болатын. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романында сол замандағы билік басындағылардың солақай саясатына, патшаның қазақ азаматтарын қара жұмысқа алу туралы жарлығына, отаршылдыққа, зорлық-зомбылыққа қарсы шыққан елдің наразылық әрекеттері баяндалады. Қойылымда көтерілістің тарихи түп-тамырын негізге алып, қарапайым халыққа жасалған қиянат суреттеледі. Сахналанған тарихи оқиғаның басты ұраны - «Рухыңды жоғалтпа, әлеумет! Рухың жоғалса – елдігіңнің жоғалғаны».
Тарихи драманы белгілі режиссер Әубәкір Рахымов қойса, сахналық нұсқасын танымал жазушы-драматург Нұрлан Оразалин жазды. Ал сазгер Бейбіт Дәлденбаевтың музыкасы мен суретші Есенгелді Тұяқовтың сценографиясы өзара үйлесім тауып, тарихи оқиғаны бұл күнмен ұштастырады. Қойылымдағы негізгі рөлдерді Бекжан Тұрыс, Саят Мерекеұлы, Асылбек Боранбай, Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда, ал жинақтық бейне Ана рөлін Күнсұлу Шаяхметова сомдайды.
Мұхтар Әуезовтың бұл туындысында империкалық саясатқа қарсы күрестің тарихы бұрмаланбай, оқырман қауымға ақиқатты жеткізген. Шығарма алғаш рет 1928 жылы жарыққа шықты. Алайда, сол кездегі солақай саясатқа байланысты өз оқырмандарына 60-жылдарда ғана жол тартты. Оның өзінде шығарма орыс тіліне аударылып, Мәскеуде басып шығарылды.
Ел тәуелсіздігін ата-бабаларымыз аңсап кеткен. «Қарқара көтерілісі» азаттыққа жол бастаған оқиға. Бұл «Қилы заман» қойылымының алдыңғысынан ерекшелігі жаңа қойылымда ұлттық рух пен тарихи жады кеңінен ширатылады. Көзі қарақты ұрпақ тарих сабақтастығын үзбей, өткені мен бүгінін зерделей білуі керек.
Тарихи драманың алғашқы премьералық қойылымын көре алмаған көрермен қауым театрға ат басын 24-наурызда бұра алады. 24-наурызда, сағат 18.30-да "Қилы заман" қойылымы қалың көпшілікке ұсынылатын болады.
Суреттер: alashainasy.kz
Ғ. Ұзақ