- Негізгі бет
- Мәдениет
- Тәуелсіздік тудырған туындылар...
Тәуелсіздік тудырған туындылар
Арайлап атқан азаттық таңы – ол Алаш баласы аңсап жеткен ең асыл аманат. Тәуелсіздікке жету бар да, оны тұрақты ету бар. Сол жолда қазақ баласы қаншама қиын өткелді өршілдікпен өтті, қаншама қиын сынақты қайыспас иықпен көтере білді. Жалпы, Ұлы даланы мыңдаған жыл бойы мекен еткен көшпелі қазақ ұлысы үшін тәуелсіздіктен қымбат құндылық болған емес. Тәуелсіздік дегеніміз ол – тарлан тарих. Егемендік дегеніміз ол – ертеңгі бостан болашақ.
Төл мәдениетімізді, ұлттық әдебиетіміз бен ата шежіремізді жиі насихаттауда өнердің қай түрі болсын, үлкен маңызға ие. Соның ішінде жаңа заман талабына сәйкес жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді үнемі оятып тұруда отандық кино саласының атқарар рөлі ерекше. Әлбетте, барлық фильм біздің тарихи санамызды жаңғыртып, ұлттық кодымызға қозғау салды деу өтірік болар. Дегенмен егемендікке қол жеткізген осынау отыз жыл ішінде өр рухымызды жанып, ерлік намысымызды атқа қондырған тарихи фильмдер легі ұлтты өз деңгейінде шын мәнінде оята алды. Бір сөзбен айтқанда, ұлт бет-бейнесін қалыптастыруда, тарихи сананы жаңғыртуда ең басты құралдардың бірі – кино болды.
«Қазақфильм» – қазақтың рух ордасы
Тәуелсіздік таңымен бірге ұлттық киномыз да жаңа кезеңге аяқ басты. Ел тарихын еркін баяндауға мүмкіндік әперген егемендік кино саласын да жаңа белеске көтерді. Бір ғана Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінге дейін 600-ге жуық кинотуынды шығарып үлгеріпті. Әрине, бір қарағанда бұл көрсеткішке көңілі толмайтындар да табылуы мүмкін. Бірақ 600 фильм емес, бір ғана кинокартинаның өзі тұтас ұлттың рухын оятып жібере алатын мүмкіндігін ескерсек, егемендікпен бірге ел назарына ұсынылған бұл көркем фильмдердің жас ұрпаққа берері мол.
Сол 600-ден астам көркем фильмнің ішіндегі 147-сі толықметражды көркем фильм екен. Ал алтауы телевизиялық көркем фильм, 86-сы қысқаметражды фильм, 287-сі деректі фильм (оның ішінде 8 деректі сериал), 76-сы анимациялық фильм (оның ішінде 1 анимациялық сериал, 3 толықметражды анимациялық лента) түсірілген.
Иә, тек цифрларды сөйлете берсек ой сөреміз онша қанағаттана қоймайтыны рас. Сондықтан жоғарыда атап кеткен көп фильмнің ішінен бөліп алып бірнеше кинокартинаға ғана азырақ тоқталғанымыз дұрыс.
Батыр Баян
Тәуелсіздікті енді алған алғашқы жылдары қазақтың қаншама ғасыр бойы тапталып, езгіден көз ашпаған еңкіш рухы «Батыр Баянмен» бірге қайта атқа қонғандай болды. Иә, Абайдан кейінгі қазақ жырының алыбы маңғаз Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы желісімен көгілдір экран арқылы қалың қазаққа жол тартқан «Батыр Баян» фильмі
тәуелсіздіктің туын желбіреткен алғашқы қарлығаштардың бірі. Қазір айтуға оңай болғанмен ол кезде, егемендікті енді алған, тәуелсіздіктің тұғыры толық бекімеген жас мемлекет үшін «Батыр Баяндай» кесек туындыны кенет киноға айналдыру қай жағынан болсын асқан ерлік болатын. Олай дейтініміз, тәуелсіздік алмай тұрып Мағжанның шығармасын киноға пайдаланбақ тұрмақ, оның атын атаудың өзі мұң еді ғой.
Айтпағымызды айналсоқтап кетуіміз мүмкін, дегенмен «Батыр Баян» дегенде бірер әңгіме еріксіз еске түседі. Кеше ғана торқалы тоқсан жасқа аяқ басқан облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Мағжан Жұмабаев ақталмай тұрған кездің өзінде ақынның «Батыр Баян» поэмасын ешкімнен тайсақтамай республикада бірінші болып жариялап жіберген екен. Шығармасы тұрмақ, ақынның атын атаудың өзі ол кезде оңай шаруа емес. Мұны аталған газет редакторларының бірі, марқұм Мағауия Сембай: «Алашорданың анық мұрагерлерінің бірі – Жайық Бектұров әлгі поэманы көзінің қарашығындай сақтап жүріп, сол кездегі газет редакторы Нұрмахан Оразбековке әкеліп көрсеткенде, батыр редакторымыз «Орталыққа» жариялап жіберіп, айды аспаннан шығарған», деп нақтылап жазады.
Сөйткен «Батыр Баян» 1993 жылы режиссер Сламбек Тәуекелдің қолтаңбасымен көпшілікке көгілдір экран арқылы жол тартады. Заманның қат кезінің өзінде асқан шеберлікпен түсірілген тарихи драма қазақтың өр рухын жұлқып оятқандай болды. Абылайдың ақ туын ұстаушы баһадүр Баян арқылы ұлық ұлыстың берік ұстынын көрсеткен кинокартина тәуелсіздігіміздің тұңғыш табыстарының бірі еді. Киноның желісін ежіктеп баяндау керек болмас. Дегенмен басты рөлдерді сомдаған белгілі актерлер, Баян рөлін мүлтіксіз мүсіндеген Жұмахан Әбдіқадірді, Баянның інісі Ноянның рөлін шебер ойнаған Кеңес Нұрлановты ел есіне қайта салып қойсақ артық етпейді. Себебі сонау тоқсаныншы жылдардың басында, бүгінгідей жарқ-жұрқ спецэффектілерсіз-ақ ел рухын асқақтата білген ондай таланттарды біз әрдайым ұмытпауымыз керек. Бұл қос актерді әлі де болашақта түсірілетін жаңа кино туындыларға арнайы шақыртып, экран арқылы халықпен жиі қауыштырып тұрған жөн. Фильмнің сценарийін жазған белгілі жазушы Смағұл Елубай. Егемендігіміздің елең-алаң шағының өзінде ұлттық сананы оятып, қазақ халқын рух төріне шығарған шығарма ел жадынан ешқашан өшпейді.
Көшпенділер
Бүгінде отандық кино саласы айтарлықтай табыстарға жетіп үлгерді. Әрине, жоғарыда айтып кеткен «Батыр Баян» сияқты тарихи фильмдер құр тақырдан өсіп шыға салды дей алмаймыз. Кешегі Кеңес өкіметі тұсының өзінде «Қыз Жібек» сынды классикалық кино туындылар біздің ұлттық киномыздың сара жолын салмақты сала білді. Сол алтын желі үзілмей бүгінге жетті. Біздің фильмдер қазірдің өзінде халықаралық беделді кинофестивальдарға үнемі қатысып, жүлделер мен халықаралық сыншылардың оң пікірлерін алып жүргенін зор мақтанышпен айта аламыз.
Соңғы 30 жылда «Қазақфильм» киностудиясының 200-ден астам картинасы әлемнің 60 елінде 220-дан астам халықаралық фестивальға қатысып, 300-ден астам түрлі жүлдені, оның ішінде 51 Гран-приді жеңіп алыпты.
Соңғы бірнеше жылда қазақстандық режиссерлердің картиналары Венециядағы, Канндағы, Сан-Францискодағы, Брауншвейктегі, Туриндегі, Париждегі, Мәскеудегі «А» санатындағы халықаралық беделді фестивальдарға және әлемнің басқа да көптеген қаласында көрсетіліп, жүлделерге ие болып келеді.
Солардың ішінде әлем назарын ерекше аударған фильмнің бірі – «Көшпенділер». 2006 жылы жарыққа шыққан тарихи драма да ел тәуелсіздігінің арқасында экранға ертемен жол алған ұлттық жоба болатын. Қалай десек те аталған кинотуынды ХХІ ғасырдағы қазақ киносының озық жетістігін әлемге паш етті. Заманауи технологияларды барынша батыл қолданып түсірілген көркем фильм қазақ хандығының тарихи кезеңдерін, ұлтымыздың XVIIІ ғасырдағы мемлекеттік санасының қалыптасуы туралы жағдаяттарын жарқын көрсете білді. Үш жүздің басын қосқан хан Абылай тарихы арқылы көшпелі Ұлы дала мәдениетін, олардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, ділін дүние жүзіне жарқыратып алып шықты. «Көшпенділер» фильмі арқылы біз ұлттық киномызды жаңа сатыға биіктеттік. Отандық актерлеріміз шетелдік мамандармен бірлесіп жұмыс істей алатындықтарын байқатты. Тіпті әлемдік кино жұлдыздардан да асырып, шебер ойнай алатындықтарын осы «Көшпенділер» арқылы көп актеріміз дәлелдеп шықты. «Көшпенділер» кинотуындысы қазақтардың азаттыққа деген асыл аңсарын айшықтаған тарихи драма болатын. Тарихи эпикалық лентаның режиссерлері Талғат Теменов, Сергей Бодров, Иван Пассер болса, фильмді түсіруде бас кеңесшілердің бірі болған жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек еді.
Фильмнің кейбір тегеурінді тіркестері әлі де жадымызда жаттаулы, санамызда сақтаулы келеді. Айталық, «Біз Мансұр екеуміз қазақпыз!», «Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр алқап көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен атақонысы» деген тіркестер жай ғана кинодағы кезекші сөйлемдер емес, біздің жадымызды жаңғыртқан жалынды жазбалар-тұғын. Себебі сол бастапқы бір ғана сөйлем арқылы біз бүгінде иелік етіп отырған осынау кең сахараның ежелден қазақ ұлысына тиесілі ұлы байсын екенін әлемге еркін айттық. Сол арқылы дүние жүзіне кең сахара төсіндегі қазақ жұртының күрескер ерлік даңқын асқақтаттық. Жоғарыда да айтып кеткеніміздей, кейде ұлттың рухын бір ғана сөз оятып жататын кездер болады. Иә, Алтай мен Атырау арасындағы ұлан-байтақ даланың қазақ еншісіндегі жер екеніне ешкім дау айта қоймас. Дегенмен ол сөздің жас ұрпақ санасына мәңгілікке жатталып, жазылып қалуына қай-қайсымыз да осындай штрихтар арқылы үлескер бола беруіміз керек. Біздің рухымыз қасиетті қара жерге, атақонысқа байланған. «Көшпенділер» фильмінің басталған беттегі осынау бір ғана сөйлемі, демек біздің ұлттық кодымызды сонау екі мыңыншы жылдардың басында-ақ оятқан рухани жаршы болатын.
Жаужүрек мың бала
Қазақ тарихының қаншама ғасырлық жолын бір ғана мақалада бес-алты фильмге шолу жасай отырып жүріп өтем деу бекершілік. Дегенмен тәуелсіздік таңымен бірге таласа жүріп түсірілген тарихи драмалар арқылы біз біршама тарихымызды тасқа басып, таспаға таңбалап үлгердік. Сол сүбелі еңбектердің қатарында режиссер Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың баласын» да атап кеткеніміз жөн. Себебі еркін ойлы, азат елдің аңсарлы ұл-қыздарының жігерін қайрап, қазақтың рухын тірілткен бұл тарихи драма шетелдік актерлерге күнімізді түсірмей-ақ күрделі жобаны өзіміз еңсере алып шығатынымызды шын дәлелдеп берген шығарма болатын.
Қазақ жастарының ұлттық рухын оятуға, батыр бабалардың қасиетті аруақтарын құрметтеуге шақырған тарихи көркем фильм «Көшпенділерден» кейін араға алты жыл салып, 2012 жылы тұсауы кесілді. Отандық кино әлеміне жарқ етіп шыққан жақсы туынды ә дегеннен елдің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.
Елбасының «Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып, осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз», деген тағылымды сөзімен шымылдығын түрген ол кино картина әлі де өзектілігін жойған жоқ. Себебі біздің күшіміз бірлікте десек, ымырасыздығымыз ынтымағымызға кесел. Аталған фильм осы тұрғыдан алғанда Алаш баласын әрқашан береке мен ынтымаққа үндер үздік картина.
Қазақ хандығы
Біздің тарих – еркіндікке ұмтылған ұлы шайқастардағы қылыштың жүзімен, тұлпарлардың болат тұяқтарымен жазылған қатпары қалың аса күрделі тарих. Оны келешек ұрпақтың зердесіне тоқуда бір ғана әдебиеттің, не болмаса білім, мәдениет салаларының күші аздық етеді. Сол себепті де мемлекет өнердің әртүрлі саласына қаржы бөліп төл тарихымызды кеңінен насихаттауда үлкен жобаларды қолға алды.
«Қазақ елі» жобасының «Алмас қылыш», «Алтын тақ» кино дастандары Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген жарқын жобалардың алды болды. Бұл ауқымды тарихи жобаның да авторы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айта кетуіміз керек. Тарихи туындының сценарийі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» романының негізінде жазылғанын көпшілік жақсы біледі. Тарихи кинодастанның қоюшы режиссері Рүстем Әбдіраш болса, аталған ұлттық жобаның сәтті жүзеге асуына кино саласында жүрген небір майталман актер, өз ісінің жетік мамандары жұмылды.
Әрине, қазақта талантты актерлер өте көп. Дегенмен солардың ішінде режиссерлігімен де, актерлік шеберлігімен де, ісімен де, сөзімен де ел егемендігі жолында аянбай тер төккен тұлғалардың бірі – Досхан Жолжақсынов болды. Біз жоғарыда атап кеткен түгелге дерлік фильмде түрлі образды әр қырынан шебер сомдап шыққан корифейді қазақ киносының қажырлы қайраткері десек қателеспеген болар едік.
Ол «Құнанбай» тарихи көркем фильмі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл әлбетте, тәуелсіздіктің тәтті жемісі болатын. Әйтпесе, сонау Кеңес заманында бір ғана «Қыз Жібектің» үш түрлі нұсқасы түсіріліп, қырағы көз цензурадан өтпей қалған қаншама еңбек желге ұшқан жоқ па? Кино саласындағы бұл түйткіл әлі де шешімін таппай отыр. Біздің Кеңес өкіметі тұсында түсірілген көп фильміміздің негативтері әлі күнге дейін Мәскеудегі кино мұрағаттарда жатыр. Яғни біз әлі күнге тамсанып көріп келе жатқан классикалық туындылардың барлығы дерлік дубликат картиналар. Осы тұрғыдан алғанда тәуелсіздікпен бірге кино саласына берілген зор мүмкіндіктер – ол шын өнерге көрсетілген үлкен қолдау.
Біз көбіне мемлекет маған не берді деп шетін ойлап шамырқанып жататынымыз бар. Шындығында біз мемлекетке не бердік деп қарар болсақ, тәуелсіздікті бойтұмар еткен небір дара есімдердің ерекше өнер һәм өмір жолы алдымыздан шамшырақ ұстап шыққандай әсерге бөлер еді.
Біз шынымен де, бұл егемендікті бізге берілген сый деп емес, ертеңгі болашаққа аман сақтап апаруымыз керек аманат деп қабылдар болсақ, оның салмағының қаншалықты ауыр екенін аңғарар едік.
Кино саласы сол тәуелсіздікті кейінгі ордалы отыз жыл мұғдарында белгілі бір деңгейде жан-жақты насихаттай алды.
Экранға еркін ойлы жас қазақ шықты. Еркіндіктің бөрілі байрағын биік көтеріп, асқақ рухты айбынды жырлай алды.
«Қазақ хандығы» кинодастаны көрсеткендей, біздің азаттығымыз ол – «Алмас қылыштың» айбынымен жеткен қайырлы «Алтын тақ».
Томирис
Жалпы, егемен еліміздің тәуелсіз жас буыны Ұлы дала төсінде көшпелі ғұмыр кешіп, ат үстінде алып сахараға иелік еткен сақ, ғұн, түрк қағанаттарының заңды мұрагерлері ретінде асқақ рухқа шомып өсті. Бір ғана Тұмар патшайымның парсылармен соғысындағы ерлікті істерін жаттап өскен жас ұрпақ егемендіктің ерекше құбылыс екенін еркін сезінді.
Бұл ретте де «Қазақфильм» ұлы тарихтың осы бір маңызды мезетін келешек жастарға керемет кинокартина ретінде рухани азық етіп ұсына білді. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Томирис» фильмінің жетістіктері туралы тіпті көп айтуға болады. Режиссер Ақан Сатаев түсірген туынды былтыр Парижде өткен франциялық L’Étrange Festival кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алды. Осыған орай Франциядағы ең ірі ақылы телеарналардың бірі Canal+ арнасы фильмді көрсету құқығын сатып алып, прайм-тайм уақытында көрсетті. Сонымен қатар Жайдарбек Күнғожинов бастаған қазақстандық Nomad Stunts каскадерлер тобы «Томирис» фильмінде трюктерді қойғаны үшін Дүниежүзілік Каскадерлер академиясының (АҚШ) беделді Taurus сыйлығын алды.
Ұлы дала патшайымы туралы отандық туындыны Arclight Films компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында Америка, Ұлыбритания, Түркия, Италия, Испания, Жапония, Таяу Шығыс, Оңтүстік Корея, ТМД, Сингапур, Румыния және Францияның дистрибьюторлары фильмнің көрсету құқығын сатып алды.
Егемен Қазақстан
Қ. Слямбек