- Негізгі бет
- Мәдениет
- Ташкентте жарық көрген...
Ташкентте жарық көрген қазақ газеті
Талай тарих жатқан, кезінде Шаш деп аталған, қазіргі көршіміз Өзбекстан мемлекетінің әкімшілік орталығы саналатын бұл шаһарда, «Ақ жол», дәл осы газеттің қосымша «Шаншар» деп аталатын тұңғыш сықақ журналы, «Сана», «Шолпан» атты журналдар жарық көрген. Олай болса, осы басылымдардың ішіндегі «Ақ жол» газетіне тоқталайық.
«Ақ жол» – маған ғана немесе бір облысқа ғана тиесілі емес, бүкіл исі қазаққа ортақ қазына», - дейді, Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы өз сұхбатында.
Ал газеттің алғашқы нұсқасы қалай аталды? Газет қанша уақыт қызмет етті? Бұл газет жайлы тағы қандай пікірлер бар? Расымен, бұл газет қазақ үшін қаншалықты құнды? Ал енді, осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Ташкентте 1920 жылдың 18-сәуірінен 27-шілдесіне дейін «Жаңа өріс» атты газет шығып тұрған. Бұл газет халықты оқуға, еңбекке шақырған газеттердің бірі. Оның 14 саны жарық көрген екен. Ал бұл газетті неге атап отырмын, себебі дәл осы газеттің жалғасы біз қарастырғалы отырған «Ақ жол» газеті еді.
«Ақ жол» газеті «Қырғыз газеті» деген атпен 1920 жылдың 7 желтоқсанынан бастап шыға бастады. Алғашқы редакторы – мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов еді. Газеттің орташа тиражы 1800 болды.
Ханбибі Есенқарақызы өз сұхбатында тағы былай дейді: «Ақ жол» газетінің 1920-1926 жылдар аралығында 613 саны жарық көрген. Қуғын-сүргінге тек адамдар ғана емес, ұлт мүддесін көздеген басылымдар да жиі ұшырағаны мәлім. Кеңес өкіметіне «Ақ жолдың» ұлттық-демократиялық бағыттағы ұстанымы ұнай қойған жоқ. Бірден жауып тастауға батылдығы жетпегендіктен, 1925 жылдың соңында «Ақ жолды» Шымкентке көшіріп, басқа атаумен шығаруды жүктеді». Яғни, бұл газеттің де патша үкіметінің ілігіне түскенін байқаймыз.
Сонымен қатар «Ақ жол» газеті өзіміз оқып танысқан Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романының бір бөлігінде аталады. Онда 1925 жылы Ташкентте болған «Ақжол» газетінің Жалпықазақстандық съезінде, Байтасұлы деген азамат «Қазақ баспасөзінің тарихы туралы» деген баяндама жасағандығы жайлы атап көрсетіледі. Бұл жерден біз тағы құнды пікір аламыз. Себебі газеттің ол кезде съез жасауы да қиын жұмыстардың бірі болды десек қателспегеніміз.
Иә, газетте түрлі тақырыпта мақалалар да жазылды. Ең көп қозғалған әйел теңдігі мәселесі болатын. Бұл жайында газеттегі Жұмабек Қыстаубаевтің «Қалың мал ұрлығы» атты мақаласынан дәлел келтіре аламыз. Бұл мақалада Шымкент уезі Қошқар ата болысындағы Бөртебайұлы 17 жастағы қызды 15 қара малға сатып алғандығы, қыздың әкесі Таңқы 15 қараны алып, қызын әйел үстіне бергендігі жайлы айтылады. Демек, ол кезде бұндай жағдайлардың көптеп белең алғандығын байқаймыз. Дегенмен, мұндай дүниқоңыз әкелер қазірдің өзінде де кездесетіні қынжылтады.
Газетте, сонымен қатар, әдебиет, өнер жайлы мақалалар да жарық көрді. «Сауық кеші» атты мақалада 1921 жылы 20 мамырда Түркістан қаласында жастар ұйымы атынан сауық кеші жасалғандығы, «Болыс» атты 3 перделі драма қойылғандығы айтылды. Иә, осы сынды бірнеше мақалалар газет беттерінде жарық көріп жатты. Сөйтіп, бұл газет 1925-1927 жылдар аралығында Шымкентте шыға бастайды.
Сондай-ақ осы бастапқы «Ақ жол» нөмірлерінен Мағжан Жұмабаев мен Бернияз Күлеев өлеңдерін, Ілияс Жансүгірұлының мақалаларын, қазақ-қырғыз институтына, бастапқы ұлт оқу құралдарына, әуесқой театрлық қойылымдарға байланысты деректерді кездестіреміз. Газеттің тағы бір үлкен тарихи миссиясы – Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуына деген Түркістанның көзқарасын айна қатесіз жеткізген дер едік.
Ал енді сөздің соңын осы газеттің қазақ қоғамындағы атқарған қызметі мен алар орнына алғашқылардың бірі болып назар аударған академик Сейіт Қасқабасовтың сөзімен аяқтасақ: «Тарихымыздың осынау қаралы беттерінде Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы хатының ел ішінде зобалаң туғызған сүреңсіз рөлі әлі де нақты айқындала қойған жоқ. Мұны терең зерттеу, осы хаттың ауыр салдарына ғылыми баға беру тарихшыларымыздың үлесі». Ғалымның ұсынысын қуаттай отырып, мәселеге барынша айқындық беру үшін Сталин хатының салдарын емес, ең алдымен оның жазылу себебін анықтаудың ғылыми маңыздылығын айта кеткеніміз орынды болар.
«Ақ жол» газетінің таралуы негізінен Түркістан республикасының аумағын қамтығанымен, ол ішінара қазақ автономиялық республикасына да таралған. Тіпті, оның астыртын жолдармен шет елге де таралғандығын Мұстафа Шоқайдың еңбектері арқылы да көруге болады. Республикалық басшылық бекіткен 12 мың дана газет тиражы сол кезең үшін аз емес еді. Дегенмен сұранысқа сай газеттің тиражы үнемі өсіп отырған.
Міне, осыдан-ақ газеттің ол кезде қаншалықты маңызды болғандығын да көре аламыз.
Қ. Слямбек