- Негізгі бет
- Мәдениет
- Сіз шынайы фанатсыз...
Сіз шынайы фанатсыз ба?
Фанатизм – белгілі бір жұлдызға, тұлғаға, кітапқа, футболға, жалпы адамның маңызды бір жаратылысқа жан дүниесімен құлшына берілуі. Оның түрі көп. Мәселен әншіге не жұлдызға деген фанаттар ол туралы барлық ақпаратты біледі. Одан бөлек оның суреттерін жинап, альбомдарын жасайды. Тіпті жеке бөлмесін де сәндеп, өмірін сол адаммен байланыстырады.
Майкл Джексон және Мұхаммед Али
Екеуі екі өнердің жарқын жұлдызы. Қазіргі кезде әлем бойынша екеуінің фанаттары алдыңғы орында тұр. Бірі – әнші, бірі – былғары қолғап шебері. Екеуі туралы бүкіл әлем біледі. Фанаттары олар туралы деректі фильмдерді үзбей көреді. Әрбір жаңа шыққан әндерін тыңдап, бокс кештеріне барады. Олар үшін билет бағасы маңызды емес. Себебі фанат болу жан дүниеңмен берілу. Оған тағы бір дәлел екі жұлдыз да өмірден өткен кезде әлемнің түкір-түкпірінен келген адамдардың санында есеп болмаған. Жылағандар қаншама?!
Дәл осы секілді сіз шынайы фанат бола аласыз ба? Сіздің тұлға көріп жүрген жұлдызыңыз бір сәтке жамандық жасап немесе артынан түрлі өсек ерсе, сіз оны қалай қабылдайсыз? Әрине, көңілге ауыр тиері анық. Бірақ егер шынайы фанат болсаңыз, сіз ерген сөзге мән бермеуіңіз керек. Сіз ең бірінші ол адамның өнеріне фанатсыз ба әлде өзіне фанатсыз ба соны ажыратып алыңыз. Себебі пендешілік барлық адамда болады.
Бір автордың шығармасын сүйіп оқып, сол шығармалармен ауырып қалдыңыз дейік. Автордың өзін өмірде көрмесеңіз де, оның барлық шығармасын жатқа білесіз, қалдырмай оқисыз. Бірақ өмірде кездесіп қалған сәтте ол адамның басқа бір жағымсыз қасиеттерін байқасыз. Бұл сізге біраз әсер етуі мүмкін. Ал егер ол сезім сізді басқа бағытқа бұрып жіберсе, сіз шынайы фанат емессіз. Бір сөзбен айтқанда фанат болу – көз соқырлықпен бірдей. Сіз оны кез келген жерде ақтап алуыңыз керек.
Біздің елде де фанаттар бар. Тіпті Еуропада өзара қырылып жатқан футболшылар мен командалар үшін де жан береміз. Мәселен «Реалфан» және «Барсафан» болып бөліну бар. Тіпті ұлтқа, дінге, нәсілге әсер етпейтін фанатизм өзара қақтығыстарға да алып келеді. Кеше ғана жарқ еткен Димаш Құдайбергеннің фанаттары қазір әлемдегі халық саны ең көп елде тұрып жатыр. Олар, әрине, қытайлар. Тіпті олар өздерінің нағыз фанат екендерін Димаштың «Бастау» концертіне келу арқылы көрсете білді. Бұл – фанатизм.
Сіз егер өзіңізді шынайы фанатпын деп санасыңыз, мына қағидалар бойыңыздан табылу керек:
– Ол адамның пендешілік әрекеттеріне көз жұма қарайсыз;
– Өнерін сүйесіз немесе өзін. Екеуін де сүюге болады. Бірақ бұл санаулы-ақ;
– Қай жерде, қандай жағдай болмасын, ортада болсын оны ақтап алуыңыз керек;
– Жарнамасын жасау, мақтау, ол туралы ақпарат жинау – басты міндетіңіз;
– Жаңадан шыққан суреттерін жинау, видеолар, ол туралы барлық ақпаратты білу – басты талап;
– Ең бастысы, егер ол тірі немесе бар болса, ол жүрген жерден қалмау, оның қасынан болмаса да сахна сыртынан табылу нағыз фанатизм;
Фанатизм және махаббат
Бұл басты мәселелердің бірі. Себебі адамдар арасындағы түсінікке ерсек, «фанат» пен «махаббат» сөзін алмастырып алғандар бар. Яғни фанат болу деген соған ғашық болу, онсыз өмір сүре алмау деп түйеді. Жоқ, фанатизм бөлек, махаббат бөлек. Махаббаттқа ұласып кететін сезімдер орын алмау керек. Себебі махаббат сіздерді тым жақындастырып жібереді. Ал жақындаған сайын аттас заттардың тебісетіні белгілі. Сол секілді сіз фанаттық рөліңізден айрылып қана қоймай, оны жек көріп кетуіңіз мүмкін. Екі сөзді де, мәнісін де анық әрі ашып түсінген дұрыс.
Фанат болыңыз, бірақ ақылға салуды ұмытпаңыз. Бұл өте маңызды!
М. Ақан