- Негізгі бет
- Мәдениет
- Сүрілген сәулет сарайлары...
Сүрілген сәулет сарайлары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына екі күндік сапары барысында жиналыс кезінде Алатау кинотеатры мен жасөспірімдер театрының сүрілуі жайлы айтып, қала әкімдігін сынға алды.
- Бұрынғы қала құрылысы кезінде Алматының орталығы жайлы біраз қате кеткен. Жергілікті алматылық ретінде айтарым, Абылай хан көшесіндегі тарихи ғимараттың орнында үлкен тұрғын үй салуға келісе алмаймын. Сонымен қатар, Қабанбай батыр көшесіндегі қонақүй жайлы да. Үлкен қонақүй тұр. Барлығын жауып тастаған. "Алатау" кинотеатрының сүрілуі жайлы да сондай пікірдемін. Кинотеатр ғимаратын сүрудің не қажеті бар еді? Алматылықтар үшін маңызды нысан еді. Сонымен қатар, оған біршама уақыт пен күш-жігер жұмсалған. Алматыда мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салынуы керек. Саябақ зоналарын көбейту қажет. Бұл қалалықтардың қызығушылығынан туған маңызды мәселе, - деп келтіреді Президенттің сөзін Теngrinews.kz сайты.
Осы орайда Massaget тілшісі кезінде тарихи маңызы болған, алайда уақыт өте заманауи тұрғын үй кешендеріне салу үшін сүрілген ғимараттардың ізімен жүріп қайтты.
Алматы тұрғындарының әрқайсысы өмірде бір рет болсын осы Алатау кинотеатрынан (Төле би мен Қонаев көшелерінің қиылысы) фильм тамашалағаны сөзсіз. Қаланың қақ ортасында орналасқан сәулет өнері сонау 1960 жылы тұрғызылған. Сол заманның ең жетік құрылыс технологиялары қолданылған. Мемлекеттік маңызы бар ғимараттар орналасқан ауданда болғандықтан кинотеатрдың қабырғалары беріктігі жоғары бетон мен кірпішпен тұрғызылған, Қала тұрғындарының сұранысында болғанын мына сандардан-ақ білуге болады. 1980 жылы кинотеатрға 890 мың көрермен келген екен.
90-шы жылдары кинотеатр жабылу алдында тұрды. Дегенмен 2000 жылы қайта жөндеу жұмыстары өткізіліп, көрермендерге құшағын айқара ашты. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. 13 жылға жуық жұмыс істеп, 2013 жылы жабылып қалды. 2 жылға жуық қаңырап бос тұрғаннан соң жеке кәсіпкерлер қаланың қақ ортасында тұрған ғимаратқа көз сала бастады. 2016 жылы Алатау кинотеатрының орнына McDonald's жылдам тамақтану желісі бой көтерді. Қазірде бұл жерде қала тұрғындарының бой жалғайтын орнына айналды.
Бұрын
Қазір
Алатау кинотеатрынан 10 минуттық жерде Жетісу облысы генерал-губернаторының үйі орналасқан еді. Қазіргі Достық пен Қазыбек би көшелерінің қиылысындағы ғимарат 2004 жылы сүрілді. 1887 жылы болған ірі зілзаланың салдарынан қаладағы ғимараттың барлығы дерлік қирады. Араға жеті салып Жетісу облысы генерал-губернаторының үйі қайта тұрғызылды. Алғашқыда үш қабатты кірпіштен тұрғызылған ғимарат Италия дождарының сарайларына ұқсайтын. 1894 жылы әйігілі сәулетші В.Брусенцов жер сілкінісіне төзімді болатындай Тянь-Шань шыршасынан бір қабатты ғимаратты тұрғызды. Осылайша тура бір ғасыр қала тұрғындарына қызмет еткеннен соң белгісіз жағдайда ғимарат толық өртеніп кетті. Ал он жылдан соң сүрілді. Қазір орнында тұрғын үй кешені тұр.
Бұрын
Қазір
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өткен ғимараттарының бірі - бұрынғы жасөспірімдер театры. Оның орнында әдеттегідей тұрғын үй кешені бой көтерді. Жарты ғасырда жуық әрбір баланың жүрегінен орын алған театр өткен жүзжылдықтың соңына өрте оранды. Театр ғұмырынан соң біраз уақыт қайталап өру кинотеатры болған ғимарат қазіргі Абылай хан мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан.
Бұрын
Қазір
1936 жылы Алматы бірінші Пионерлер үйі бой көтерді. Алайда тек араға 30 жыл салып Пионерлер сарайы тұрғызылды. 1962 жылы салынған Пионерлер сарайы қазіргі Сейфуллин мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Ғимаратты салуға сәулетші Ким До Сен, монументалистер Т.Досмағамбетов, Х.Рахимов, А.Тищенко, В.Шептановжәне Ш.Уәлиханов үлесін қосқан. Төрт қабатты, тура үстінде обсерватория мұнарасы бар Пионерлер сарайында өткен ғасырдың 80-шы жылдарында 230 астам үйірмелер өтіп, 4 мыңнан астам балалар тәрбие алған. 2005 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын өтіп, Алматы қалалық жас дарындар сарайы деп атауын өзгертті. Дегенмен арада бір жыл өткенде қала әкімдігі тарихи ғимаратты сүруге бұйрық шығарып, жекеменшік компанияға сатылды. Қазір Пионерлер сарайының орнына зәулім Rixos қонақ үй орналасқан.
Бұрын
Қазір
1967 жылы Алматыда бірінші стационарлы автовокзал ашылды. Саяхат деп аталған автовокзалда күту залы, билет сату кассалары мен қызметтік бөлмелер болатын. Ал Алматының белгісіне айналған сағаты бар мұнара дәл осы Саяхаттың аумағында тұрғызылған. 1980 жылдары автовокзалға келіп-кетуші автобустардың саны 500-ден асып жығылды. Қалаға жақын және алыс ауыл-аймақпен байланысты қамтамасыз етіп отырған автовокзал 2008 жылы сүрілді. Оның орнына қала әкімдігі заманауи талаптарға сай транспорттық комплекс салуды жоспарлаған. Алайда он жылдан астам уақыт өтсе де Саяхаттың орны қаңырап бос жатыр.
Бұрын
Қазір
Верный қалалық қыздар училищесі - сүрілмесе де сыртқы келбет түпнұсқасына мүлдем ұқсамайтын етіп өзгертілген. XIX ғасырдың соңында архитектор Павл Гурдэның жобасы бойынша салынған. Өткен ғасырды ғимарат Пионерлер үйі қызметін атқарды. Ал 1950 жылдан бастап Әміре Қашаубаев атындағы №1 балалар музыка мектебі аталды. Балаларды ән әлеміне баурыған мектеп 2010 жылы жеке кәсіпкерлерге сатылды. Жылдам тамақтану желісі айналған ғимараттың қазіргі келбеті түпнұсқасына мүлдем ұқсамайды.
Бұрын
Қазір
Бұл тізімді жалғастыра берсеңіз кете береді. Октябрь кинотеатры, ескі Медеу қонақ үй, ескі әуежай және Алматы мақта фабрикасын да атап өтуге болады.
А. Рысдәулет