- Негізгі бет
- Мәдениет
- Сұлтан Аманжол: "Мұқағали...
Сұлтан Аманжол: "Мұқағали өлеңдері сурет салуыма шабыт берді"
Массагет порталы кейінгі кезде ерекше суреттермен көптің ықыласына бөленіп жүрген, суретші, Доғдұрбек Нұрғазиев атындағы “Аласиа” сыйлығының иегері Сұлтан Аманжолмен бүгінгі сурет өнері, Мұқағали шығармашылығы туралы сөйлесіп қайтты.
– Сұлтан, суретші ретінде Мұқағали Мақатаев сенің шығармашылығыңа қалай әсер етті?
Ақынның туған жері Нарынқолдан болғандықтан, оның өлеңдері, табиғатқа арнаған жырлары, менің шығармашылығына әсер етпей қоймады. Мұқағали өлеңдеріне байланысты "Ақпандатқан, 1941 жылы" деген сурет салдым. Бұл жерде Екінші дүниежүзілік соғыс, әкенің баладан айрылуы, тылдағы ауыр тұрмыс, соғыстағы адамдардың туыстарын күтуі, оралмаған әке, аға, іні бейнеленеді. Бұл жұмыс сюралистік бағытта. Одан бөлек тағы да бірқатар суреттер салдым. Солардың арасында Мұқағали Мақатев портреті де бар. Ақынның портретін 2017 жылы салдым. Бұл портреттің өзгелерден ерекшелігі ақынның жастық-шағы бейнелеуінде. Неге жастық шағын салдым? Біріншіден, көптеген суретшілер ақынның 40-45 жасын салған. Мен жас кезін бейнелеуді шештім. Екіншіден, кез келген өнер адамы 25-30 жасында жалындап тұрады. Әсіресе, ақындар. Көптеген өлмес туындыларын жас кезінде жазып қалдырады.
Мұқағали Мақатаевтың суретінің авторы жас суретші – Сұлтан Аманжол. Кенеп, майлы бояу. Көлемі 1м х 90 см
"Сурет саларда алдымен бейнесін елестетіп, ойыңда пісіресің. Толық көңілімнен шығу үшін оны 3 апта салдым. Хан тәңірі екеуін бірге салуымның да маңызы зор. Себебі, Мұқағали осы таудай биік тұлға ғой. Оның Хан Тәңіріндей биік екенін, өз ауылында, ойланып отырғанын көрсеткім келді", - дейді суретші.
Мұқағали өлеңдері бойынша салынған – "Ақпандатқан, 1941 жылы" кенеп, майлы бояу
– Ақынға арнап салған алғашқы туындың қалай аталады?
Кәсіби суретке келмей тұрып, оқушы кезде Мұқағали өлеңдерін, поэмаларын жаттап өстік. Сол кезде "Аққулар ұйықтағанда" поэмасының желісімен сурет салғаным бар. "Райымбек, Райымбек" поэмасында: "қара суды қақ жарған Райымбек" дейтіні бар емес пе? Сол бойынша салған суретім бар.
– Ақын мен суретші арасында қандай ұқсастықтар болады деп ойлайсың?
Өлең мен сурет тең ұғым ғой. Өлең сөзбен салынған картина. Сурет те үнсіз өлең. "Поэзия – сөзбен жырланатын сурет. Нағыз ақын бір мезгілде суретші де, музыкант та болады, өйткені ол сөздерді дұрыс ырғақпен, дұрыс образды сала отырып "жырлайды", - дейді емес пе? Менің түсінгенім, суретші жұмысының нәтижесіне қанағаттанбауы керек, ешқашан! Өйткені осы арқылы жақсы дүние тудыруға, жақсы туындының мәніне тереңдей бойлауға болады. Және бұл оның сезімі мен ойын неғұрлым анық білдіреді. Суретші туындысының ең биік төрешісі ретінде өнердің шыңына жеттім деп есептеп, қол жеткізген табысына тоқмейілсуіне болмайды. Оның тағдыры бұдан әрі дамуы "ашқарақтығына" байланысты. Осы арқылы басы да, соңы да жоқ кемелдікке апаратын жолға түседі. Ақын туралы да осылай айтуға болады.
Біз аз-кем сұқбаттан кейін суретшінің кейінгі уақытта салған картиналарына, сурет өнерінің қыр-сыры туралы сөйлесуді ұйғардық.
"Сарыжаз ауылы" этюды. Кенеп, майлы бояу
"Сурет дегеніміз бір жалт еткен дүниені ұстап қалу. Этюдтік жұмыстар арқылы осындай шығармаларды дүниеге әкелесің. Суретшінің шеберлігі сол түстердің барлығын уақытында көре алуы. Жарық, тон, түс, композиция, контраст, түстердің бір-бірімен байланысы әр суретші де ерекшеленіп тұрады. Мысалы мына этюдты аулым – Саржазға барғанда жарты сағат ішінде салдым. Бұл жерде жаңа айтқандай бір сәттік түстерді ұстап қалу үшін тез жұмыс істеуге тура келеді. Себебі, табиғат та өмір секілді қозғалыста. Түстер үнемі бір орнында тұрмайды, олар да қозғалыста, уақытында ұстап қалмасаң айрылып қаласың", - дейді суретші.
"Райымбек батыр". Кенеп, майлы бояу
"Мына жұмысым "Райымбек батыр" деп аталады. Бұл картинаны салу үшін батыр туралы екі кітап оқып шықтым. Мұқағали Мақатаев музейінде қалқан, дуылғалар бар. Соларды көрдім", - дейді Сұлтан.
"Карантин". Кенеп, майлы бояу
"Мына картина "Карантин" деп аталады. Бұл пандемия кезінде салынған жұмысым. Мысалы, "Асауға тұсау" суретімде барлығы айқын, көрініп тұрса, бұл суретте керісінше, сырын ішіне бүгіп тұрады. Өзің тап дейді. Сондықтан, әр адам өзінше түсінеді. Меніңше, суретшінің де мақсаты осы. Бұл жұмысқа 3-4 күн уақыт кетті. Қарап тұрсаңыз қызыл мен көк түстер басым. Осы арқылы қысымды бергім келді. Сол түстердің ортасында үй, жалғыз адам жабырқап тұр. "Соңы жақсылықпен аяқталсын" деп оң жақтан Күннің бейнесін салдым", - дейді Сұлтан Аманжол.
"Асауға тұсау". Кенеп, майлы бояу
"Асауға тұсау" шындығында Алашордашыларға арналған туынды. Оларға асауға теңесек болады. Асауға жабылатын адам көп. Оны жығуға тырысады. Астындағы шаңы олардың еңбегі. Түбінде жарқ етіп жанады деп ерекше жарық түс бердім. Жалпы, әділдік орнайды деген мағынада салдым. Бұл суретті салу үшін де көп іздендім. Бірнеше эскизін салдым. 2 айдай уақыт кетті", - дейді суретші.
Айта кетейік, Сұлтан Аманжол, суретші – 1993 жылы 1 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы Нарынқол ауылында туған. Қазақ педагогикалық университетінде көркем сурет факультетінің кескіндеме мамандығын тәмамдаған. Еліміздегі бірнеше байқаулардың лауреаты.
Т. Раушанұлы