- Негізгі бет
- Мәдениет
- Шынайылыққа шөлдеген шынар...
Шынайылыққа шөлдеген шынар
Құшағы қатты халықтың ұлы (Әселхан апамның сөзі – Қ.И.) екенімізді тағы байқаттық. Бекзат баһадүр жеңіспен оралғанда да сөйткенбіз! Ыстық эмоцияны салқын ақылға жеңдіре алмаймыз ғой сол! Тым құрыса, фильмнің трейлерін көріп алсақ, қайтеді? Жоқ, желпініп жетіп барғанбыз. Бөстекі сөз – көтергеніміз. Арасында мен де бармын.
Министрліктер үйінің 15-кіреберісіне келдік тілшілер. Дүниені жарған жаңалыққа қол жеткізу – ойымыз. Аққудың көгілдіріндей Самал қарсы алдымызда тұр. «Айка» фильмінің актрисасы қолымызға 71-інші Канның жүлдесін әкеп берді. Өзі бидай сынды тарамыштары бар кішкентай-ақ жүлде екен. Пальма ағашы әйнектің бетіне алтынмен бейнелепті. Бірақ оған алтын уақыт пен тер кетті ғой талай жыл. Самалды алғаш сонда көрдім. Жеңісін тамсанып талайлар жазды. Оқырманыма ол жаңалық емес. Мен Самалдың сұлулығын сөз еткім келді…
Айканың жаны жібек…
Самал халық алдына дер кезінде шықты. Қыз Жібектің сұлулығын айта-айта таусылғанбыз. Одан кейінгі, әсіресе, бүгінгі аруларымыздың талайының сұлулығын әлеміш-жәлеміш бояулар жаулады. Самалдың өңінде жұқандай да бояу жоқ. Тіпті, ернін күлгіндеп алсашы. Ол ақырын ғана келді қасымызға.
Қуанышы мен елге деген аңсары жүзіне шығып кетіпті. Баспасөз конференциясы басталды. Әңгіме біреу – «Айка» айды аспанға бір-ақ шығарды! Көбіміз өрекпи сөйлейміз. Самал сабырлы. Ыстық эмоциясын шұлығына жасырып қойған Еслямова.
Фильмнің бюджеті 20 миллион эуро екен. Түк таппағандай, соны сұрадық. Өнерге кәсіби көзқарас жоқ. Енді өнерде қалатын-қалмайтынын сұрап, қажыттық. Жоқ-барды терміштеп кеттік. Жеңісін әлеміштеп бояп, ғарыштан келгендей көрдік.
Мұның бәрін Самалдың самал үні тыйды. Аузынан «қатты қуанып тұрмын» деген сөз шыққан жоқ мүлде. Жәй ғана «қуаныштымын» деді. Тарбағатайды тоғыз айналып, қолындағы сыйлыққа жеткен жан сияқты жәйбарақат. Шымкентшілесем, беймарал!
«Актриса болу – арманым емес еді» деді сыбырлай. Оған өмірдің өзі әкеліпті. Менің әріптесім болуды қалаған екен. Ислямова тілші болса, мен сияқты тасуырлап тұрмас еді. Бәрін «жүдә жақсы» деп жүре берер еді Самал! Ол да шынайы жазар еді, бірақ. Шынайылыққа шөлдеген қоғамның жалғызы ол!
Сабырлы сарғалдақ…
Самал шынайы сөйлейді екен. Сөзінен ешбір фальш байқамадық. Фишка үшін де ештеңе айтпады. Баян Алагөзовалар құсап, алқынбайды да екен. Барынша өзін қарапайым ұстады. Жел үп етсе, бір шоғы үзілетін сарғалдақ сынды. Сабырлы сарғалдақ. Нағыз кемелденіп, хауыз жарған гүл. Қазақ аруының болмысы қандай екенін көрсетті төрт тарапқа. Тек әттең бұрымы болмады. Әйтпегенде тағы біраз жүректі бармақтай ғып күйдірер еді. Туған жерінен сыртта жүрген Самал үшін ол сын емес. Анау тықылдақ Маржандар елде жүріп-ақ, шашын тоқырлап алып тастамап па еді қай жылы?! Кейін етегін ұзартып, басына жаулық салды есті қыз. Самалдың шашы өлең екен. Көңілі де өлең. Жанын жаралап алғысы келмей тұрады. Өзің де аялай сөйлейсің. Өзі де аялай үн қатады.
«Бұл Каннға жеті жыл тер төктім» деді ақырын ғана. Оның алдында 12 жыл бұрын «Қызғалдақ» фильмінде ойнаған. Қазақ қыз туралы. Ендігісі қырғыз арудың тағдыры. Баласын тастап кететін тасжүрек екен. Ақ қар, көк мұзда табанынан өткен сыздан өкшесі жарылыпты. Суық қарып, жылапты.
Ауызашарға келген ару…
Ол ару деген атты абыроймен алып жүр екен. Боямасыз, шынайы ару. Кешке Самалды Мәдениет Министрі мен Асанәлі ағамыз қатысқан ауызашарда кезіктірдім. Астанада жас ақын-жазушылардың алқалы жиыны болып, Бейбітшілік және келісім сарайында шағын дастархан жайылып еді. Үркек аққу сынды столға ақырын ғана келді. Кілең қаздың арасына түсіп кеткен көл падишасы сынды. Ауызашарда Алаш абызы Асанәлі Әшімовтың қасына отырды. Құттықтағанында Асанәліге бетін емес, маңдайын берді. «Асанәлі ата» деп тіл қатқаны қандай тәтті. Алдындағы «сок-мокқа» қолын созған жоқ. Тек қана су ішті. Жиған көрімдігіне ұялып тұрды. Асанәлі атасы бесмыңдықты бірден ұсынып, «қалтамда жүргені осы екен» деп, жоралғы көрсетті. Министр мен Маемеровтен де көрімдік ұстады. Бақытгүл Бабаш-ау онмыңдықты шығарды. Ал жігіттерімізді түсінуге болады, ақшаларын жеңгелерімізге өткізген. Самал сөйлегенде Бейбіт Сарыбай бастаған, Дархан Бейсенбекұлы қоштаған жігіттер үнсіз жұтылып қалды. Бәріміз сұлуға үңілдік. Қазақы оюы бар шапан киіпті. Ішінде жұқалтаң қызыл көйлек. Көйлегі өңіндегі қызыл реңді айқындап тұр. Бұл кеште де Самал түк боянбаған. Ай таңбасы бар алқа тағыпты. Әлгі алқа аруға түскен бүкіл назарды аймүйіздене қағып тұрды. Артынан қу тілді Бейбіт: «Өмірімде өзім-өз болып жүгірген жұлдызым Самал екен. Сұлу, иә?!!» деп әзілі аралас тамсанды. Артынан Бану жеңгеміз де сөз ұғар ғой, «Менің Біржанымның несі кем елден?» деп желіге Бейбіттің жаңағы фотосын жүктеп қойыпты.
Биязы бойжеткен…
Фильмдегі ана рөлі – Самалдың жан жүрегіндегі рөлі екен. Бұған дейін де бірнеше ананы ойнаған. Енді өмірде ана болғысы келеді биязы бойжеткеннің. Сол образды өмір бойы алып жүргісі келеді. Көптің жүрегі солқ етті. Алыста қалған аңсарларын сағынды әлдекімдер. Ол қысылып отырды. Асанәлі Әшімов ырымдап, стақанына Самалға үргізіп алды. (Сондай да «дәстүр» бар екен). Самал қопалақтап отыр. Абыз керемет сөйледі. Кешегі Кеңес заманынан кейін кино корифейлерін тамсантқан жеңіске бағалады. Самал шын қысылды. Ақырын ғана «Үйге қайтсам бола ма? Қызылжарда ата-анам күтіп отыр еді» деді ернінің астымен. Үлкендер рұқсат берді. Самалдың тез-тез басып кетіп қалғаны дұрыс болды. Есті қыз етегімен ерлердің арасында отырмаса керек-ті. Жұмыс барысымен барғасын біз отырдық шыдап. Самал енді біраз отырса, жігіттерден бірі нөмірін сұраса да таңқалмайтын едім. Ішінде Бейбіт Сарыбай сынды естілері рауғаш туралы әңгіме айтып беруі мүмкін. Ерлан Жүніс сыздана өлең сыйлауы мүмкін. Серікзат ағасы аялай арнау айтар, бәлкім… Қалғанына сенім жоқ…
Арлы ару…
Самал бүкіл қазақ қызына жақсы образ, жақсы ой тастап кетті. Бөбекті тастанды етпеу туралы. Етегіңді еркін қылмау жайлы. Сосын әпкең шашыңды жұлса да, әке-шешең үнсіз жыласа да, шыдау керек екен. Сонда кейбіреулер сынды өкінбейсің екен. Аузымда кермек өкініш қалды. Әлгіні жұтсам әлденеден айырылатындай тығылдым да қалдым.
Тағы бір тілшінің қуғынбай сұрағы брифингте көңілімді бөлді. «Осы уақытқа дейін қанша рөл ойнадыңыз?» дейді. Самал сырбаз екен. «Он рет ежіктейсіз бе?» деп мында отырған мен шарт кете жаздадым. Қазақ батырының шешесін сомдапты. Өнерден өзге ешқайда кетпейтінін жеткізді. Самал киноға өнер деп қарайды. «Айка» айтылып, әлемді қаратқан жаңалық шыққан күннің ертеңінде Ерқанат Тұрсынжанұлы деген қыртымбай: «Ертең фильм экранға шыққанда қазақ қызының табиғатына келмей, ұялып қалмайық, артын күтейік», – деген ой ілді. Баспасөз жиынында Самалдан осыны сұрадым. «Мен бәріне өнер деп қараймын. Өнер рұқсат еткен дүниені жасадым. Сол шекке дейін ғана бардым. Фильмде анау айтқандай анайылық жоқ», – деді шын ақталып. Мен шынайылыққа шөлдеген жалғызға сендім.
«Айка» ақталмасыншы…
Баспасөз отырысында Министрге мазасыздау бір сұрақ қойып ем, қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Ал Самалым үнсіз отыр. Дәлелдеп керегі не, бірақ?! Алдымызда алтыны! Қолымдағы қағазға үңілсем, «Догманнан» эпизод бейнеленіпті. Жоғары жақта жаны жүдеген образда Самал. Әлгі сұрақты қойғаныма өзім өкініп кеттім. «Award best actress» екені анық жазылған. Самал Еслямова екені де ойып көрсетілген. Астында үздік актер ретінде Марчелло Фортенің есімі тұр. Самал – әлемді таңқалдырған жаңалықтың кейіпкері. Әйтсе де, мұнысынан қысылып, «Тыныштықтарыңды бұздым, кешіріңдерші» дейтіндей түрі.
Қазақшасы қаймақтай…
Мен үш сұрақ қойып үлгердім. Үшеуін үш басылымға беремін, қаламақыға қаламым қампаяды деп мәзбін. «Айканың» режиссері Сергей Дворцевойдың «Қазақфильмге» шақырылғанына қуандым. Ол да «ендігі жерде қазаққа қызмет етуге дайынмын» деп кесіп айтты. Сергей Самалды 12 жасында-ақ байқапты. Театр колледжін бітірген соң Мәскеуге ГИТИС-ке түсіпті. Сонда Асхат Маемеров Самалдың курстық ойындарын көрген екен. Самал Петропавл өңірінде өссе де, қазақшасы қаймақтай. Онысын қазақ мектебіне барғанымен, ананың сүті, әкенің сұсымен сіңгенімен түсіндірді. «6 жасымда ата-анам алдыма таңдау қойды. Мен қазақ мектебіне баруды қаладым» дегенін естігенде, сұлуды тіпті жақсы көріп кеттім. Қазақтың маңдайына біте қалған, сары қыз!
Министрдің берген бір бет қағазын үйімнің төріне сақтап қойдым. Тап сол үшін, министрдің қолынан алғаным үшін емес! Өйткені, бір жапырақ қағазға Самалдың жеті жылғы қара тері, қара еңбегі сіңген екен!..
Мен соңын күтпей, біткен бойда редакцияма асықтым. Қарап отырып, Самалды аядым. «Әлеуметтік желіде неге жоқсыз?» «Инстаграмм қызықсыз ба?» деп түкке тұрмайтын сұрақтармен алтын уақытын алдық. Миын ашыттық. Ауызашардан соң да Самал сынды үйге жүгірдім. Келе сала әке-шешеме хабарластым. Қазақтың тағы бір даңқты қызы шыққанымен бөлістім. Үйге асыққанымның себебі, Самал аңсау мен торығудың, сезім дегеннің не екенін сездіріп кетті. Сол сезіммен қалғым келді. Әйтпесе, бір фильмді жеті жыл мыжуға қай жұлдыздың жүйкесі жетеді? Самал Мәскеуде Қызылжардың маса-сонасын, суығын сағынбады дейсіз бе? Демек, бұл сезімдердің бәрі Самалға таныс. Елге келгенде аңсары жүзіне шығып, бетінің ұшын сәл-пәл алақыздырғаны сол. Самалмен кездескендегі сезімімді 30 минуттың ішінде жазып үлгердім. Осы отыз минутта ой-мен қырды терміштеп кетсем, кешіріңіздер!
Ол аппақ көйлек киіп келген еді. Елден зерлі шапан жабылды. Самалым тіпті жайнады. Аппақ көйлекпен, аппақ оймен Астанаға да қуанып келді. Кейбір сұрақтар көңілін жүдетіп кетті, брифингтен білем. Оқып-тоқиықшы, әріптестер!
Самалдың үздік ойынының бізге бергені – баласын тастап кету тиылса, қанеки. Өкпе мен еттің арасында осындай бір желік бүлкілдеді. Бала асырап алғысы келетіндер көп қой. Соларға нақты ой салды Самал. Сол үшін де рақмет, сабырлы сұлу!
Құралай МАНАРБЕК
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018
Т. Раушанұлы