- Негізгі бет
- Мәдениет
- Шоттағы қаржыны қарапайым...
Шоттағы қаржыны қарапайым селфи қорғайды
Банкирлер жаңа жүйе хакерлерге қарсы тұра алады деп сендіріп отыр. Бұл ресейлік қаржы ұйымдарында сынақтан өтіп үлгерген. Олардың Қазақстандағы еншілес банктері де селфи сәйкестендіруді енгізуге қызу дайындалып жатыр.
Енді банкте кез-келген қаржы операциясын жүргізу үшін ПИН-код пен құпия сөзден бөлек, өз-өзіңді суретке түсіру міндетті болмақ. Әйтпесе, банкоматтан ақша да ала алмайсың, несие де рәсімдей алмайсың. Ал ол үшін алдымен қаржы ұйымының бөлімшесіне барып, төлқұжаттағы суретті базаға енгізу керек.
Сол ресми сурет пен селфи сәйкес келсе ғана, банк қызметін әрі қарай қолдануға рұқсат.
“Жүйе тестілеуден сәтті өтті. Сондықтан, ол жыл соңына дейін ВТБ24-тің барлық бөлімшесінде жұмыс істейтін болады. Біз де сол банктің еншілесі болғандықтан, селфи сәйкестендіруді енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз,- деді ВТБ банкінің Қазақстандағы басқарма төрағасы Дмитрий Забелло.
Банкирлер міндетті сәйкестендіру Қазақстанда келесі жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарлап отыр. Мұның бәрі соңғы кездері қаптап кеткен хакерлерге қарсы тұру үшін қолға алынған.
“Жаңа жүйе тіпті егіз адамдарды бір-бірінен ажырата алады. Клиенттер селфиді сол сәтте жасауы керек. Алдын-ала түсірілген сурет жарамайды. Сәйкестендірудің бұл түрі алаяқтардың құйтырқы әрекетіне жол бермейді,-дейді «Сбербанк» АҚ еншілес банкі маркетинг және коммуникация басқармасының директоры Олегжан Бекетаев.
Тек сарапшылар бұған үлкен күмәнмен қарап отыр. Айтуларынша, селфи сәйкестендіру кибералаяқтарға тиісті деңгейде төтеп бере алмайды.
М. Ақан“Қазір адамдардың бет әлпетін өзгенікіне айнытпай өзгерту қиын емес. Ал, хакерлердің қолынан келмейтіні жоқ. Селфи сәйкестендіру алаяқтардың өзгенің атынан оп-оңай несие алуына жол береді. Сондықтан жүйені әлі жетілдіру керек деп ойлаймын”,- деп өз ойымен бөлісті кибершабуылды талдау және тексеру орталығының президенті Олжас Сәтиев.