Санта Муэрте – ұрылар мен қылмыскерлер құдайы

Санта Муэрте (Santa Muerte тіркесі "Қасиетті Өлім" деген мағына береді) — Мексика мен АҚШ-та кең тараған діни культ. Санта Муэрте культі діни синкретизм барысында, яғни, бірнеше ағымның тарихи даму үдерісі кезіндегі өзара байланысы салдарынан пайда болған. Нақтырақ айтсақ, мексикалық үндістер (ацтек, майя) сенімі мен католицизм.

Өздерін католик санайтын мексикалықтар да "Өлім құдайларына" сыйынып, "Өлілер күнін" атап өтеді. Себебі, бұл олардың ата-бабасынан келе жатқан дәстүр. Мұндай культ туралы алғашқы деректер XVII ғасырда жазыла бастаған. Қазір бұл нағыз секта деңгейінде. Әлем бойынша 2 миллиондай сенушісі бар.

Сенім мәні

Санта Муэртеге сыйынатындар "Өлім құдайы" дұғаларымызды естіп, тілегімізді орындайды деп сенеді. Әдетте әйел сүйегін түрлі түсті көйлектермен безендіріп шағын мүсіншелер жасайды да, сол жерде топтасып дұға етеді. Оған құрбандыққа ішімдіктер, темекі мен шоколад апарып береді.

Жергілікті халық үшін бұл Құдайдың сүйкімді болатын себебі, діни сенім бойынша, Санта Муэрте алдында барлық адам бірдей, соның ішінде наркобарондар, есірткі тасымалдаушы қылмыскерлер мен ұрылар да... Олар қылмыс жасар алдын құдайына сыйынып, ойлаған ісінің оңынан болуын сұрайды. Есірткіні өзге жерлерге жеткізуге, қалаған нәрсесін жымқырып кетуге, істеген қысмыстары үшін жазаланбауға осы Санта Муэрте көмектеседі деп сенеді.

Таралуы

Мексика билігі бұл қозғалысты "шайтанға сену" деп үнемі репрессиялар жасап отырады. Сенім өкілдері тұрғызған храмдарды қиратып, Санта Муэрте мүсіндерін құлатады.


Осыған қарамастан "Өлім құдайына" сенушілер саны қарқынды артып келеді. Оңтүстік Америка құрлығынан көшкен эмигранттар әсерінен АҚШ-тың Нью-Йорк, Чикаго, Хьюстон, Сан-Антонио, Тусон мен Лос-Анджелес секілді қалаларында кең таралды.

Ал АҚШ-та таралған дүниенің тез сәнге айналатын әдеті бар.