- Негізгі бет
- Мәдениет
- Сағызыңыз сәніңізді бұзып...
Сағызыңыз сәніңізді бұзып тұр
«Же шапаным, же» деген сөзді айтқан Қожанасыр туралы аңыз баршамызға таныс болар. Адамды киіміне қарап қарсы алғанда, оның ұстаған сөмкесі, таққан әшекейі, қолғабы мен галстугі де маңызды рөлге ие. Бұл бұйымдар жыл мезгіліне, ауа райына, барар жеріне, адамның жағдайына, жасына лайықты таңдалуы тиіс. Барлығын талғаммен таңдап, сырт келбеті мінсіз көрінетін жанның аузында шайнаңдаған сағызы болса ше?
Барлығын бір сәтте шайып тастайды да, тәрбиесіз адам кейпіне еніп шыға келеді. Осындай олқылықтарға жол бермес үшін, тағы да бірқатар этика ережелерімен таныс болыңыздар.
Көпшіліктің көзінше шашыңызды реттеп, тырнағыңызды тазалап, киіміңізді түземеңіз. Мұның барлығы сырт көзден тыс жерде алдын ала орындалатын істер.
Үй ішінде не ұйықтарда киетін киімді, халатты, үй аяқ киімін үйден өзге еш жерге кимеңіз. Үй алдындағы дүкенге барсаңыз да, ерінбей киім ауыстырыңыз. Киген киіміңіз өзіңізбен бірге өзгелерге деген құрметіңізді білдіретінін естен шығармаңыз. Тіпті қонақ үй дәлізінде, пойыз вагондарында да бұлай жүруге болмайды.
Қонаққа, жұмысқа барғанда спорттық киімнен бас тартыңыз. Әр киімнің киілер орны болады.
Көшеде өтіп бара жатқанда байқаусыз біреуді қағып кетсеңіз, елеусіз қалдырмаңыз. Міндетті түрде кешірім сұраңыз. Оған еш зиян тимесе де, көңіліне алуы мүмкін. Ал сізді біреу соғып кетіп, кешірім сұрағанда «ештеңе етпейді», «алаңдамаңыз» деген секілді сөздерді айтуды да ұмытпаңыз.
Жөн-жосықсыз қолыңызды сілтеп, ымдап сөйлемеңіз. Қолыңызды әрдайым бақылауда ұстаңыз. Сонымен қатар қолды қалтаға салудан да қашық болыңыз. Ол жаныңыздағы адамға сыйластығыңыз жоғын танытады.
Ресми жерлерге тым ашық не әлем-жәлем өрнегі бар киім кимеңіз. Түрі де, түсі де байсалды, табиғатыңызға сай киініңіз.
Көшеде не қоғамдық орындарда айқайлап сөйлеу, ысқыру – әдепсіздіктің шегі саналады. Қатты дауыстап күлмеңіз де.
Көпшілік отырған жерде темекі тұтатар болсаңыз, алдымен міндетті түрде жаныңыздағылардың рұқсатын алыңыз. Басқалар темекі түтініне аллергиясы бар болуы не басы ауыруы мүмкін. Соның ішінде қыздың жанында темекі шегу оған еш құрметіңіз жоғын білдіреді. Көшеде жүріп тамақ, бутерброд, бәліш жеу де жарасымсыз.
@. @assel_assanova