- Негізгі бет
- Мәдениет
- Нотр-Дам компьютерлік ойын...
Нотр-Дам компьютерлік ойын көмегімен қайта қалпына келтірілуі мүмкін
Ubisoft компаниясының Assassin's Creed Unity компьютер ойыны Париждегі Нотр-Дам ғибадатханасын қайта қалпына келтіруге көмек қолын созуға дайын.
Аталмыш компанияның суретшісі Кэролин Миусс ғибадатхананың үш өлшемді дәл нұсқасын жасау жолында 2 жыл бойы еңбектенген. Оның айтуынша, осы 2 жыл ішінде ғимараттың әрбір кірпішіне дейін мұқият зерттелген.
Unity ойынындағы оқиғалар Парижде, XVIII ғасыр соңында орын алады. Бұл ойын Assassinʼs Creed сериясындағы ойындардың алғашқысы болып, ондағы көптеген ғимараттар мен архетиктуралық ескерткіштер дәлме дәл етіп көшірілген. Аталған ойынды ойнай отырып Нотр-Дамның ең кішкентай детальдарына дейін зерттеуге болады екен.
Бұдан басқа, Құдай Ана Соборын қайта қалпына келтіруде өнертанушы Эндрю Тэллон жасаған зерттеуде көмектесе алады. Ол бірнеше жыл бұрын лазер сканерлеу технологиясы көмегімен ғибадатқананы толықтай сканерлеген.
Айта кетейік, 15 сәуір күні Париждің мақтанышы, тарихи сәулет өнерінің көне жәдігері, 900 жылдық тарихы бар Нотр-Дам де Пари өртке оранған болатын. Алғаш мамандар оны қайта қалпына келтіру үшін 15 жыл мен миллиондаған қаржы қажет деген еді. Бірақ Француз елінің президенті Эммануэль Макрон шіркеуді 5 жылда қайта қалпына келтіруге уәде берді.
"Біз Нотр-Дамды бұрынғысынан да көрікті етіп қайта құрамыз. Мен бұл құрылысты 5 жылда аяқтауды жоспарлап отырмын. Біз біріксек, мұны жүзеге асырамыз", – деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде француз миллиардері Франсуа Пино қайта қалпына келтіру жұмыстарына 100 миллион еуро қайрымдылық жасауға дайын екенін мәлімдеген. Тағы бір француз миллардері Louis Vuitton Moët Hennessy компаиясының иесі – Бернар Арно 200 миллион еуро қайрымдылық жасайтынын айтқан. Жалпы, шетелдік БАҚ өкілдері атақты ғибадатхананың қайта қалпына келтіру жұмыстарына қазірдің өзінде 1 миллиард еуро жиналғанын жарыса жазуда.
Т. Раушанұлы