Н.Назарбаев: "Тәуелсіз Қазақстанның жетістігі – жастар"

Бүгін Астана қаласындағы "Нұр әлем" павильонында ("EXPO-2017" көрме кешені) "Тәуелсіздіктің ұрпақтары" атауымен Елбасының қатысуымен Жастар жылының ашылу салтанаты өткенін жазған едік. Аталған  іс-шарада Елбасының жастарға қарата айтқан сөзін назарларыңызға ұсынамыз.

"Жастар менің айтайын деген мәселемнің бәрін әр салада көтеріп жатырсыңдар. 27 жыл тәуелсіздік барысында көп нәтижеге, бірқатар жетістікке жеттік. Дамыған Қазақстан мемлекетін дүние жүзі картасына белгілі етіп қойдық. Дәл осындай мемлекет бұрын соңды қазақ тарихында болған жоқ. Сондықтан ата-бабамыз армандаған тәуелсіздікті біздің буын орнатты. Әрбір саясатқа келген адам, ел басқарамын деген мемлекет қызметкері халыққа берер жоспары болу керек. Сол жоспарының іске асқанын көрген саясаткер бақытты. Жаңағы айтып жатқан жетістіктермен мақтануға болады. Астананы салдық, елдің әл-ауқатын көтердік, экономиканы дамыттық, бірақ ең негізгі жетістігіміз – мына сендер. Тәуелсіз буын өкілдерін тәрбиелеп шықтық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 


Елбасы бізде құрылыс жұмыстары ауқымды жүргізілгеніне қарамастан ірі қалаларда тұрғын үй жас отбасыларға жеткіліксіз болып келе жатқанын тілге тиек ете отырып: "Бізде ірі шаһар ретінде Алматы ғана болған еді, енді Астана мен Шымкент те осы деңгейге жетті. Тағы да екі қала осындай межеге жету алдында тұр. Осы ірі қалаларда жылына 1 мыңнан кем емес пәтер жұмыс істейтін жастар үшін салатын боламыз", – деп тұрғындары миллионнан асқан үш қала бойынша үкіметке тиісті тапсырма берді. 

Сондай-ақ, "Бастау" жобасының маңызына тоқтала отырып, аталған жоба бойынша 43 мың жас кәсіпкерлікті үйренгенін айтты. "Ауыл - ел бесігі" жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Бізде "Дипломмен ауылға" деген бағдарлама бар. Осының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Ауылға көшіп барғаны үшін жастардың жәрдемақысы бұрын 70 айлық есептік көрсеткіш болса, соны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру керек", – деді ҚР Президенті.

Елбасы статистикаға сүйеніп әлемде 18-бен 30 аралығындағы 300 млн жас жұмыссыз екенін, алдағы уақытта жасанды интеллект кейбір мамандықтарда адамдардың орнын ауыстыратынын айта келе жастарға дұрыс, керекті, жасанды сана атқара алмайтын, дәрігер, мәдени саладағы жұмыстар, ұстаздық сияқты мамандықтарды таңдау керек екендігін айтты. 

Сондай-ақ, жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев:

• Жол картасы бойынша грант көлемін көбейтуді; 
• Дипломмен ауылға бағдарламасы аясын кеңейтуді; 
• Өнерлі жастарды қолдауды; 
• Туризм саласын, ауыл шаруашылығын дамыту керек екендігін айтты. 

Сөз соңында: "Біздің ата-бабамыздан қалған салтымыз бар. Кішілер үлкенді сыйлайды, ерлер әйелді сыйлайды. Батысқа ілесеміз, демократ боламыз деп мұның барлығын ұмытуымызға болмайды. Мен қарттар үйіне барғанда қабырғам қайысады. Қазақта мұндай бәле болған жоқ. Әкесін, қартайған шешесін үйінде ұстайтын. Кіші баласын отау иесі деп айтқан. Қазақта баласын жетімдер үйіне беру болған жоқ. Мұндай жетімдер үйі Қазақстанда болмауы керек. Жетім балар үйіндегі балаларды асырап алу қажет. Қазақстанда жалғызбасты қаншама қарттар бар. Олар дүкенге барып келе алмайды. Солардың хәлін біліп, батасын алып тұрыңдар", - деді ҚР басшысы. Алдағы волонтёрлердің атқаратын ісі осы жалғызбасты қарттар болатынын да айтты. 

Осылайша, елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарын іске асыру бастау алатын болады. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жыл "Жастар жылы" деп жарияланды.