- Негізгі бет
- Мәдениет
- Неліктен теле-өлшеуіштер қазақ...
Неліктен теле-өлшеуіштер қазақ тілді аудиторияның өсуін ескермейді?
TNS Central Asia (Kantar TNS) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, қазақ тіліндегі телеарналардың қаралым саны топ-5 рейтингіне ілікпейді, теле-өлшеуіштер нәтижесіне сай, бұл тізімде "Еуразия" бірінші арнасы көш бастап тұр. Кейін отандық арналардың рейтингін жасау кезінде халық саны 100 мыңды құрайтын қалаларда тұратын 2800 адам пікірі ғана ескерілетіні белгілі болды. Олардың 40 пайызы қазақ тілін білмейді. 60 пайызы этникалық қазақ болғандықтан, мемлекеттік тілді игерген деген болжамға ғана сүйенген.
Бұл туралы: "Панельге (ескерту: зерттелуші топ) сай бізде қанша халық болса, соның барлығы қазақ тілін игерген деп көрсетілген. Мысалы, қала тұрғындарының 60 пайызы қазақтар да, қалған 40 пайызы өзге ұлт өкілдері. Бұл деректерді мемлекеттік статистика агенттіктері береді, біз панельдерді құрау кезінде соны негізге аламыз. Тілге қатысты да солай. Бірақ бұл жерде мәселе сәл күрделірек, себебі мемлекеттік ұйымдар статистикасы бойынша, этникалық қазақтардың бәрі мемлекеттік тілді игерген деп қабылданады", - дейді TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцева.
АҚ РТРК "Қазақстан" басқарма төрағасы Ерлан Карин теле-өлшеуіштер нақты жағдайды көрсетпейтіндіктен үкімет пен бизнес теле-аудитория сұраныстарына қатысты бұрмаланған ақпаратқа ие болады деп есептейді. Сонымен қатар, Ерлан Карин телеарналар қазақ тілді аудиторияның қалай бағамдалатыны туралы толыққанды жауап ала алмай отырғанын алға тартты.
"Телеарналарда өлшеу әдіснамасы бойынша көптеген сұрақтар бар. 2 800 респондент жағдайды қаншалықты дұрыс көрсете алады? Мұнымен де келісуге болар еді, бірақ осы 2,800 респондент қатарынан белсенділік танытпай отырған 600-700 жуық адамның біздің аудитория емес екендігіне кім кепіл? Сұхбат алушылардың өздері қазақ тілінде сөйлесе ме? Тіпті, телевизиялық өлшеулердің негізгі параметрлерін анықтайтын жұмыстардың қалай жүргізілетініне дейін түсініксіз. Бір қызығы, телеарналарға бұл жұмыстардың жүргізілу тәсілдері туралы еш мәлімет берілмейді. Жоғарыда айтылған себептерге сүйене отырып, есептеулерде объективті сандарды алуға ұмтылу үшін тәсілдерді өзгерту қажет деп есептейміз. Телеарналар нәтиже көрсеткіштерінің жиі ауытқуына байланысты алаңдаушылық білдіреді", - деді Ерлан Карин.
Татьяна Старцеваның айтуынша, тіл телеарна көрсеткішіндегі басты критерий болып табылмайды. Ол қала халықтарының ішінде орыс тілін білмейтін қазақтар саны аз екенін атап көрсетті.
"Көрерменнің телеарнаны қарауына тіл шектеуіш бола алмайды. Олар үшін қай тілде емес, не көрсетілетіні маңызды. Тіл көрерменнің арна таңдауының критерийі болып табылмайды. Арна өз контенті арқылы қызықтырады, және сол ғана таңдау критерийі бола алады. Мәселе осыда", - деді Татьяна Старцева.
"Atameken Business" компаниясының бас директоры Қанат Сахарияновтың пікірінше, қазіргі Қазақстан жағдайында тіл телеарна көріліміне тікелей әсер етеді. 25 жылдан астам уақыт ішінде қазақстандық аудиторияның қажеттіліктері өзгерген.
"Қазір қазақ тілінде сөйлейтін халық саны орыс тілділерден басым. Егер бұрын аудитория теледидар бағдарламаларының 60 пайызын орыс тілінде көргісі келсе, қазір, керісінше, 61 пайызы қазақ тіліндегі бағдарламаларды көргісі келеді. Біздің аудитория айтарлықтай өзгерді. Тек қана қазақ тіліндегі контент ұсынатын телеарналар рейтингінің төмен болуына зерттеуге қатысқан 2,800 көрерменнің 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалаларда ғана өмір сүретіндігі себеп болып отыр. Яғни, елді мекендердің тізімі 21 қаладан тұрады. Яғни, ауыл және қалашық көрермендері есепке алынбайды ", - деді Қанат Сахариянов.
Ерлан Карин "Qazaqstan - еліміздің барлық аумағын жүз пайыз қамтитын жалғыз телеарна" екенән де атап өтті.
"Біздің теле-өлшеуіштеріміз бен сауалнамаларымыз арқылы арнаның аудиториясы кеңейіп, қаралым саны өсіп келеді, бұған қоса, телеарналар медиа нарығында жаңа үрдістерді орнатып жатыр. Біз мұны әлеуметтік желілердегі реакция, жарнамалық кірістердің артуын, арна өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда сату көлемінің артуы сынды көптеген факторлар негізінде білеміз. Өлшеулер маңызды саналатын Қазақстан қоғамының профиліндегі өзгерістерін көрсетпейді. Мысалы, урбанизация өсіп келеді, бұл үдерістің себептері мен факторларының өз түсініктемесі бар. Негізінен қазақ тілінде сөйлейтін адамдар ауылдардан қалаларға көшіп барады, тиісінше, қала тұрғындарының келбеті өзгеруде. Сондықтан, пайыздар да өзгеруі тиіс. Қазақстандық аудитория бүгінде қазақы мазмұнға үлкен қызығушылық танытып отыр, бұл - қалыптасқан үрдіс. Он жыл бұрын бұл туралы сеніммен айтуға болмас еді, бірақ қазір бұл - шындық", - деді Ерлан Карин.
Старцеваның айтуынша, "Еуразия" Бірінші арнасының бірінші орында болуы - оның Қазақстанда баяғыдан танымал екендігінің әсері. Қалғандары (31 канал, КТК, НТК және басқалары - автор ескертуі) мезгіл-мезгіл орындарын ауыстырып тұрады.
Телеарналардың басшылары зерттеу тізіміндегі кейбір көрермендер бірнеше жыл бойы өзгермейтінін де айтты.
"Біздің медиа өлшемдер нәтижесіне қаншалықты көңіліміз толады? Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық көрсеткішін қанша адам құрайды? Мен панельдердің (зерттелген топтар) көп пайызы 10 жыл бойы сақталатынын жақында ғана білдім. Яғни, олардың теледидар көру әдеті іс жүзінде өзгермейтінін көрсете ме? Олар бұрын таңдаған телеарналарын ғана тамашалайды деген сөз бе? ", - деді Канат Сахариянов.
Медиаменеджерлер өз ойларын қорытындылай келе, аудиторияның өзгеруі керектігін және өлшемдер ірі қалаларда ғана емес, аудандар мен ауылдарда да жүргізілуін талап етті.
TNS Central Asia деректері жарнаманы орналастыру кезінде кейбір жарнамалық агенттіктерді де ескереді. Егер жағдай өзгермесе, қазақ тілді телеарналары жарнамалық бюджеттердің таралу аясынан шығып қалады, бұл қазақстандық теле нарықтың дамуына кедергі келтіреді.
А. Оралқызы