Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени өмір белестері

Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени өмір белестері

 «Магнитофон мәдениеті»
Тоқырау кезеңіне қарамастан, өнер мен мәдениет кеңестік жүйенің соқпағымен жүре бастады. Экономикалық дағдарыспен бірге қоғам мүшелерінде еркіндік пен табыс көздерін дербес жолмен іздеуге ұмтылу сияқты қажеттіліктер туындады. «Қазақконцерттің» танымал әншілері қалада да, ауылда да концерттік қызметтерін жалғастыра берді. Бірақ бұл олар үшін көл-көсір табыс емес, кәсіби міндет тәрізді болды.

Алматылық «А`Студио» тобы Алла Пугачеваның арқасында бүкіл Кеңес Одағына танылды. Ал бұл кезде ауылдағы мәдениет үйлерінің мүлкі талан-таражға түсіп жатты. Ресейден «магнитофон мәдениеті» келіп, өркен жайды. Магнитофон орыстың поп және рок бағытындағы әндерін кең насихаттағанымен, кейін осы құралдың құдіретімен қазақ әнін жаппай тыңдауға сұраныс туды. Бірақ ең алғаш үнтаспалар арқылы тараған әндер кәсіби де, ұлттық музыка да, сапалы эстрада да емес, әуесқой әншілер мен ел ішіндегі таланттардың шығармалары болды. Синтезатор аспабына қол жеткізген алғашқы іскерлер ән айтып, аудиотаспалар жасауды қолға алды. Туындылары күйтабақ форматында қалған кәсіби әншілер өнері қарапайым халықтан алыстады да, Дәрібаевтар сияқты әуесқой отбасылық ансамбльдер күллі елдің талғамынан шықты.


Тәуелсіздік алған эстрада

1993 жылы «Авторлық құқық туралы» Заң қабылдаған Ресейде осы кезеңнен бастап шоу-бизнесті дамыту мықтап қолға алынды. Ресей америкалық мәдениеттен, ал одан біз тәжірибе көшірмелеуге кірістік. Әнге өңдеу жасаудың өзінде батыстық элементтер орынды-орынсыз қолданылды. Эстрада коммерциялық қызметке бейімделе бастады, альбомдар жасап саудаға шығару табыстың негізгі жолы ретінде өнер адамдарын ынталандыра түсті. Рок пен поп-музыка қайшылығы тереңдеді, бірақ Ресейдегідей орындаушылар арасына жік салған жоқ.

Халықаралық «Азия дауысы» фестивалі эстрада жұлдыздарының кәсіби деңгейін саралайтын сынаққа айналды. Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиеваларды айтпағанда, Қыдырәлі Болманов, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Бейбіт Қорған, Тахмина Әшімбекова сияқты бүгінгі жұлдыздарды алғаш ашып, шоу-бизнестің іргеленуіне септігін тигізді. «Тамаша» ойын-сауық театрының ізбасары болған «Бауыржан-шоу» думаны әзіл-сықақты коммерциялық өнімге айналдыруға жол ашты. Осы театрдың тәлімімен сатира мен сауық майталмандарының тұтас легі тәрбиеленіп шықты. 1996 жылы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заң өз елімізде қабылданып, саладағы ойын ережесін қалыптастырды. «Әнші балапан» өнерлі балалар байқауы халықаралық аренаға шықты. Қ.Болманов негізін салған «АБК» тобы шоу-бизнестегі алғашқы сәтті жобалардың бірі болды. Телеарналарда орындаушылардың бейнеклиптерін көрсету дәстүрге айналды. Ресейде хит-шерулер ұйымдастыру, жылдың үздік әншілерін анықтап, марапаттау сияқты халықтық таңдау әдісі енгізіліп, бұл біздің өнер ортасына да қозғау салды. Ал шексіз еркіндік пен сексуалдық төңкерісті дәріптейтін жобаларды жергілікті менталитет қабылдамай тастады. Музыкада түрлі тың бағыттарға қадам жасау басталды, алғашқы рэп-ұжымдар пайда болды. Тұңғыш отандық отбасылық телехикая «Перекресток» түсіріліп, кино мен драматургия саласына өзінше серпін берді. Қазақстандағы ең жас кәсіпкер әйел Құралай Нұрқаділова сән бизнесін дамытып қана қоймай, өз жобаларын әлемге паш етті. «Сымбат» сән академиясы мен San Bell агенттігі отандық фэшн-индустрияның тасын өрге домалата бастады. 

Жалғасы мында

Суреттер kazpravda.kz, gazeta.lv, almaty.tv сайттарынан алынған

Автор: тұрақты қолданушы Болатбек Мұхтар