Алматыда өткен дүбірлі додада атойлап өнер көрсеткен бес ақын болса, соның бірі – Мейірбек Сұлтанхан. Мейірбектің сахнада өзін-өзі ұстауы, дәстүрлі өнерді бойға жинауы, небір иірім-қайырымды шебер меңгергені көрерменді тәнті етті. «Азаттықтың алтын бесігі» атты аламанда топ жарып, екінші орынды иемденген ақынмен тілдесудің сәті түсті.
– Мейірбек, кешегі айтыста бес ақынға бірдей жоғары баға берілді. Бесеуі де осал емес. Алайда, қазыларға «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтау қиын болған секілді. Арасында өзіңіз де барсыз. Бесеудің ішіндегі мықтыны қалай бағалар едіңіз?
– Әрбір ақынның өзіндік орны бар. Алматының төріндегі Республика сарайына қолына домбыра ұстаған, екі ауыз сөздің басын құрай алатын кез келген адам шыға алмайды. Айтысқа шыққандардың бәрі көптің арасынан екшеленіп шыққан – кіл жүйріктер. Ал екінші айналымда бес ақын бірдей ең жоғары ұпайға ие болды. Сол бес ақынның арасынан іріктеп, өздеріне тиесілі сыйлықты үлестіру – қазылардың шешімі деп ойлаймын.
– Ақындарды қандай критерийлермен бағалаған жөн?
– Ең қиыны – қара қылды қақ жару. Қазы болу оңай, әділ қазы болу қиын. Әділ шешім шығару – әрбір қазының азаматтық пікіріне, көзқарасына байланысты болуы керек. Айтыскер ақын болғандықтан, сахнадағы миссиям өзімді ақындық қырымнан танытып, халықтың ықыласына бөлену. Сол тұрғыдан келгенде, көпшіліктің алдындағы міндетімді адал атқардым деп ойлаймын. Қазылардың шешіміне алып-қосарымыз жоқ. Нағыз әділ шешім болды деп ойлаймын. Дәулеткерей ағамның: «Бәйгені кім алса да, қазақ алды, біреудің мен бақытын күндемеймін» деп айтқаны бар еді. Аспанбектің бұл – алғашқы бәйгесі. Аспанбектің жеңісіне қуанбасақ, тілекші болмасақ, ешқандай өкпеміз жоқ. Ең бастысы, біз үшін халықтың мұңын жырласақ, жоғын жоқтасақ, ақын деген атымызға дақ түсірмесек, содан асқан абырой жоқ.
– Әдебиеттің тарихынан білетін айтыс ақындарының, оның ішінде Құлманбет пен Жамбылдың, Қатаған мен Сүйінбайдың айтыстарын қарасаңыз, олардың ешқандай уақытпен санаспағанын байқайсыз. Қазіргі айтыс ақындары жиырма-отыз минуттан арыға шаба алмайтын секілді. Үшінші-төртінші айналымға жарамай қалып жатады. Неге?
– Ол кезең мен бұл кезеңді салыстыру мүлдем келмес. Ол кезеңде ақындарда еркіндік бар еді. Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Құлманбет айтысы болсын, әр ақынның айтысында уақыттан шектеу болған жоқ. Қазіргі айтыстың шарты сондай. Өйткені жаңа форма. Барлық ақын сахнаға шығып, өнерін көрсетіп үлгеруі тиіс. Әрқайсысына 30-40 минут регламент. Ақындар осы уақытқа үйреніп алды. Уақыт бойынша қалыптастық. Ұзақ айтыс жасауға кез келген ақын дайын деп айтар едім. Айтыста жүрген ақындардың барлығы сауатты, көпшілігі ізденімпаз. Бір ғана қалауым бар. Ол 2003 жылдардағы тікелей эфирдегі «Жекпе-жек» айтыстар қайтып келсе, нағыз айтыс сол болар еді. 1-1,5 сағат жекпе-жек айтысу – ақынның нағыз шеберлігін танытатын өнер. Ринат пен Балғынбектің, Мэлс пен Айбектің айтысы он-он екі жыл өтсе де, әлі күнге елдің аузында айтылып келеді. Тікелей эфир болғандықтан, шынайылық басым. Біздегідей монтаждап, сөзіңді екшелеп, артық айтқан шумағыңды қырқып, күзеу жоқ. Ақын қалай ашып айтты, солай көрерменге жетіп отырды. Айтыстың шынайы бейнесі сол кезде көрінер еді. Ал екінші-үшінші айналымда ақын әлсіресе, болмаса шапшаңдығы азайса, бұл оның ішкі дайындығына байланысты дер едім. Кейде «дайынмын» деп отырғанда, көпшіліктің алдына шыққанда, формаңды жоғалтып алатын сәттер болады. Айтыс пен спорттың ұқсастығы – сол.
– Жүрсін аға өзіңіз туралы: «Ең бір дәстүрді білетін, тілді білетін, иірім, қайырымның бәрін білетін, суырып салып айтатын, арғы-бергіні қозғап айтатын тамаша талантты ақын деп есептеймін» деп баға беріпті. Бізде дәстүрді білмейтін, суырып салып айта алмайтын ақындар бар ма?
– Бұл ақынның өзінің азаматтық ұстанымына, арына байланысты. Мұқағали ақын: «Ақынның ақындығы – атақта емес, ақынның ақындығы – арда ғана» дейді. Мен тек өзіме, өз басыма жауап бере аламын. Айтысқа шығу үшін ұзақ ізденемін. Мың адамның алдында, екі мың көз қадалып тұрған кезде, оны кейін телеарнадан жүз мыңдаған адам қарайтын болғандықтан, әрбір сөзге абай болуымыз керек. Кейде қауып айтасың, кейде тауып айтасың. Бұл ақынның талантына, ізденімпаздығына байланысты. Барынша дәстүрді, тарихты білгені дұрыс. «Қарттың кеудесі – қазына» демей ме, ауылдың қарияларымен кездесіп, өткен шежірелерді түгендеу – менің хоббиім. Айтыскер ақындардың арасында суырып салатын ақындар аз дегенге, өз басым қосылмаймын. Біз түгілі, түйе мінген қазақтың өзі төрт шумақ өлең шығара алады. Қазақтың қара өлеңінде: «Өлеңді айтқан кезде, қойға күзет болсын деп айғайлаймын» дейді. Қазақтар мал бағып жүргеннің өзінде уақытын құр өткізбей, өлең құрап жүретін болған. Қазақтың қанында бар қасиет. Суырып салу деген сөз – барады, шабады деген нәрсе емес. Ол – бейнелеп айту, астарлап теңеумен жеткізу. Мұның бәрі ақынның ұшқырлығына байланысты дүние. Ақындардың бәрі қысылтаяң тұста сөзден қашпайды деп ойлаймын.
– Қарсыласыңыз белгілі болған жағдайда ол туралы ақпарат жинау оңай. Қарсыласыңыздың әлсіз тұсын да алдын ала біліп аласыз. Кейде спорттағы секілді мүлдем беймәлім қарсылас тап болуы мүмкін. Сондай жағдайда ақын тығырықтан қалай шығады?
– Үлкен айтысқа шыққаныма бес-алты жылдың жүзі болды. Маған қарсыласты меңгеру – оңай. Айтысқа шығып жүрген ақындардың бәрі таныс. Олар туралы деректер де жетерлік. Бұл – оңай жағы. Ал қиын тұсы – азулы ақындармен сахнаға шығу. Мысы басып кетуі мүмкін. Орал қаласында ай-тыс өткенде, Бекболат деген жігітпен сөз сайыстырдық. Алғаш рет қатысыпты. Ол туралы ешқандай дерек жоқ. Соның өзінде жол тауып шығуға тура келді. Айтыстың сәтті шығуы ақынның шеберлігіне қатысты деп айтар едiм. Одан кейін кез келген ақын сахнаға бірден шығып кете алмайды. Ол арнайы мектептен өтеді.
– Мектеп демекші, дәстүрді меңгеру, тілді байыту үшін де арнайы білім қажет секілді. Кез келген ақынның қалыптасқан өз жолы бар. Сізді тәрбиелеген мектеп қандай?
–Менің мектебім – Сыр мектебі. «Сыр елі – жыр елі» деп текке айтпаған. Туған өлкем – Жамбыл Жабаевтан кейінгі Мәскеудің он күндігін ашқан халық ақыны Нартай Бекежанов шыққан өңір. Біздің өлкеде бес ғасыр адамы шыққан. «Мың бір түнді» аударған Қалмақан Әбдіқадыров та – біздің өңірдің тумасы. Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев шыққан киелі өлке. Ең бірінші, ақынның дәстүрді меңгеруі туған топыраққа байланысты. Әке-шешеміздің де бойында бір кісілік өнер бар. Бірақ ешқайсысы бұл өнердің соңына түспеген. Алғашқы боп сахнаға шыққан кезім әлі есте. Нартай Бекежановтың 115 жылдығында оқушылар айтысына шықтым. Осыдан он жыл бұрын. «Тұлпарды тай күнінен таны» демей ме, тай күнімнен танып, қанатына алған жан – ол Құрманбек Бекпейісов. Нартай әндерін насихаттаушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері. Ол кісі мені айтыстан бұрын Нартайдың әндеріне баулыды. Нартай әндерін сырнаймен сахнаға орындап шықтым. Кенжебай Жүсіп ағамыз бертін келе айтысқа баули бастады. Мұхтар Ниязов деген қарсыласым, әріптесім бар. Ол кісіні өзіме ұстаз деп санаймын. Ақынды қалыптастыратын – өңірдегі ақындар айтысы. Республикалық айтысқа шықпай тұрып, облыста өткен айтыстардың дені үлкен бәсекеде өтті. Біздің өңірде Мұхтар Қуандықов, Еркін Садырұлы, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Әбілқайыр Сыздықов секілді шетінен кіл мықтылар болды. Сол ақындармен сайысып жүріп, қанаттандық, ысылдық. Аудандық, облыстық айтыстардың бәрі маған үлкен тәжірибе болды.
– Қазіргі ақынның сөзден сүрінетін, уәжге тоқталатын кезі аз секілді. Сахнада сөзден сүрінген кезіңіз болды ма?
– Бұл адамның көңіл күйіне де байланысты. Мұхтар Низяовпен «Алтын домбыра» сайысында сүріндім. Әрі балалығым да болған шығар. Сахнаға шыққан кезде, эмоцияға беріліп қойдым. Ақын ішкі эмоциясын көпшіліктің алдында жасыруы керек. Сол арқылы өзімнің формамды жоғалтып алдым. Бұл маған үлкен сабақ болды. Ақындардың кейде сөзден тосылуы да болады. Сөзге, уәжге тоқтау керек. Ақынға қажеті – қиқу. Кейде шабытың ашылған кезде, тоқтауың қиын. Оған себеп, көрерменнің атмосферасы. Көпшілік қиқулап, қошеметтеп отырса, «жүйрікке шу деген жел береді» емес пе? Көптің ықыласы мен ақынның шабыты қатар келсе, оған ешкім тосқауыл бола алмайды.
– Соңғы кездері сізді көпшілік сахнаға астаналық ақын деп шақырып жүр. Біржола астаналық болып кеттіңіз бе?
– Астаналық ақын деп шығаратыны рас. Кешегі айтыста Жүрсін ағама: «Қызылордалық ақын деп шығарыңызшы» дедім. Астананың атынан шығатын ақын көп. Астана – маған бөтен емес. Төрт жыл сонда білім алдым. Қазір сол қалада тұрақтанып жатырмын. Ал Қызылорданың атынан шықсам, елдегі ағайынның, жерлестерімнің де мерейі артады. Астанада жүрсем де, Сырдың атынан шыққанды қалайтыным сондықтан.
– Ақындардың деңгейін көлік-пен өлшейтін болып алдық. «Пәлен ақын айтыста түген көлік мінді» деген сәнге айналды. Айтыста жеңген жүлделер ақынның материалдық деңгейін көтере ала ма?
–«Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын, болсам да өзім кедей, сөзге баймын» дейді. Менің де ең үлкен байлығым – бойдағы өнерім. Содан кейінгісі – ата-анамның амандығы. Бір айтыста алған жүлдең материалдық деңгейіңді реттеуге көмектесетін шығар. Әкем ауылда мұғалім болып еңбек етеді. Әкемнің бір жылда алған еңбекақысын кейде бір айтыста жеңіп жатасың. Бұл маған құдайдың берген бағы деп ойлаймын. Айтыста жүргенім арқылы азды-көпті несібемді тауып жүрмін. Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
– Бір кездері Мырзатай Жолдасбеков айтыстағы кіл мықтыларды қанатының астына жинаған еді. Қазір айтыскерлердің жиналатын ордасы бар ма?
– Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы бар. Осыдан үш жыл бұрын құрылды. Осы одақтың аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Еліміздің әр түкпірінде одақтың филиалдары құрылуда. Ақындардың ортасы жақсы қалыптасқан. Кейбір қалаларда мұндай орта жоқтың қасы. Бәрімізді бір тудың астына жинап жүрген – Жүрсін Ерман ағамыз. Ол ксінің айтысқа еңбегі ерен. Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин сияқты ағаларымыз да қатар жүр.
– Жүрсін аға үнемі ақындарға іздеу сап, таланттарды табуға тырысып жүр. Одан өзге, ақындардың бір-бірін іздеуі қалай? Қатарластарыңызды, ақын ағаларыңызды айтыстан тыс жерде іздейсіздер ме?
– Айтыстан тыс жерде қатарластарымнан гөрі, аға буын өкілдерін көбірек сағынамын. Мэлс Қосымбаев ағамды ерекше іздеп тұрамын. Ол кісінің айтыстарын жаттап өстік. Астанаға келген сайын жолығуға тырысамыз. Сапарымыз түсіп жатса, жарты сағат болса да, Мэлс ағамен сөйлесуге себеп іздеймін. Екеуміз айтыс жайлы, әдебиет жайында әңгімелесеміз. Білгендерін айтады. Ақылын береді.
– Жалпы, айтысты модернизациялау қажет пе?
– Айтыс – синтезді өнер. Кейбіреулер «айтысты шоу жасамау керек» деп айтып жүр. Айтыс дегеніміздің өзі – шоу емес пе? Айтысты жаңа форматқа көшіргеніміз дұрыс. Бірақ «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, қандай шоу жасаса да, айтыс ақындары жүруі керек басында. Әзілкештер, не әншілер емес. Айтыскер ақындар қалжыңды жеткізе алады. Балғынбектің әзілі Петросянның әзілінен кем емес. Ринат пен Жансаяның, Мұхтардың әзілі қандай?! Әр ақынның өз стилі бар. Өзгелер айтыста жүрсе, әншілер шоу жасауға ұмтылса, айтыстың беделін түсіріп алуымыз мүмкін. Содан сақтануымыз керек. Ыбырай Жақаевтың: «Жазушы қаламына, диқан кетпеніне, қойшы таяғына ие болсын» деген сөзі бар. Әркім қоғамдағы өз жұмысын атқарса, мәдениет те, өнер де түзеледі.
Дереккөз: Baq.kz