- Негізгі бет
- Мәдениет
- Меруерт Алтынбек: "Адамның...
Меруерт Алтынбек: "Адамның өресі артқан сайын, дін өзінен-өзі ескіре береді"
Меруерт Алтынбек, кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде өзінің ерекше ойларымен, картиналарымен көптің ықыласына бөлініп жүрген жас суретші. Қылқаламмен бірге қаламды да жанына серік еткен оның бірнеше әңгімелері отандық БАҚ беттерінде жарық көрген. Оның картиналарындағы үміт пен күдік, уайым мен алаңдау кез келген адамды ойландырмай қоймайды.
Ғайып. Кенеп. Акрил
– Өзіңізді таныстырып өтсеңіз, қай жердің тумасысыз, отбасыңыз, біліміңіз туралы...
– Өзім 1982 жылы, қазіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келіппін. Жетісай қаласындағы Сырдария университетінің филология факультеті, журналистика бөлімінде білім алдым. Оқу бітірген соң, аудандық газеттерде азды-көпті қызмет еткенімді есепке алмағанда, бұл салада тұрақтап қалмадым. Журналистикаға, Хабардың дүрілдеп тұрған уақытында, Ләззат Танысбай, Айгүл Мүкей, Дана Нұржігіт, Бибігүл Жексенбай әпкелерімізге ұқсап, ел алдында жүруді қалап түскен болуым керек. Келе-келе, өзімнің түйенің қомында, аттың жалында жүре алмайтынымды түсіндім. Ол уақытта, интернет жоқ. Журналистер аяғына сенген заман ғой. Ал, менің табиғатым асығуды білмейді. Өзімнің журналист еместігімді түсінуіме күн көріс қамының өзектілігі қосылып, сауда-саттықпен айналысуыма тура келді. Кәсіпкерлік маған еркіндік пен қаржылай тәуелсіздік сыйлағандықтан, мен оған байланып қалдым. Осыкүні Астанада қаласында тұрып жатырмын. Үш жасар ұлым бар.
– Әйгілі Мунк: “Өнерім арқылы мен өмірді және оның мәнін өзіме түсіндіруге тырыстым. Және басқаларға өмірді түсінуге көмектескім келді” дейді. Сіздің сурет салудағы мақсатыңыз қандай? Жалпы, сурет өнеріне қашаннан үйір бола бастадыңыз?
– Эдвард Мунк – менің ең сүйікті суретшім екенін айтқым келеді. Иә, Мунк айтқан сөзінің үдесінен шықты. Ол “өмір ғажап!” дегеннің пафос екендігін, шынайы өмірден алынған шынайы туындыларымен дәлелдеп берді дер едім. Өлім, ауру, жан азабы, жауапсыз махаббат сынды күйініші мол өмір, әрдайым ғажап бола бермейді. Мунктің түсіндірмек болғаны осы еді деп ойлаймын. Дұрысы, мен солай түсіндім. Мен Мункті өзіме ұстаз тұтамын. Ол маған өзіңді алдамауды, ауыр, ұят, ащы болса да, шығармашылықта өз болмысыңды жасыруға болмайтындығын үйретті.
Өзіме келсек, сурет салудағы ең басты мақсатым - өз әулетімнің алдындағы парызымды өтеу. Енді, осы айтқаныма түсініктеме бере кетейін: Үлкендердің айтуынша, біздің әулетіміз, ежелден қолөнер мен бақсылықты кәсіп еткен көрінеді. Қолдан бесік, тоқпақ, құмыра және басқа да бұйымдар жасап, оны безендіріп, сатып, ата кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді де, қырық бірінші жылдан кейін күрт үзіледі. Ислам діні жеңе алмаған бақсылық өнерімізді де Кеңес үкіметі жойып тынады. Менің ата-бабам бесік жасап сыйласа, бедеу әйелдің де бойына бала біткен кездері болған екен. Аталарымның өнерінде, қолөнерші мен суретші-дизайнердің жұмысы астасып жатты. Өзім де түп-тұқиянымда болғандықтан, суретшілікке құмар болсам керек.
Ал, бақсылыққа келсек, қазақта: “ бір атадан бір бақсы, бір жақсы туады”- деген сөз бар. Бақсылар қазақ даласында аз болмаған ғой. Әке жағымнан ғана емес, бақсылық өнер нағашы жұртымда да болған. Бала күнімізде, шешем анасынан естіген бақсы өлеңдерін бізге айтып беретін. Ол кезде, сөз қадірін түсінбедік. Жазып алу, жаттамадық. Кейіннен, қанша сұрасам да, шешем сол айтқандарын есіне түсіре алмай-ақ қойды. Бақсылық ол – қазіргі әдебиеттің басы болған ежелгі ғұрыптардың бірі. Бір бақсылықтың өзі-поэзия, проза, музыка өнері, актерлік, бишілік, емшілік, балгерлік, психология секілді түрлі саланы қамтыған. Яғни, бақсылық та айтыс секілді синкреттік өнер.
Осыдан бірнеше жыл бұрын, өзім жастайымнан танитын бір көріпкел, ата-баба жолын ұстану арқылы, әулетіміздің күшейіп, өмір жасымыздың ұзақ боларын болжап беріп еді. Адам көріпкелге жетіскеннен барушы ма еді? Кейінгі жиырма жылда, біздің әулет өлім-жітімнен көз ашпады. Атам Әкімқұлдың он екі перзентінің алтауы, орта жасқа жетпей көз жұмды. Одан бөлек, отызға толар толмас шағында, атамның үлкен ұлының баласы, менің немере інім ауырмай-сырқамай өмірден өтіп, өзегімізді өртеп кетті! Әулетімізді мезгілсіз өлімдерден құтқару үшін, мен нені болса да істер едім! Көріпкелдің кеңесіне жүгінбес бұрын, әулетіме бір көмектессем, байып кетіп, қол ұшын бере алармын деген ойда болдым. Ақшаң көп болса, аурудың алдын алуға болады деп ойладым.
Бірақ, кәсіпкерлік талантым кемшін түсті білем, қанша тырыссам да діттеген межеге жетіп, әулетіме қорған бола алмадым. Ал, бала күнімнен армандаған жазушы не суретші болсам деген армандарымды көп жыл қара сандыққа салып, қамап ұстадым. Қатты қысылған шақтарымда ғана өлең-әңгімелер жазып, ішімдегі бала Меруертті жұбатып қоятынмын. Тыңғылықты айналыса алмағандығымнан құнды дүниелер жасай алдым деп айта алмаймын. Қайтыс болған Сұлтан Дәулет ағаларымның әдеби таланты болды. Өлең жазды. Жата-жастанып, кітап оқыды. Бірақ, он екі баланы дүниеге әкеліп, оларды жетілдіріп үлгермей, дүниеден өткен ата-ананың балалары мектептен кейін оқу оқи алмады. Қазір ғой, талантымен мойындата алған адамнан ешкім диплом сұрамайды. Қазір кез келген білімді арнайы оқу орнына бармай-ақ, өз бетіңше ізденіп те ала-аласың. Ал, осыдан он бес жыл бұрын-ақ, ауылда тұратын адамның ақын-жазушы болуы фантастика еді! Атамның бес ұлының ішінде, әкем ғана жоғары білім алыпты. Ата-анадан ерте айрылып, іні қарындастарының қамын жеп, кейбірін оқытып, әрқайсысын үйлендіріп, үй салып берем деп жүріп, өз денсаулығына мән бермеді. Қырық сегізінде инсульттан көз жұмды. “Үйдің үлкені бола тұра, әкемнің жүгін жеңілдетіп, оны мезгілсіз қазадан аман алып қала алмадым-ау!”-деп, мен әлі күнге дейін өкінемін.
Ендігі жерде, аяулы ата-бабамның, әкемнің, аға-апаларымның құрметіне, Алтынбек әулетіне қонған бар өнерді айдай әлемге жарқыратып көрсетуді көксеймін. Бірақ, мен бұл жерде құрбандық емеспін. Қайта, әулетімнің арқасында, өзіме-өзім рұқсат бермеген өнерімді қолға ала бастадым.
Сурет салуды кәсіби деңгейде үйрену үшін, алғаш рет 2018 жылы суретшілік курсқа бардым. Кейіннен, Динара Нүгер, Әділғали Баяндин сынды танымал суретшілерден жеке сабақ алып үйрендім.
Тазару. Кенеп. Акрил
– Суреттеріңізге қарап отырып, оларды Кобо Абэнің “Жәшік адамына” ұқсаттым. Яғни, барлығы топ ортасында жалғыздықтан зардап шеккендей. Барлығы мына қоғамнан қорғану үшін бір-бір жәшік киіп отырғандай елестеді маған.
– Иә, картиналарымдағы кейіпкерлерім, қоғамнан қорғанып, жападан жалғыз мұңға батып жүреді. Туындыларымнан бәрінен баз кешу, жалғыздық сезілсе, ол мына өмірде, өзімді шын қуанта алмаған өзімнің өзіме, тағдырыма деген наразылық шеруім шығар. Автордың шығармашылығынан оның көңіл-күйі, тағдыры шет қала алмайды. Әсіресе, бейнелеу өнерінде мұны жасыру мүмкін емес. Бәлкім, өмір өзгерер. Шын қуантар. Іштегі өкініш, мұң-зардан айығармыз. Сонда, шығармаларым да өзгеруі ғажап емес.
– “Әйел өзін әуелі – адам, сосын – адам, ең соңынан ғана – әйел санайды. Жұрттың қателігі – оны, әуелі, әйел санауында” дейсіз. Дейсіз де:
“Әйел деп кемсітпеші,
Адаммын мен,
Жанымның қалауы бұл.
Сондықтан, әйелдіктен биік маған,
Адамға адалдығым”-дейсіз. Сізше әйел затын әйел деп айту кемшілік пе?
– Бұлай деп, тек өзіме ғана қатысты айттым. Дәл солай, өзімді, әуелі – адам, сосын – ана, ең соңынан – әйел санаймын. Бірақ, біздің қоғамда адам екеніңді дәлелдеу – қиынның қиыны. Оны дәлелдеу үшін, әуелі – атақты не биік лауазымды, не болмаса, асқан бай адам болуың керек. Олай болмаған жағдайда, күнделікті күйбең тірліктің өзінде, “сен бар болғаны әйелсің. Орныңды біл” дегенді ұқтыратын жәйттар болып тұрады. Күнің түсе қалса, әлі жасамаған қайырын бұлдап, әйелді пайдаланып кеткісі келіп тұратын ер-азаматтар да көп. Сондайда, адамның тіршілігімен айналысып жүргеніңді көре тұра, оны байқамайды да, орынсыз жерде әйел екеніңді көріп қояды. Егерде, атақ-абыройың дүркіреп тұрса, ондай әйелді ешкім басына алмас еді. Ал, баласы бар әйел арман қуса, бітті! Тіпті, ең жақын деген туыстарыңның өзі, енді сенің дербес адам болуға қақың жоқтығын емеурінмен түсіндергенде, өз “кінәңді” артығымен түсініп, ақталып әбігер боласың. Енді, бұларға адам болуға қақың бар екенін дәлелдеу үшін, міндетті түрде аспанға алқа боп тағылуың керек. Табысқа жете алмасаң: “сен кімсің?”- деген астыртын сұрақтарымен тұқыртып тұрады. Бізде адамдықтың өлшемі ар-ұятпен, жасаған игі істерімен емес, адамның танымалдылығымен, лауазымымен өлшенеді. Атақ лауазымы да, байлығы да жоқ әйелдің жағдайы осы.
Елегізу. Кенеп. Акрил
– “Жас кезімде келін боп бала өсіруді “еркіндігімді шектейді” деп, жек көретінмін. “Әйел миссиясын орындамасам да болады. Адам болсам болғаны” дейтінмін. Сол кезде дұрыс ойлаған екенмін. Соқа басың сопайып жалғыз жүрсең жаның тыныш болатын сияқты”- деп, тағы бір қайырасыз. Неге олай ойладыңыз? Әйелдің (кемсітсем кешірім өтінемін) тұрмысқа шығуы проблемаға алып келе ме? Қазақтың “жол мұраты – жету, қыз мұрату – кету” дейтінімен келіспейсіз бе?
– Келіспеймін деп айта алмаймын. Бұл әйелдің миссиясы ғой. Дегенмен, еркіндікті, оның ішіндегі-рухани еркіндікті жарты бақыт санайтын жандардың қатарына жататыным рас. Бірақ, осы жерде мұндай көзқарас-пікірлерді жұрт алдында айтудың дұрыс еместігін түсініп отырмын. Айта берудің өзі, солай етуге үгіттейтін жарнама боп шығуы мүмкін. Десек те, бұл сөздерді жетіскеннен айтқан жоқпын. Балалы болғалы бері: “мен өзі әлемге өмір әкелдім бе, әлде, өлім әкелдім бе? Перзентіңнің ғұмырлы боларына, кепілдік ете алмасам несіне тудым? Қор өмір сүріп, мезгілсіз ажал құшқан туыстарымның өмірін қайталамасына кепілдік бере алам ба?”- деген сұрақтар маза бермейді. Едіге іштен тұншығып туылып, бастағы нерв талшықтары қысылып қалған екен. Миына дұрыс ауа жетпегендіктен, ұйқы көрмей жылай беретін. Өзімнен-өзім балам аутизм не АСБ (аутизм спектрінің бұзылуы – авт.ескертпесі) ауруына шалдығып қалатындай көрініп, қорқа бердім. Екі жасқа толар шағында, невропатолог дәрігер балама “цифрлық аутизм” деп, диагноз қойды. Бар күдігім расталғандай боп, өмірден түңіліп кеттім. Абырой болғанда, аутист болмай қалдық. Сөйтсек, үшке толмай бұл диагнозды қою асығыстық екен ғой. Дәрігер, солай болудың қаупі барын байқаған екен. “Мүмкін, дер кезінде көңіл бөліп, аурудың бетін қайтарған шығармыз?”- деп те ойлаймын кейде. Қазір бала жақсы. Шүлдірлеп сөйлеп қалды.
Ана болу оңай дейсің бе? Басқаларды қайдам, мен үшін Ана болу суретші, жазушы болудан әлдеқайда маңызды, жауапты әрі өте қиын. Жақсы шығарма жазсаң, оның күн сөнгенше тұрарына үміттене аласың. Сол сияқты, перзентіңніңде мәңгі өмір сүргенін қалайсың. Күндердің-күнінде, баламның ажал құшуы мүмкін-ау, деген ойдың өзінен жынданып кетуге болады. Бұл жағдайда, Анаға ешбір дін де, өлгеннен кейінгі жұмақ та көмектесе алмайды. Ешбір ана ешқашан да күндердің-күнінде баласының ажал құшарын қабылдай алмайды. Ана болу – жазылмайтын жара, емделмейтін ауру. Перзент сүю бақытының өтеуіне, жан тыныштығыңды беріп құн төлейсің.
Кешқұрым. Кенеп. Акрил
– Қылқаламмен қатар қаламды да жаныңызға серік етіпсіз. Біршама әңгімелеріңіз отандық БАҚ беттерінде жарық көріпті. Өлең жазады екенсіз...
– Әлі, бұл үшеуінің ешқайсысын жарқыратып көрсете алған жоқпын. Әсіресе, әңгімелерім бір қайнауы кем, әлі де шикі күйде жарыққа шығып кетті деп ойлаймын. Өкінішті. Жиырма бірінші ғасыр шығармасының шала-жансар, қарабайыр болуға қақысы жоқ еді. Бірақ, соған қарамастан, өзімнің шығармашылық потенциалыма, ақыл парасатыма күмән келтірмеймін. Ал, жаныма қылқалам өнері, поэзия прозаның үшеуі бірдей жақын. Әрқайсысының берер ләззаты да сығып алар азабы да бар. Кейде, әдебиет пен қылқалам өнері мені бір-бірінен қызғанатын секілді. Біріне көңіл бөлсем бірі ренжіп қалатындай. Бейнелеу өнерінің де әдебиеттің де алдында өтелмеген парызым бар. Осыны ескеріп, болашақта әдебиет пен қылқалам өнерін біріктіріп, суретті кітап жазсам деп, армандап жүрмін. Бірақ, комикстар мен графикалық романдар маған ұнамайды. Графикалық романдардағыдай, бұл екеуінің бірін-басыңқы, екіншісін-бағыныңқы етпей, екі өнердің де табиғатын ашып көрсете алатын, әлемде алғашқы боп өзім жасаған өнер туындысы болса екен деп армандаймын! Осы айтылғаны жүзеге асыра алсам – босқа өмір сүрмегенім. Соңғы уақытта, әдебиетті ысырып қойып, бейнелеу өнерінде шеберлігімді шыңдауға көңіл бөлудемін. Осы орайда, қашанда қолдау көрсетіп, жазған әрбір картинама пікірін айтып, алға жетелеп жүрген әйгілі суретші Әділғали Баяндин ағама, шексіз алғысымды білдіргім келеді! Бұл салада, мүсінші Мұрат Сыдықов, суретші Мәжит Бәйтенов ағаларымның да ықылас-пейіліне бөлену бақыты бұйырыпты. Ал, жақсы әдеби шығармалар жазуым үшін шалқар шабыт табуым керек. Бұл шешімін күтіп, кезекте тұрған іс.
Ұмыт қалған. Кенеп. Акрил
– “Бостандық желі” атты әңгімеңізден қоғамға деген қарсылықты байқадым. Бір-біріне қарсы, шарттылықты бұзған заманда кейіпкер құтқарушыны күтетін сынды. Оған аспаннан Иса түсіп, жерден Мәді шығатындай күйде жүреді екен. Оны отбасылық өмірмен байланыстыра суреттепсіз. Қазіргі өмір салты адамдардың балалы болуына кереғар деп ойлайсыз ба? Бұлай дейтінім, әлемде демография проблемасы жиі қозғалып жатыр. Әңгімеңізден де соны байқаған сындымын.
– Солай ойласаңыз да қателеспейсіз. Дегенмен, толықтыра кетуім керек. Әңгіме адам бостандығының қайдан басталып, қай жерде бітетіні дау тудыратын шегарасы жайында. Ермек Тұрсынов ағамыздың: “әр фильм – бір фраза” дегені бар еді. Тек фильм ғана емес, кез-келген салада да жасалған шығармашылық жұмыстың әрқайсысы бір-бір фраза дер едім. Бостандық желіндегі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: “еркіндік-дәрі-дәрмек секілді. Оны орнымен пайдалансаң – ем, асыра пайдалансаң –у”.
– “Елең қылмай келемежін ел-жұрттың,
Ғажайыпқа сеніп келем әлі де.”-депсіз. Атақты Гете: “Бақыттылар ғажайыпқа сенбейді” дейді. Бірақ, қазір керісінше сияқты ма, қалай? Мына ғасырда, осы қоғамда ғажайыпқа сенуге бола ма? Шынымен күлкілі емес пе?
– Иә, бақыттылар ғажайыпқа сенбеген. Осылай деп, өткен шақпен айта берсек те болатын сынды. Мен ғылымда шексіз мүмкіндік барына сенемін. Өлген адамды тірілте алмаса да, түбінде ғылымның өлімді жеңетініне сенемін. Адам өмірін ұзартудың өзі – өлімді жартылай жеңумен тең. “Ғажайыпқа сенемін” дегендегі ғажайыбым осы еді.
Жұлдыз жауған түн. Кенеп. Акрил
– Неге Құдайды ғылымға теңедіңіз? Бұл менің сізбен келіспеймін дегенім емес. Құдайды танығысы келген адам кванттық физиканы оқыса деймін. Сіз құдайды қай ғылыммен сипаттап бере аласыз?
– Құдайдың ғылым екенін кванттық физика жайлы естімей-ақ, кей адамдар логикаға сүйене отырып, баяғыда түсініп алған. Өзім де бұл жазбаны жалғыз логикаға сүйеніп жаздым.
Меніңше, біздің Құдайды тануымызды үш түрге бөліп, сипаттауға болады: Алғашқысында Құдай-жаратушы, яғни, жасап, жан бітірушінің рөлінде. Бұл функцияны ғылым, яғни, адам атқара алады. Ғылым, яки, адам – тек, жансыз заттарды ғана емес, жүрек трансплантологиясы мен жасанды жүрек орнату арқылы жанды да жаратуы мүмкін. Өмірге адам әкелуіміздің өзі жарату ғой. Демек, адам – Жаратушы.
Құдайдың екінші сипаты – оның қасиеттілігі. Құдай – Ар Әділет, Қайырым секілді биік ұғымдардың символына айналып кеткен. Мысалыға, “Құдайына қараған адам”, “Құдайын ұмытпаған адам” дегенде біз, діни парызын өтейтін адамды емес, ар-ұжданы биік адам жайында айтамыз. Бұл жерде де, Құдайға табына тұра, Құдайға тән биік қасиеттерді ұстану тарату, жойып алмау, тікелей адамның қолында екендігін білеміз.
Құдайдың үшінші сипаты – оның адамның тілегін орындау функциясы. Мұнда да, адамның әрекеті мен сенімі болмай, ешбір арман-тілектің орындалуы екіталай. Қанша жалбарынсаң да, арман-тілектер жүзеге асуға потенциалы жеткен кезде ғана орындалады. Ал, жүзеге асуға потенциалы жетпей тұрғанды Құдай да орындап беріп жатқан жоқ!
Дегенмен, Құдайға өзім де жалбарынамын. Құдайдан тілеп жатып, сол тілекті айналып келгенде орындайтын Құдай емес, өзім және басқа адамдар екенін біле тұра, мен жалбарынуды психологиялық сауықтыру шарасы ретінде қолданыламын. Өйткені, адамға бәрібір тірек керек. Жалбарыну дегеніміз-жан-дүниеңді жайландыратын, жақсы бір психологиялық әдіс, медитация. Сенімсіз бұл өмірде күйреп кеткен болар едік. Сонда да, сенімнің еш діни догмалар мен секталарға тәуелді болмай, мейлінше салауатты болғаны абзал.
Дін – ол кезінде, мораль мен заңның қызметін атқарған шығар. Қазіргі сана әллеқашан діннің көйлегіне сыймай қалған. Мұнымен астарлап болса да, діндерді жоюға жоғарыдан үкім шығаруы керек дегенді айта алмай тұрғам жоқ. Адамның өресі артқан сайын, дін өзінен-өзі ескіре береді. Осыдан, он жыл бұрын дін жайлы көзқарас қандай еді? Бүгін қандай? Құдайға теліп қойған функцияларды айналып келгенде атқаратын өзіміз болғандықтан, біз адамдар Құдай емей кімбіз деп ойлаймын, кейде. Әрекет жасап, ғылымды дамытқан сайын, Құдайлық қасиетіміздің шыңдала түсері анық.
Бұл тақырыпты арнайы зерттеген емеспін. Дегенмен, өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, адам мен Құдайдың қарым-қатынасы жайлы ойымды, қарапайым тілмен түсіндіруге тырыстым. Дегенмен, менікі дұрыс деуден аулақпын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Т. Раушанұлы