Мэрилин Монро 60 жыл бұрын дүниеден өтсе де, CR Fashion Book журналының мұқабасындағы заманауи бейнесімен бар әлемді тәнті етті.
Аты аңызға айналған бикеш бейнесінің 3D үлгісін жасау үшін көптеген мұрағаттық фотосуреттер цифрландырылды.
Balenciaga көйлегін киген актриса басқа фотосуреттерде Fendi мен Miu Miu сынды қазіргі заман сәнінде көш бастап тұрған бренд өнімдерін «өлшеп көреді».
Редакторлар осылайша сән мен кинематография иконасы біздің замандасымыз болса, қандай болар еді деген «тым қияли» сұраққа жауап іздейді.
CR Fashion Book China журналының негізін қалаушы француз журналисі Карин Ройтфельд кез келген стилист немесе редактор Мэрилин Монромен жұмыс істеуді армандайтынын атап өтті: «Күн сайын сән және кино индустриясы оның имиджі мен мәдениетке қосқан үлесінен шабыт алады. Біз оның бейнесін сандық форматта болса да, заманауи форматта стилизациялау мүмкіндігі туғаны үшін шексіз ризамыз ».
Мэрилин Монро ешқашан есімі өшпес образ. Жыл сайын оны еске алатындар да, ерекше болмысын қайталауға тырысатындар да табылып жатады. Мысалы жақында ғана Met Gala кешіне Ким Кардашьян актрисаның Джон Кеннедидің туған күніне арнап тіктірген көйлегін киіп шықты.
Ал өткен аптада Netflix Мэрилин туралы «Блондинка» фильмінің алғашқы тизерін ұсынды.