Қазақстанда мемлекеттік қызметтегілердің уақытын тиімді басқару жоспарланып отыр. ҚР Мемлекеттік қызметтер ісі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегілер мемлекеттік қызметкерлердің шай ішіп, шылым шегетін уақытқа кетуін бақылауға алудың мүмкін екенін айтып отыр.
Мемлекеттік қызметтегі заңдарды жүзеге асыруға бағытталған Парламент Сенатының отырысы барысында депутаттар агенттік төрағасының орынбасары Айгүл Шаимовадан ведомстводағылардың мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытын қалай бақылайтынын сұрады.
"Жұмыстан тыс уақытта атқарылатын жұмыс жайлы айтатын болсам. Әрине, мемлекеттік қызметкерлердің көбісінің жұмысын қайта отырып істейтіні барлығына мәлім. Мұндай жағдайлар кездесті. Бірақ мемлекеттік қызметтегілерге қатысты жаңа жүйе енгізілгеннен бері мемлекеттік органдарда уақытты тиімді басқару мәселесі қаралып жатыр, яғни қызметкерлердің жұмыстағы уақытын санап отыру жайлы. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмыста тек компьютер алдында отырып, жұмыс істеуден басқа олардың шылым шегуге, шай ішіп келуге шығатыны белгілі. Сондықтан да олардың жұмыс кезінде кіріп-шыққан уақытын, нақты жұмыс уақыты қанша екенін санап, уақытты тиімді басқара алатындай жүйені енгізу қажет", - деді Шаимова.
Сонымен қатар, Айгүл Шаимова мемлекеттік жоспарлаудағы мәселелерді қайта қарау қажеттігін айтып өтті.
"Бұл да мемлекеттік басқару жүйесіндегі қайта қаралуды талап ететін маңызды мәселе. Бірақ қазіргі уақытта бізде осы мәселеге қатысты қаулылар жіті тексеріліп жатыр. Жұмыстан тыс уақытқа ақша төлеу туралы айтатын болсақ, расында да бұл мақсатта қаражаттар қарастырылмаған. Алайда мемлекеттік органның әрбір басшысы жұмысшысына сәйкесінше жұмыстан тыс уақытта атқарған жұмысына ақша қосып төлеуге құқылы", - деді Мемлекеттік қызметтер ісі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, осыған дейін сенатор Дулат Куставлетов Сағынтаевтан мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс кестесі мәселесін шешуді сұраған болатын. "Уәкілетті органдардың тарапынан заңдардың жүзеге асырылуына қатысты бақылаудың дұрыс жүргізілмеуінен, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы жекелеген басшылардың айтылған сынды дұрыс түсінбеуінен осындай жағдайлар туындап отыр", - деген еді сенатор Дулат Куставлетов.
Сондай-ақ, БҒМ министрі мемлекеттік қызметкерлерді балаларына бару үшін жұмыстан ертерек жіберуді ұсынған болатын. "Ата-аналар үнемі жұмыста болатындықтан олардың балаларын тәрбиелеуге уақыты қалмайды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер де көп. Қазіргі кезде ата-аналар жиналысына келетіндер саны 10-15 пайызды ғана құрайды. Біздің есебіміз бойынша, 11 жылда ата-аналардың 50 пайызы мектепке келмеген", - деді білім және ғылым министрі мәліметтер келтіре отырып.
Дерек көзі: kaz.tengrinews.kz