Кеше Мәскеу ұлттар үйінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті.
Шараға Мәскеуде білім алып жатқан студенттермен қатар осы қаланың қазағына айналған көптеген қандасымыз жиналды. Абай жалғыз қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге таңбасын қалдырған адамзат перзенті болғандықтан, арамыздан өзге ұлт өкілдері де бой көрсетті. Кеш басында дәл осы қонақтарға арнап қазақ халқы туралы деректі фильм көрсетілді. Қазақ ұлтының терең тарихына көз жүгірткеннен кейін ғана дана ақын, дара ақын Абайға арналған кеш басталып кетті.
Алдымен Мәскеу ұлттар үйінің директорының орынбасары Алексей Дрожжин ұжымның атынан барша қазақ халқын атаулы мерекемен құттықтады. Артынан Мәскеу "Қазақ диаспорасы" қорының басшысы Полат Жамалов сөз алып, бұл әдеби-сазды кештің маңыздылығын атап өтті.
Жастайынан Абай жырларынан нәр алып өскен қара қазақ балалары бүгінгі мереке қарсаңында барын салды. Өнерлі жастар ақын шығармашылығын сағынған қалың жұрттың айзын бір қандырды. Өзге қалада білім алып жатқан шығармашыл жастар, қонақтарға естен кетпес тамаша көңіл күй сыйлай білді. Қазақ жастарымен қатар орыс ұлтының ұл-қыздары да Абай өлеңдерін жатқа оқыды.
Бір сөзбен айтқанда, әдеби сазды-кеш өз дәрежесінде өтті. Ақынның өмірі туралы деректі фильм көрсетілгенде, көпшілік сонау Абай заманына бір саяхат жасап келгендей әсер алды. Қара өлеңдері оқылғанда бір мұңайып, бір қуанып сиқырлы поэзия әлеміне еніп кетті. "Әнді сүйсең менше сүй" деген дана Абайдың әндері орындалғанда, әдемі әуез ырғағымен бірге тербетіліп, кейбіреулері тіпті ыңылдап ішінен қосылып отырды.
Ән демекші, сахнаға 70-80-жылдардағы танымал болған "Үш Татьяна" триосының мүшесі, Кеңес одағының еңбек сіңірген әртісі Татьяна Палтавская шыққанда қонақтар шын қуанды. Атақты әнші осыдан 20 жыл бұрын Абайдың 150 жылдығына арналған үлкен кеште Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева сынды қазақтың нар тұлғаларымен бір сахнада ән айтқанын мақтанышпен еске алды. Тіпті өзімен бірге бір топ естелік суреттерін де ала келіпті.
Күміс көмей Татьяна ән айтуға асықпады. Алдымен халықтан көз алдарына шөбі тізеден асатын көк жайлауды, теріскейге қаз қатар тізілген қарағайларды, сылдырап аққан өзенді, бір сөзбен айтқанда Абай топырағынан нәр алған қазақ жерінің табиғатын елестетуді сұрады. Осыдан кейін барып қана қатарынан екі ән орындады. Өзінің айтуынша Абайдың шығармашылығын толықтай ұғыну үшін, дана ақын аунаған қазақ топырағын елестету керек дейді.
Небары бір жарым сағатқа созылған әдеби кеш бір жарым ғасыр бұрын өмір сүрген дана Абайдың өмірі мен шығармашылығын толықтай қамтыды. Кеш соңында қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.
Мұны қуана қабылдаған Мәскеу "Қазақ диаспорасы" қорының басшысы Полат Жамалов келесі жылдан бастап "Абай оқуларын" жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұратындарын айтты. Көпшілііктің көңілінде мәңгілікке қалатындай болды.
Сөз соңында ескерте кеткеніміз жөн болар, бұл кешті Мәскеу "Қазақ диаспорасы" қоры мен Ресейдегі Қазақстан cтуденттері бірлестігі бірлесе отыра ұйымдастырды.
Қызықты суреттер...
Мәскеу ұлттар үйі