- Негізгі бет
- Мәдениет
- "Махаббат ұлтқа қарамайды"....
"Махаббат ұлтқа қарамайды". Басқа ұлт өкілдерімен шаңырақ көтерген жұлдыздар
Махаббат жасқа қарамайды. Сондай-ақ, махаббат ұлтқа да қарамайды. Оны отандық жұлдыздар дәлелдеп жүр. Басқа ұлт өкілдерімен шаңырақ көтерген қазақ жұлдыздарын ұсынамыз.
Бүркіт
Бүркіт пен Аиша — көпшіліктің сүйікті әншілеріне айналған жұлдызды отбасы. Ел арасында Аишаның ұлтына қатысты сұрақ жиі кездеседі. Бүркіт бір сұхбатында Аишаның қанында өзбек, орыс және хакас ұлттары бар екенін айтқан болатын. Аиша — Қарағандының қызы. Қазір Бүркіт пен Аишаның 3 баласы бар.
Аиша Comode басылымына берген сұхбатында Бүркіттің ата-анасы қазақ қызды келін етіп түсіргісі келгендерін жасырмай айтты.
«Күйеуімнің ата-анасы данагөй кісілер. Шынымды айтсам, олармен танысатын кезде қорықтым. Ұнамайтын шығармын деп ойладым. Бүркіттің әкесі өте қатал әрі әділетті адам, өзі полковник. Ал анасы — ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Анасы да, әкесі де мені жақсы қабылдады. Бірақ әкесі кейде қатал дауыспен сөйлегенде жылап қалатынмын. Әскери адам болғандықтан ол үшін қалыпты нәрсе, ал мен үшін жоқ. Өзім жылауықпын. Жасыратыны жоқ, ұлдарының қазақ қызына үйленгенін қалады. Бірақ уақыт өте келе бәріміз де ұлттың маңызды емес екенін түсіндік», – деді Аиша.
Сейфуллин Жолбарыс
Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әншілердің бірі — Сейфуллин Жолбарыс. Ол өзіне Екатерина Лилуя есімді орыс қызын жар етіп алды. Олар он бес жыл бұрын үйленді. Олардың екі қызы бар. Екатерина өзге ұлт өкілі болғанымен, қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді. Екатерина Сейфуллиннен 14 жас кіші.
Сейфуллин Жолбарыс "Астарлы ақиқат" бағдарламасына әйелін қалай кездестіргенін айтты:
"Қазақ тілінен жарыс болды. Басқа ұлттың адамдары қазақ тілінен жарысады. Катяның қатысатын бағдарламасына мені қинап, көрермен етіп отырғызып қойған. Бұл - ойыншы. Сол жерде кәдімгідей жарысып жатыр. Қазақша сайрайды. Қалай енді? Сындық қой. Ол кезде менің продюсерлік орталығым бар болған", - деді әнші.
Мұрат Мұтырғанов
Цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов 2014 жылы ұлты орыс Алеся есімді арумен шаңырақ көтерді. Ол Sputnik.kz сайтына берген сұхбатында әйелі оған қарағанда қазақы екенін айтты.
«Мен – қазақпын. Ал әйелім Алеся – орыс ұлтынан. Алайда оның қазақылығы менен басым сияқты. Ол салт-дәстүрді біледі, қазақ тілін де менен жақсы меңгерген. Сонымен қатар етті дәмді етіп әзірлейді», – дейді Мұрат Мұтырғанов.
Олардың Майкл есімді ұлы мен А’Лаэль есімді қызы бар.
Жандос Айбасов
Атақты актер және каскадер Жандос Айбасов ұлты орыс Марина Карпыковаға үйленді. Олар үйленгенге дейін 5 жыл кездескен. Марина арт-директор және фотограф болып жұмыс істейді. Актер отбасылық өмірін жұртқа жария еткісі келмейді.
Мақпал Исабекова
Мақпал Исабекова былтыр тұрмысқа шықты. Алайда оның таңдауы кімге түскені ұзаққа дейін белгісіз еді. Мақпал өз сүйіктісі танымал тұлға емес екенін және әлеуметтік желіде көзге түскенді қаламайтынын жиі айтады. Сондай-ақ әнші басқалардың ұлттық ерекшеліктеріне қарайтын адамдарды түсінбейтінін айтты.
"Менің ата-анам екі түрлі ұлт өкілінен, әкем – қазақ, анам – ұйғыр. Мен екі ұлттың қызымын және ол үшін еш ұялмаймын, керісінше, бұл факті мен үшін мақтаныш қана бола алады. Басқалардың ұлттық ерекшеліктеріне қарайтын адамдарды ешқашан түсінбегенмін, түсінбеймін де. Барлығымыз бір Жерде тұрамыз, бөлісетін ештеңе жоқ. Теріміздің астында қызыл қан, ал баршамыздың жүректеріміз бірдей сүйеді және ауырады. Мен тамырында көп түрлі ұлттың қаны араласқан адамды сүйіп қалдым. Оның көзінің қиығын емес, жанын сүйіп қалдым. Шынымды айтсам, өмірімде маған қараған ең әдемі көздер осы. Махаббатпен қарайды және мен үшін маңыздысы сол", – деп жазба қалдырды Мақпал Instagram-дағы парақшасында.
Мақпал бірде күйеуінің ұлты еврей екенін де айтты. Атақты әншінің Теодор есімді ұлы бар.
А. Жапатова