1986 жылы бүкіл Кеңес Одағына итальялық мафиялар жайлы Спрут сериалының екінші маусымы көрсетіле бастады. Осы сериалды алғаш көрген Мәскеу мемлекеттік университетіндегі психология факультетінің студенті Дмитрий Давыдов бұл кинодан ерекше әсер алды. Соның нәтижесінде, ертеңгі күні психологиялық және детективтік шытырман сюжеті бар мафия деп аталатын жаңа ойын пайда болды. Бұл ойынды ең алғаш Мәскеу мемлекеттік университетінің жатақханаларындағы барлық студенттер жарыса ойнады. Уақыт өте келе, ойын Одаққа тарап, жатақханадағылардың ермегіне айналды. Осылайша, қалың қауымның арасында танымалдығы арта берген мафиа ойыны КСРО-дан асып Венгрияға, Италия мен Францияға, Ұлыбритания және Америкаға жетті. Ойынның бұл түрі бір көрген адамды бірден елітіп әкетеді және ойнау ережелері оңай. Ойын процесінің қызықты өтуі жүргізушіге байланысты. Барлық ережелерді таныстырып жатудың қажеті болмас, себебі біздің жастардың арасында да мафия танымалдылыққа ие. 1990 жылы Литвада Мафияға қарсы Парламент атты телевизиялық бағдарлама жарық көрді. Бұл жоба дәл сол мафия ойынының желісі бойынша жүзеге асты. 2004 жылға дейін жалғасқан бағдарлама арқылы Мафиа ойынының танымалдылығы телеэкрандар арқылы әлемге тарады. About.com порталының пікірі бойынша, Мафия тарихи және мәдени мәні бар әлемдегі 50 ойының бірі. Дәл осы ойынмен деңгейлес ойындардың қатары мыналар: Монополия, Warhammer, Dungeons and Dragons және Үстел футболы. Қазіргі уақытта, көптеген көңіл көтеру орталықтарында мафия ойынына арналған жеке бөлме және үстел дайындалады. Адам саны көп болған сайын ойын процесінің де қызықты өту ықтималдылығы басым. Бұл жай ғана ойын емес, қырағы, сезгіш болуға, адамның мінез-құлқын тануға, сезім мен сананы тепе-тең ұстауға, ой-пікірді дәлелдеп, тайқып кетпей, өз көзқарасыңда қалуға үйрететін ерекше ойын түрі. Массагет ұжымы да бұл ойынды жұмыс уақытынан тыс бас қосу кезінде жиі ойнап тұрады. Сілтемеге басып, біздің ұжымның 3 жылдық мерейтойда оқырмандармен бірге ойнаған мафия ойынын арнайы фоторепортаждан көре аласыз.