Смартфон, планшет, iPod ... Әлемді жайлаған жаһанданудың ғаламат жетістіктері күнделікті өміріміздің бөлінбес бөлшектеріне айналып жатыр. Тіпті санамыз бен сезімімізді өз уысына ұстауға тырысып бағуын айналамызға зер сала қарасақ, жоққа шығармайтынымыз рас. Десе де, адам баласының ой күшімен жеткен білім қазынасын кейінгіге жеткізіп, осылайша, ежелден бергі саналы ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі болып отырған асыл досы ‒ кітап қазірде де өз құнын жоғалтпақ емес.
Терең де жан-жақты білімге ие тұлға болу ‒ бүгінгі заманның басты талабы. Ағылшынның кемеңгер саясаткері Уинстон Черчилл айтып өткеніндей, «Ақпаратпен қаруланған адам әлемді билейді» («He who owns the information, owns the world»).
Біздің компьютерлендірілген заманымызда жаңашыл жастар үшін ақпаратты алудың бірнеше жолдары бар болғанымен, толық білімнің қайнар көзі ‒ қасиетті кітап қана. Себебі кітаптың жөні әрқашан да бөлек, жолы дара, тұғыры биік. Оның көппен мойындалған дәлелдері ретінде жастарымыздың қоғамдық көліктерден бастап көпшілік жиналатын саябақ, алаңдарда кітаптан бас алмай, оқиға желісінің қызығына беріле оқуы, бағалы сыйлық ретінде жағымды әсер алған кітаптарды таңдауы, кітап дүкендерінде «бестселлер» деген айдармен, әртүрлі жанрдағы қатары тізіліп тұрған кітаптардың жылдам өтімділігі, жылдан жылға әлеуметтік желі қолданушыларының оқыған кітаптары бойынша жазба/видео форматтағы рецензияларымен бөлісуі, тіпті алдағы уақытта жарыққа шықпақшы шығармаларға бейне-жарнамалардың пайда болуын, т.б. айтып өтуге болады.
Аталған көңіл қуантар жайттарды ескеріп, кітап беттерін ақтаруға асығатын жас өрендердің санын одан әрі еселеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерін кітап оқуға тарту, «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасын насихаттау, мемлекетіміздің «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолдау мақсатында филология және әлем тілдері факультетінің жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д, профессор Мадиева Г.Б, ф.ғ.д, профессор Ибраева Ж.К игі бастамасымен өткен жылдың 5 желтоқсанында «Лингвистика» мамандығының 1-курс магистранттарының ұйымдастыруымен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Кітап оқу ‒ сәнді», «Читать книги ‒ это модно», «Reading books is trendy» атты науқан өз жұмысын бастап кетті. Науқанның ашылу салтанаты факультетіміздің «Екі шет тілі» мамандығының 1-курс студенттерінің қатысуымен арнайы бағдарлама бойынша ақпараттық-танымдық сипатта өтті.
Арнайы бағдарлама реті бойынша, ең алдымен, магистранттар еліміздің әрбір үшінші студенті оқитын Алматы қаласының оқырман жастарының түрлі қоғамдық орында кітап оқып отырған фото суреттерімен, отандық және шетелдік студенттер мен оқытушылардың «Кітап оқу сәнді ме?» деген сұраққа қайтарған жауап, пікірлерімен таныстырып, кітап шығару ісі саласындағы «буктрейлер», «буккроссинг» үрдістерін талдап түсіндіріп, студенттердің әрі ғылыми, әрі көркем шығармалармен жұмыс істеудің тиімді жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, студенттердің «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасында ұсынылатын қазақ және әлем әдебиеті жауһарларының мазмұнын меңгеру дәрежесін анықтау үшін алдын ала дайындалған викториналық сұрақтар қойылып, университет ауқымында шәкірттердің бір-бірімен кітап алмасу дәстүрінің жалғастық табуын көздеп, әр студентке тегін кітаптар таратылды.
Студенттер ашылу салтанатының соңында «кітап әлемі» жайлы тың мағлұматтармен танысып, кітап оқуға деген құлшыныстарының арта түскенін атап өтсе, «Кітап оқу ‒ сәнді» акциясының пайда болуы идеясының авторлары кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д, профессор Мадиева Г.Б, ф.ғ.д, профессор Ибраева Ж.К қолға алған бастаманың еліміздің барлық кітап құмар оқырман жастарының басын біріктіретін ауқымы кең жобаға айналатынына сенім артатындықтарын білдірді.
Ф.ғ.д, профессор Ибраева Ж.К,
«Лингвистика» мамандығының
1-курс магистранты Қордабай Бақыт