- Негізгі бет
- Мәдениет
- ҚР Ұлттық мұражайы...
ҚР Ұлттық мұражайы петербургтық суретшілердің туындыларымен толықты
23 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында орыс суретшілері Латиф Казбеков пен Алексей Талащуктің «Біз біргеміз» көрмесінің жабылуы аясында дөңгелек үстел өтті.
Шара ҚР Ұлттық мұражайы басшылығы мен қызметкерлерінің, Қазақстандағы Ресей Федерациясы Елшілігінің кеңесшілері Валентина Лысенко мен Виктор Нефедовтың, «Kaspi bank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Кимнің, «Петербургтың еркін суретшілері» жобасының жетекшісі Юрий Саулидидің, Қазақстан суретшілер одағының мүшелері Ахметжан Қалиолла, Армат Бектасов және Сембіғали Смағұловтардың және Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Тоқтар Ермековтың, өнер зертеушісі, Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің заманауи шетелдік өнер орталығының жетекшісі Елизавета Кимнің қатысуымен өтті.
Кездесуге қатысушылар Петербург суретшілерінің бейнелеу өнерін Қазақстанда және қазақстандық суретшілердің туындыларын Санкт-Петербургте «Петербургтың еркін суретшілері» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып көпшілікке тарату мәселелерін талқылады.
Юрий САУЛИДИ: «Қазақстанда бүгінгі таңда болып жатқан оқиғаларға қуану керек. Біз мұражай басшылығының арқасында енді ынтымақтастық жөнінде жоспарлар құра аламыз. Бұл көрме - алғашқы қарлығаш, біз Қазақстанға көптеген атақты петебургтық заманауи суретшілердің көрмелерін әкелуді жоспарлап отырмыз, әрі қазақстандық суретшілерді өзімізде көрсетуді ойлап отырмыз. Бір-екі жыл өткен соң бұл мұражайға әлемнің ең мықты суретшілері көрмелерін өткізуге ұмтылады. Көрме екі суретшінің туындыларын біріктіргені үшін ғана «Біз біргеміз» деп аталмайды, ол сонымен қатар біздің Қазақстанмен бірге болғандығымыздан, біздің дос әрі көрші болғандығымыздан осылай аталады. Осы жерде біз сіздердің қолдауларыңызды сезінеміз», - деді.
«Петербургтың еркін суретшілері» қоғамдық бірлестігі өзінің алдына Петербургтың академиялық көркем сурет мектебінің керемет дәстүрлері негізінде жұмыс жасайтын суретшілердің және шығармалары 70-80 жылдары социалистік реализмнің ресми мәдениет саясатымен келіспеген алпысыншы жылдардың суретшілерінің туындыларын сақтауды және көпшілікке таратуды мақсат етіп қойған. Алпысыншы жылдардың суретшілері өз туындыларын академиялық көркем сурет негізіне сүйеніп жасады. Оларды ресми өнер көбінесе қабылдамады, сондықтан олар көрмелерге қойылмады және көпшілік қауымға танымал болған жоқ.
ҚР Ұлттық мұражайы «Петербуртың еркін суретшілерінің» жобасын қолдайды және келешекте екі мемлекет арасында бірыңғай мәдени кеңістік жасау және дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырады.
Дөңгелек үстел аяқталған кезде суретшілер ҚР Ұлттық мұражайына осы көрмеге қатысқан өздерінің бірнеше суреттерін сыйға тартты. Л. Казбеков «Қарқынды» деген туындысын сыйласа, «Берік» деген белгілі картинасын «Kaspi bank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мұражайға сыйға тартты. Кәсіпкердің бұл меценаттық сыйы бір реттік шара емес. Ол өзінің ҚР Ұлттық мұражайы қорының жыл сайын өнер туындыларымен толығып тұруына ат салысатынын жеткізді.
ҚР Ұлттық мұражайы Алексей Талащуктен «Қайықшы» картинасын алды. Ал, суретшінің өзі мұражайға «Алтын балықтың өбуі», «Терезе алдында» картиналарын сыйға тартты.
Сурет: Мұражай баспасөз қызметі
Ф. Абилова