Комиксті кім қалай көрді?

Комиксті кім қалай көрді?
Фото: marvel.com

Комикс мәдениеті туралы өткен жазбамызда ақпарат берген болатынбыз. Басқа мәдениеттен өзгеше бұл өнердің әр дәуірі – өз алдына бір-бір тарих.

Әр оқиғаның басты кейіпкерлері өмірдің соқпағын көп көріп, түңілген шақта не айналасындағы достарынан айрылып, сүйгенінен көз жазып қалғанда, тіпті, өлім аузында жатқанда аяқ астынан ерекше күшке ие болады. Сценарий авторлары бұл идеямен көп нәрсе айтқысы келеді. Әр жақсының артында бір жақсының күтетінін алға тартып, өмірден баз кешіп кетудің артық екенін түсіндіреді. Мысалы, ғылым жолын қуған жетім бала Питер Паркерді абайсызда өрмекші шағып, бір түнде ерекше қабілетке ие болады. Ал отбасымен ажырасқан, жұмысынан да айрылған Скотт Лэнг есімді инженер ойламаған жерден қаһарман атанады. Міне көп сюжеттің негізі – мойымау, өмірге сену.

Жағымсыз образдардың сценарий арасынан көрініс табуының бірнеше себебі бар. Бірінші себебі, басты қаһармандардың ерлігін көрсетіп, олардың ерекшеліктерін арттыру. Екінші себебі, өмірде жауыздардың барын ескерту, олармен күресіп, ақтың қараны жеңуін күту.

«Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның» демекші әр дәуірде әртүрлі идеямен жарыққа шыққан комисктердің ерекшелігі қандай болды екен? Мұны білу үшін қаһармандық комикстің әр дәуірінің өкілдерінен сұрап көрелік.

Өкіншке орай комикстің алтын, күміс дәуірін көрген былай тұрсын, көре алған адам табылмады. АҚШ-та ғана дамып кеткен бұл өнер біздің мәдениетке ене қоймаған еді. Ол – бір. Бұл кезеңнің елдегі қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келгені екінші себептің қатарына жазылып отыр. 

Мәдениет, 33 жаста:
Біздің кезімізде комикс дегендер қазіргідей қызыл-жасыл түсті болмайтын. Бірыңғай ақ-қара. Қызықты оқиғаларды қиық-қиық суреттерге сыйдыратын. «Өрмекші адам», «Бэтмен» деген образдар өзгеше. Ал фильмдегі көріністері қазіргеге мүлдем ұқсамайтын. Спецификасы өте нашар болатын. Бірақ сол кездері біз үшін ғажайыптай көрінетін. Қазіргі жастар бұрынғы комикс филмьдерді көрсе, жалығатыны сөзсіз.

Еркебұлан, 25 жаста:
Шетелдік комикстерді өз басым қолдамаймын. Қазіргі таңда қаhармандық комикстерге сұраныс өте көп, жастардың санасын қара бояуға толы шетелдік суреттермен уламай, отандық өнім шығарған дұрыс деп ойлаймын. Әр комикстің өзіндік идеясы бар, оны көрермен ала білсе, ұжымның мақсатқа жеткендігі, ал тек атыс-шабыс үшін көру қателік деп есептеймін. Егер шетелдік киноиндустриямен бірігіп, менталитетке сай комикс түсірсек құба-құп.

Темірлан, 22 жас:
Бала кезімде «Өрмекші адамды» теледидардан көретінмін. Кейін сөмкесін ұстау сәнге айналған еді. Қаһармандардың суреті бар киімдерді достарымызбен жарыса киетінбіз. Жалпы, комикстер қаһармандыққа, елін жерін сүюге тәрбиелейді. Өз басым оның бір кемшілігін байқаймын: қазіргі жасөспірімдер ойдан шығарылған нәрседен елін қорғауды емес, олардың образдарын өздеріне лайықтап алуды ойлайды. Қиялына кері әсер ете ме деп ойлаймын.

Толғанай, 17 жаста
Жалпы бала кезімізден «Супермен», «Бэтмен», «Өрмекші адамды» көріп өстік қой. Осы кейіпкерлер біз үшін расымен, қаһарман болып есептелетін. Ойнағанда да сол рөлге таласатынбыз. Себебі, бұл комикстердің айналып келгенде мақсаты бір: адамдарға жәрдем беру, құтқару. Ал киноларын көрген емеспін. Бірақ, қызығушылығым артып жүр.

Г. Берік